Special|Tatler Beauty & Health

Семаглутид дәуірі

Автор Татьяна Олейник
21.11.2025
Getty Images
IMAGE Getty Images
Бұл – медицинадағы төңкеріс. Жаңа препарат адамзаттың болмысын өзгертпесе де, сырт келбетін түбегейлі өзгерткені анық

Ғылым мен техниканың дамуында тепе-теңдік жоқ десе болғандай: адам баласы ғарышты бағындырып, болашақ ұрпақтың генін жобалауды үйренгенімен, қарапайым артық салмақпен күресте әлі де дәрменсіз. Жер бетіндегі семіздіктен зардап шегетін жандардың көптігін ескерсек, бұл ақылға сыймайтын жағдай. The Lancet журналының дерегінше, 2022 жылы әлемде бір миллиардтан астам адам, яғни жер тұрғындарының сегізден бірі артық салмақтан зардап шегуде. Бірақ енді бұл «мәңгілік мәселе» шешімін тапқан сыңайлы. Семаглутидтің пайда болуы артық салмақ мәселесіне біржолата нүкте қойды деуге болады. Толық немесе арық болу – енді тұқым қуалаушылыққа, әдетке немесе ерік-жігерге емес, адамның өз таңдауына байланысты болмақ.

Медициналық сенсация

Соңғы жылдары ақпарат құралдарында семаглутид жайлы жазбаған журнал кемде-кем. Әлеуметтік желілерде де бұл препарат пен оның әсері қызу талқылауда. Әрине, дауласушылар да аз емес. Егер бүгін сіз кенеттен көзге көрінетіндей арықтап, тәттіден үзілді-кесілді бас тартсаңыз, бұл жаңалық кез келген думанды отырыстың қызу әңгімесіне айналуы мүмкін. Арықтататын инелер – қазіргі кештердің сүйікті тақырыбы.

Семаглутид – ГПП-1 (глюкагон тәрізді пептид-1) тобына жататын зат. Бастапқыда қант диабетін емдеуге арналған бұл препараттың кейіннен тәбет пен салмаққа күшті әсер ететіні анықталды. Сондықтан бүгінде ол артық салмақпен күрестің негізгі құралына айналды. Оның жұмыс істеу принципі табиғи гормонға ұқсас: қандағы қант көбейгенде инсулин бөлуді арттырады және мидағы аштық пен тою орталықтарына сигнал беріп, әсіресе майлы, тәтті тағамға деген құмарлықты басады. Оған қоса, ас қорытуды бәсеңдетіп, адамды ұзақ уақыт тоқ жүргендей сезімде қалдырады.

Семаглутидтің осындай ғажайып әсері оны нарықты дүр сілкіндірген тауарға айналдырды. Енді артық салмақтан арылу үшін қиналудың қажеті жоқ. Семіздік індеті жайлаған әлемде семаглутид жұрттың көптен күткен үмітін ақтап, «жан дауасына» айналды. Сұраныстың жоғары болғаны сонша, 2023 жылы препараттың отаны – Данияда ұлттық валюта күшейіп, экономикалық көрсеткіштер өзгерді. Қазір бұл дәрі «Семавик» секілді бірнеше атаумен сатылымда жүр.

Қоғамдағы өзгеріс

Негізгі сатып алушылар қатарында диабетиктерден гөрі, салмақ тастағысы келетіндер басым. Оның ішінде, әсіресе, семіздікке шалдыққандар көп. Препаратты тұтынушының жиынтық портреті мынадай: артық салмағы бар, дәрігермен кеңесіп, жарты жылдан бір жылға дейін тұрақты түрде инъекция қабылдауға дайын, мақсаты айқын адам.

Бұл жаңалық фармакология нарығын ғана емес, сән, мейрамхана және сұлулық индустриясын да түбегейлі өзгертті. Сән әлемінде кіші өлшемді киімдерге сұраныс артып, «үлкен өлшемді» киімдер сөреде қала бастады. Бірнеше жыл бұрын ғана брендтер «плюс-сайз» модельдерді жарыса жарнамалап, бодипозитивті ту еткен болса, қазір бұл үрдіс біртіндеп келмеске кетіп барады.

