TikTok желісіндегі видеолардың бірінде актриса Наоми Уоттс күндердің күнінде «менопаузаның бет-бейнесіне» айналамын деп ешқашан ойламағанын айтады. Ол өз денесінде болып жатқан өзгерістерді түсінбей, өзін қоғамнан шеттетілгендей сезінген соң, «менопаузалық әл-ауқатқа» арналған Stripes Beauty брендінің негізін қалады. Бүгінде оның бренді сүйек пен бұлшықетті қатайтуға, күйзелісті басуға және «сананың тұмандануынан» (brain fog) арылтуға уәде беретін БАД-тарды саудалайды.
Wellness индустриясы күтпеген жерден үлкен бетбұрыс жасады: бұрын эйджизм (жасқа байланысты кемсіту) кесірінен талқылауға ұялатын менопауза тақырыбы бүгінде ең сәнді әрі табысты бағыттардың біріне айналды. 2030 жылға қарай бұл нарықтың көлемі 24 миллиард долларға жетеді деп болжануда. Алайда гинекологтар бұл дүрмекке күмәнмен қарайды. Дәрі-дәрмектерден айырмашылығы – биоқоспалар қатаң қадағаланбайды. Көбіне өнімнің жекелеген құрамы емес, дайын өнімнің өзі қаншалықты тиімді екенін дәлелдейтін клиникалық зерттеулер мүлде жоқ.
Гормондар мен Маркетинг текетіресі БАД өндірушілері әдемі қаптаманың арқасында нарықты жаулап жатқанда, уақыт сынағынан өткен гормондар ақпараттық соғыста жеңіліс табуда. Бұған 2000-шы жылдардың басында жарияланған, гормоналды терапияның қауіпсіздігіне күмән келтірген Women’s Health Initiative (WHI) зерттеуі себеп болды. Бір түнде миллиондаған әйелдің емнен бас тартуына әкеп соққан сол оқиғадан кейін, гормоналды алмастыру терапиясына (ГАТ) деген сенімсіздік әлі күнге дейін сейілмей келеді. Гинеколог Әсем Әубәкірова менопауза тақырыбының әлі күнге дейін үрей мен ұяттың, сондай-ақ қисапсыз жалған ақпараттың шырмауынан шыға алмай келе жатқанын өкінішпен атап өтті. Ал гормоналды алмастыру терапиясының (ГАТ) ахуалы бұдан да мүшкіл.
Менопауза тақырыбы әлі күнге дейін үрей мен ұяттың, сондай-ақ қисапсыз жалған ақпараттың шырмауынан шыға алмай келе жатыр
«Көптеген әйелдер өмірінің бұл кезеңіне дайындықсыз, физикалық және эмоционалды өзгерістерден шошынып келеді, – дейді гинеколог Әсем Әубәкірова. – Ал «гормон» деген сөзді естісе, үрейлері одан сайын үдей түседі. Бірақ жаңа деректер көрсеткендей, менопаузаға жаңа қадам басқан әйелдер үшін гормоналды терапияның пайдасы қаупінен әлдеқайда жоғары».

Эстрогенсіз өмір
Менопауза басталғанда әйел ағзасы аналық бездер өндіретін басты гормон – эстрадиолдан мүлде ажырайды. Аналық бездер қызметін тоқтатқан сәтте әйел тек ұрпақ өрбіту қабілетінен ғана емес, бүкіл ағзаның қуатты қорғанышынан айырылады. Бұл гормон жүрек-қан тамырлар жүйесіне қалқан болып, сүйек тығыздығын сақтайды, ұйқы мен көңіл-күйді реттеп, дене қызуын бірқалыпты ұстайды. Ол когнитивті қызметке, коллагеннің түзілуіне, қан айналымына, тіпті нәзік жандылық пен либидоға тікелей жауапты.
Әйел өзіне нәзіктік сыйлайтын басты гормонсыз қалады. Бұл күйде оның әлі ұзақ ғұмыр кешетінін ескерсек (менопауза орташа есеппен 49 жаста келсе, өмір сүру ұзақтығы – 80 жас), постменопауза – шамамен 30 жылдан астам уақытты, яғни өмірдің қомақты бөлігін қамтиды.
Менопауза жайлы қашан ойланған жөн? Әсем Әубәкірова симптомдар байқалмаса да, 40 жастан асқан соң қамдана бастауға кеңес береді. Мұндағы мақсат – гормоналды фонды біліп, өзгерістерді бақылауда ұстау. Ең бастысы – менопауза тақырыбын терең меңгерген «өз» маманыңызды табу. Себебі 30 жасыңызда жүктілікті керемет жүргізген немесе эрозияны емдеген дәрігердің менопаузалық терапияда тәжірибесі жеткіліксіз болуы мүмкін.
