Сіз Tatler-дің сұлулыққа арналған арнайы қосымшасын алғашқылардың бірі болып қолға алып отырсыз. Осыдан 13 жыл бұрын сұлулық әлемі жайлы алғашқы мақаламды жазғанда қандай сезімде болсам, қазір де дәл сондай қобалжу мен мақтаныш сезімін бастан кешіп отырмын десем, артық айтқандық болмас. Өйткені қай қырынан алып қарасақ та, мен – ең алдымен сұлулық саласының журналисімін.
Сұлулық индустриясы – менің кәсіби мекенім, үлкен махаббатым және өзімді тұлға ретінде табуыма сеп болған салалардың бірі. Сондықтан сұлулыққа арналған жеке қосымшаның жарыққа шығуы – тек уақыт мәселесі ғана еді. Бұл саланың ауқымы кең, даму қарқыны өте жоғары, сондықтан оны назардан тыс қалдыру мүмкін емес.
Бір қызығы, біз бұрын сұлулықты тек сыртқы келбеттің көрінісі деп қабылдайтынбыз. Ал бүгінде «beauty» ұғымы wellness, денсаулық, сапалы ұйқы, сана тазалығы, спорт және рухани тепе-теңдікпен тығыз астасып жатыр.

Көптеген ұғым мен құбылыстың мағынасы әлдеқашан өзгерді. Қазір гормондар жайлы айтпай, терінің сұлулығы туралы сөз қозғау мүмкін емес. Эмоционалды қажу (выгорание) мәселесін талқыламай, креативтілік жайлы айта алмаймыз. Ұйқы мен күйзелісті ретке келтірмей тұрып, салауатты өмір салтын насихаттау бекер. Бұрын жабық есік артында сыбырлап қана айтылатын менопауза, тамақтанудың бұзылуы, арықтау, либидо тақырыптары қазір сұлулық туралы әңгіменің өзегіне айналды. Бұның дұрыс екені даусыз. Себебі денсаулық, wellness және сұлулық – енді бір-бірінен ажырағысыз, тұтас ұғымдар.
Біз алғашқы санымызда индустрияның негізгі бағыттарын қамтып, косметология, хирургия, гинекология, нутрициология және басқа да маңызды салаларды талқыға саламыз. Осы 72 беттік арнайы шығарылым сіз үшін шынымен пайдалы әрі қызықты болады деп сенемін.