Семаглутид қабылдаған адамның тәбеті төмендеп, тамаққа қызығушылығы азаяды. Олар әдеттегіден екі-үш есе аз жейді және бұл аз порциямен тамақтану дағдысы курс біткен соң да сақталып қалады. Мұны мейрамхана бизнесі де сезінуде: қазір қонақтар салат, негізгі тағам және десертті қатар алғаннан гөрі, құрамында ақуызы мен көкөнісі бар жеңіл тағамдарды құп көреді. Тәбетпен бірге ішімдікке деген құмарлық та бәсеңдеді. Кешкі астағы бір бокал шарап қазірде сирек көрініс.

Салмақтың күрт төмендеуі сырт келбетте ізін қалдырмай қоймайды: тері босап, бет пішіні өзгеріп, әжім пайда болады. Соңғы кездері осы мәселелермен күресуге арналған косметологиялық процедураларға сұраныс артты. Спортзалға бармай-ақ арықтау мүмкіндігі жаттығуға деген ынтаны жойған жоқ, керісінше, салмақ тастағандар денесін шымыр етуге ұмтылуда. Алайда жаттығудың бағыты өзгерді: қазір майды кетіруге емес, бұлшықет өсіріп, денені икемді етуге бағытталған жаттығулар трендте.

Толықтық пен арықтық енді тағдырдың жазмышы емес, әр адамның өз таңдауы...

Препараттар семіздіктің басты «қозғаушы күшін» – тамақтану тәртібін бақылауда ұстауға көмектеседі | Ашық дереккөздер
IMAGE Препараттар семіздіктің басты «қозғаушы күшін» – тамақтану тәртібін бақылауда ұстауға көмектеседі | Ашық дереккөздер

Сын мен шындық

Миллиондаған адамның өміріне әсер еткен кез келген жаңалықтың сынға ұшырауы заңдылық. Арықтататын инелерге қатысты пікірлерді екіге бөлуге болады: медициналық және әлеуметтік. Медициналық тұрғыда семаглутид өз тиімділігін дәлелдеді. Жанама әсерлері болғанымен, ағза үйренген соң олар басылады.

Ал қоғамдық пікірдің «айғайы» қаттырақ. Осы жолмен арықтағандарды жұрт «жалқау», «оңай олжа іздегендер» деп кінәлайды. Бұл сында екіжүзділік басым: қоғам санасында «қиналмай келген жеңіс – жеңіс емес» деген қасаң қағида бар сияқты. Соның кесірінен семаглутидпен арықтағандардың көбі мұны жасырып, нәтижесін «дұрыс тамақтану мен қажырлы еңбектің жемісі» деп көрсетуге мәжбүр.

Десе де, инъекция қолданушылар мұны «оңай жол» деушілермен келіспейді. Ине салу – салауатты өмір салтын алмастыра алмайды. Курс барысында дұрыс тамақтану, қозғалыс және ұйқы режимін сақтау – бұлжымас шарт. Препарат тек тәбетті тежеп, талғамды өзгерту арқылы осы тәртіпке бейімделуге көмектеседі. Егер адам өз әдеттерін түбегейлі өзгертпей, ретсіз тамақтана берсе, дәріні тоқтатқан сәтте салмақ қайта оралады, тіпті еселеніп қайтуы ғажап емес.

Семіздік – созылмалы дерт, ал дәрі-дәрмек аурудың басты себебі – бақылаусыз тәбетті ауыздықтауға мүмкіндік береді. Егер дәріні күрт тоқтатсаңыз, жоғары тәбет қайтып келеді де, ағза жоғалтқанын қайтаруға тырысады.

Препаратпен арықтау оңай болғанымен, нәтижені ұстап тұру екінің бірінің қолынан келмейді. Семаглутидтің артықшылығы – ол ұзақ уақыт қолдануға мақұлданған және адамға салмағын бірқалыпты ұстауға көмектеседі. Дәрігерлер семіздікке шалдыққандар үшін оны өмір бойы қолдануды да жоққа шығармайды. Себебі бұл дәрі науқастарға өз денесін бақылауда ұстап, сапалы өмір сүруге мүмкіндік береді. Бұл – еркіндіктің жаңа деңгейі. Мейлі, сол еркіндіктің құны дәріхана кассасында төленсе де.