Менопаузаның нақты қашан келерін дөп басып айту қиын. Оған әсер ететін факторлар көп: генетика (ең үлкен үлес; аналық без қорының ерте сарқылуына әкелетін мутациялар бар), оталар (кистаны тінмен қоса алу немесе бір безді алып тастау қорды азайтады), темекі шегу, зат алмасудың бұзылуы және аутоиммундық процестер. Егер менопауза 40 жасқа дейін келсе – мерзімінен бұрын, 45-ке дейін – ерте менопауза саналады. Ал 45–50 жас аралығы – табиғи, қалыпты уақыт.

Егер әйел табиғи заңдылық бойынша ағзасы әлі де гормон бөлуі тиіс жаста эстрогенсіз қалса (мерзімінен бұрын менопауза), гинекологтар ГАТ (гормоналды алмастыру терапиясын) тағайындайды. Бұл – денсаулық үшін ауадай қажет толыққанды ем. Ал 45–50 жастан кейін, менопауза «өз уақытымен» келгенде, менопаузалық гормоналды терапия (МГТ) қолданылады. Препараттар ұқсас болғанымен, олардың дозалары мен мақсаты мүлде бөлек.
МГТ тек ыстықтау, ашушаңдық, ұйқысыздық сияқты жағымсыз белгілерді басу үшін ғана ойлап табылмаған. Симптомдармен кейде гормонсыз-ақ күресуге болады. МГТ ең алдымен эстрадиол жоғалған соң қаупі күрт артатын аурулардың алдын алу үшін қажет. Оларға инсульт, инфаркт, деменция, остеопороз және метаболикалық бұзылулар (соның ішінде 2-типті диабет) жатады.
«Ағзадағы барлық мүше эстрогенге тәуелді. Әсіресе онсыз қалыпты жұмыс істей алмайтын ми, жүрек және сүйектер үшін бұл өте маңызды. Гормондарды тағайындау арқылы біз әйелдің өмір сапасын жақсартамыз», – дейді Әсем Әубәкірова.
Гормондар сүт безі қатерлі ісігіне шалдықтыра ма?
Бұл – гинеколог кабинетінде де, әлеуметтік желідегі қызу талқылауларда да, құрбылар арасындағы әңгімеде де ең жиі қойылатын басты сұрақ. Және бұл – 2000 жылдардың басындағы Women’s Health Initiative зерттеуінің кесірінен тұтас бір буын әйелдердің санасына шегеленіп қалған ең үлкен үрей.
Алайда, бүгінгі ғылыми қауымдастық ол кездегі қорытындылардың мән-жайы толық ескерілмей, қате талданғанын алға тартады. Себебі зерттеу тобына гормондарды қабылдауға болмайтын, жасы әлдеқайда үлкен (ерте постменопауза кезеңінен өтіп кеткен) әйелдер көптеп кірген еді. Ал терапияны дер кезінде бастағандар үшін қауіп деңгейі мүлде басқаша болатын. Оның үстіне, қауіп-қатер ешқандай нюанстарға (нақты қай препарат, қандай доза, қабылдау формасы қандай екеніне) қарамастан, жалпылама түрде көрсетілді. Шын мәнінде, сүт безі қатерлі ісігінің нақты қаупінің артуы тақырыптарда айғайлап жазылғандай қорқынышты емес еді.
Қазіргі таңда қабылдау бағдарламасы мен түрі дұрыс таңдалса, қауіп өте төмен саналады. Әсем Әубәкірова гормондарды тағайындамас бұрын пациенттің ауқымды талдаулар тапсырып, бірқатар скринингтен өтуі керектігін баса айтады. ГАТ тек ықтимал салдардың қаупі жоққа шығарылып, терапияға қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда ғана тағайындалады.
Терапияның қанша уақытқа созылатынын дәрігер ағзаның жай-күйіне (қабылдау кезінде қарсы көрсетілімдер пайда болмады ма), сондай-ақ пациенттің қалауына қарай шешеді. Жылына бір рет міндетті тексерістен өту қажет: УДЗ, маммография, талдаулар. Дәрігер нәтижелерді бағалап, дозаны сол күйі қалдыру, түзету немесе мүлде тоқтату туралы шешім қабылдайды.
