Special|Tatler Beauty & Health

Орторексия: тамақтану бұзылысы салауатты өмір салтының пердесін қалай жамылды?

Автор Айгерим Райымкулова
24.11.2025
Getty Images
IMAGE Getty Images
Дұрыс тамақтануға деген құштарлықтың қауіпті әуестікке айналғанын қалай білуге болады?

Жақында құрбыммен бас қосқан едік. Әңгімеміз еріксіз ортақ танысымыздың таңғаларлық өзгерісіне ауысты. Ол көз алдымызда құлпырып, мүсіні келіскен сұлуға айналып шыға келіпті. Сөйтсек, бұл «ғажайыптың» сыры заманауи трендтердің қойнауында жатыр екен: ол спорт пен диетаны ысырып қойып, сұлулыққа «Оземпик» инелері мен пластикалық хирургияның күшімен қол жеткізіпті. Ең қызығы, ол бұл препаратты медициналық қажеттілік үшін емес, кездейсоқ артық жеп қойған тамағын «жуып-шаю» үшін, өзіндік «өшіргіш» құрал ретінде қолданады екен. Осы оқиға маған 90-жылдардағы Кейт Мосс бастаған «героин сәні» (heroin chic) дәуірін еріксіз еске салды. Айырмашылығы сол, бүгінде есірткі мен думанды кештердің орнын медициналық препараттар басқан.

Адамдармен жұмыс істей жүріп түйгенім: «Оземпик» пен Mounjaro-ға деген жаппай сұраныс – жай ғана сән емес, бұл жаһандық шаршаудың белгісі. Көпшілік «дұрыс тамақтану» культінен және сөрелердегі шексіз тағамдық қоспалардан (БАД) әбден мезі болды. Өйткені бұл жол темірдей тәртіп пен қыруар қаржыны талап еткенімен, денсаулық сыйлаудың орнына, адамды өзін толыққанды емес сезінуге және өз-өзін үнемі кінәлауға итермелейді.

Бір қарағанда, «Оземпик» пен салауатты өмір салты бір-біріне кереғар дүние сияқты көрінуі мүмкін. Алайда тереңірек үңілсек, арықтататын инеге жүгінетіндер мен дұрыс тамақтанудың фанаттары – түптеп келгенде бір дерттің құрбандары. Ғылымда бұл мәселенің жалпы атауы – «тамақтану тәртібінің бұзылуы» (ТТБ).

Бұзылыстың жаңа келбеті

Әдетте тамақтану бұзылуы дегенде көз алдымызға анорексия немесе булимия елестейді. Бұл атаулардың өзінен дерттің ызғары сезіліп, бойды аяушылық билейді. Бірақ біз осы диагноздардан қорқып жүргенде, мәселе түрленіп, мутацияға ұшырап үлгерді. Қазіргі бұзылыс жүдеу, ауру кейпінде емес. Керісінше, адамдар оны: «Мен жай ғана өзіме күтім жасаймын», «Мен интервалды ашығудамын» немесе «Мен қант пен глютен жемеймін, себебі бұл – барып тұрған у», – деп мақтанышпен жар салатын болған. Міне, қоғамды дендеп бара жатқан бұл құбылыс орторексия деп аталады.

Орторексиктер таңғы, түскі және кешкі асты тұтас детокс-бағдарламаға айналдырып алған | Getty Images
IMAGE Орторексиктер таңғы, түскі және кешкі асты тұтас детокс-бағдарламаға айналдырып алған | Getty Images

Қазіргі таңда біздің тамақпен қарым-қатынасымыз толықтай цифрланды десе де болады. «Ақылды» таразылар, калория санағыштар, дене құрамын талдағыштар диабетпен ауыратындар үшін емес, өзін-өзі бақылауға шектен тыс берілгендер үшін жасалғандай. Мұндай адамдар сырт келбетінің өзгеруінен өлердей қорқады, экрандағы сандарға тәуелді болып, үнемі ішкі үрейдің құрсауында өмір сүреді.

Орторексия дегеніміз – адамның «таза» және «дұрыс» тамақтану идеясына фанатизм деңгейінде берілуі. Егер анорексия кезінде адам тамақтың мөлшерінен қорықса, орторексия кезінде оның сапасына маньяктарша мән береді. Бұл әуестік салауатты өмір салты шеңберінен шығып, физикалық және психикалық ауытқуларға әкеледі. Әзірше ресми диагноз болмаса да, мамандардың дабыл қағып, бұл терминді жиі қолдануы тегін емес.

Қазіргі заман адамының ұраны – «Өзіңнің ең үздік нұсқаңа айнал». Осы ұран ең қиын анықталатын, жасырын бұзылысты тудырды. Орторексияға шалдыққан жанды Instagram нутрициологтарының үздік шәкірті дерсің. Ол таңын балдыркөк шырынымен бастайды, өнім құрамын жатқа біледі және тағам атаулыны «таза» және «лас», «пайдалы» және «өлімге тең» деп қатаң екі топқа бөледі.

Бұл жердегі басты қозғаушы күш денсаулыққа ұмтылу емес, жанды жегідей жеген үрей екені байқалады. Орторексик «ақ пен қара» әлемінде өмір сүреді. Оған өзінің мінсіз тамақтанғаны аз, ол өзгелердің де тамақтанудағы «қателіктерін» түзеуді өзіне парыз санайды.

Қазіргі заман адамының басты ұраны: «Өзіңнің ең үздік нұсқаңа айнал» | Getty Images
IMAGE Қазіргі заман адамының басты ұраны: «Өзіңнің ең үздік нұсқаңа айнал» | Getty Images

Мұндай өмір салтының кең етек жаюы тамақтану индустриясының тамырына қан жүгіртті. Мейрамхана мәзірі боул, смузи, матча және қантсыз десерттермен толықты. Сән әлемі де құбылған заманға бейімделіп, Athleisure (спорттық демалыс) стилі үстемдік құра бастады. Lululemon леггинстері, Sporty & Rich худилері және Polo Ralph Lauren кепкалары «дұрыс» адамның айнымас униформасына айналды. Люкс брендтер wellness саласына ден қойса, косметика «экологиялық таза» және «минималистік» бағытқа көшті. Өкінішке қарай, денсаулықтың шынайы мәнінен гөрі, оның сыртқы жылтырағы мен атрибуттары маңыздырақ болып кеткендей.

Тепе-теңдік иллюзиясы

Бір досым өзіне мынадай формула шығарып алыпты: «Бір ай – қатаң диета мен спорт, бір ай – сауық кештері мен хаос. Тепе-теңдік, яғни баланс, дегеніміз – осы». Шын мәнінде, бұл тепе-теңдік емес, ауқымы үлкен «эмоционалды әткеншек» қана. Нағыз денсаулық шектен шықпай, алтын ортаны ұстанып өмір сүре білуді білдіреді. Ал тамақтану бұзылысының өзегінде тек қана үрей жатады: ол – салмақ, сыртқы келбет және жалпы өмір үшін қорқыныш.

Бір қызығы, біз тамақты базалық ресурс ретінде қабылдаудың орнына, одан культ жасап алуға бейімбіз. Ұмытпаңыз, тамақ сізге серік те, дос та, тіпті психотерапевт те бола алмайды. Бұл – киім немесе ақша сияқты жай ғана құрал. Біз оны жан жарасын емдеу немесе өзімізді бағалау үшін емес, бойымызға қуат және өмірімізге ләззат алу үшін қолданамыз.

Ересек адамның таңдауы «мінсіз таза» тамақтану емес. Нағыз дұрыс жол #GreenGoddess хэштегі бар салатпен емес, ең алдымен өзіңмен және өзге адамдармен шынайы байланыс орнату арқылы табылады.

P.S. «Оземпик» пен Mounjaro-ның танымал болуы – заңды құбылыс. Бір жақта «мінсіз» болу талабынан туындаған қысым шегіне жеткенде, таразы басының еріксіз екінші жаққа, яғни жеңіл жол іздеу жағына қарай ауытқитыны заңдылық.