Special|Tatler Beauty & Health

Медициналық туризм: қазақстандықтар сұлулық пен денсаулық іздеп қайда барады?

Автор Татьяна Олейник
19.11.2025
Getty Images
IMAGE Getty Images
Медициналық туризмнің бүгінде жай ғана сән емес, емделушілер үшін нақты әрі ұтымды шешімге айналғаны байқалады. Мұрын пішінін өзгерту үшін Сеулге, қалың шаш үлгісін аңсап Стамбулға, ал люкс деңгейіндегі құпиялық үшін Дубайға неліктен бару керектігіне тоқталайық

Заманауи медициналық кешендердің «денсаулық фабрикалары» деп аталуы тегін емес. Бұл – іс жүзінде ең күрделі әрі қымбат техникамен жабдықталған, медицинаның түрлі саласындағы мыңдаған кәсіби маман шоғырланған, өткізу қабілеті орасан зор алып кәсіпорындар. Мұндай орталықтардың ең үздіктері көбіне аурулардың шектеулі түрін емдеуге маманданады, есесіне өз саласында оларға тең келер ешкім жоқ.

Мұндай алып кешендерді ұстап тұруға кез келген елдің, тіпті қаланың шамасы жете бермейтіндіктен, «фабриканың» үздіксіз жұмыс істеуі үшін оған бір қала қамтамасыз ете алмайтын науқастар легі қажет. Сондықтан XXI ғасырда медицина саласында нақты аймақтық мамандану қалыптасты. Шағын клиниканың өзі медициналық қызметтің сол түріне «бейімделген» аймақта ашылса, әлдеқайда тиімді жұмыс істейді. Себебі ол жерде қажетті зертханалар, препараттар мен шығын материалдарының логистикасы, күрделі техника және ғылыми база дайын тұрады.

Сол себепті алдағы онжылдықтарда медициналық туризм қарқынды дамитын салаға айналуға тиіс. Patients Beyond Borders деректеріне сүйенсек, соңғы алты жылда шетелге ем іздеп баратындардың саны жылына 14 миллионнан 24 миллионға дейін өскен. Қазақстан да бұл көштен қалмайды: Қазақстандық медициналық туризм қауымдастығының есебі бойынша, жыл сайын 40 мыңнан 50 мыңға дейін отандасымыз шетелде ем қабылдайды.

Оңтүстік Корея

Пластикалық хирургия және тері күтімі

Оңтүстік Корея – пластикалық отаның әлемдік астанасы: мұнда жылына миллионға жуық ота жасалып, халық жан басына шаққандағы пластикалық хирургтар саны бойынша әлемдік рекорд жаңартылған. Индустрияның мұндай қарқынмен дамуына көршілес қытайлықтардың ықпалы зор: ұзақ уақыт бойы Қытай билігінің пластиканы коммунизм идеяларына жат құбылыс деп санауы – сырт келбетін өзгерткісі келгендер легін Кореяға бұрды.

Getty Images
IMAGE Getty Images

Ең танымал процедуралар – мұрын, қабақ, бет сүйектері пластикасы және теріні лазермен түзеу. Сұлулық эпицентрі саналатын Сеулдегі беделді Каннам ауданындағы сәнді қауым арасында беті таңылған адамдар жиі кездеседі. Отадан кейінгі таңғыштан ешкім қысылмайды, керісінше, бұл – табыстылықтың және гламур әлеміне қатыстылықтың белгісі. Клиникалардың өзі құны ғарыштық жабдықтармен жабдықталған сәнді қонақүйлерге көбірек ұқсайды.

Ашық дереккөздер
IMAGE Ашық дереккөздер

REGEN PLASTIC SURGERY (Сеул)

Бет-әлпетті толық өзгертуге, атап айтқанда V-тәрізді иек пластикасына, ринопластикаға және қосарланған қабақ пластикасына маманданған.

ORACLE (Сеул)

Оңтүстік Корея бойынша филиалдары бар жоғары технологиялық жасарту орталығы. Мұнда лазерлік тегістеу (шлифовка), HIFU-лифтинг және «шыныдай мөлдір тері» (glass skin) эффектісін беретін инъекциялық препараттардың соңғы түрлері қолданылады.

BANOBAGI (Сеул)

Бет контурын түзетуге, көз хирургиясына және ринопластикаға маманданған клиника. Бұл жерде азиялық бет пішінімен жұмыс істеудің хас шеберлері жиналған деп саналады.

WONJIN BEAUTY MEDICAL GROUP (Сеул)

Сұлулық индустриясының алыбы. Көбіне омырау ұлғайту, көзге ота жасау және тері күтімі үшін келеді. Сондай-ақ жасарту процедураларын, соның ішінде жіптік лифтинг пен дің жасушаларымен (стволовые клетки) емдеуді жүргізеді.

VIEW PLASTIC SURGERY (Сеул)

Жасарту процедураларынан бастап дене бітімін түзетуге дейінгі қызметтердің кең спектрін ұсынатын әмбебап эстетикалық клиника. Мұнда 3D-сканерлеу арқылы пациенттің моделін жасап, болжамды ота нәтижесін алдын ала тексереді.

Ашық дереккөздер
IMAGE Ашық дереккөздер

Түркия

Шаш трансплантациясы

Жыл сайын миллионнан астам туристің, оның ішінде қазақстандықтардың Түркияға қалың шаш үлгісін аңсап келетіні жасырын емес. Егер он жыл бұрын Түркия негізінен төмен бағасымен тартымды болса, бүгінде жергілікті клиникалар инновациялық процедураларымен, озық жабдықтарымен және шетелден шақырылған жұлдызды мамандарымен мақтана алады. Түрік дәрігерлері трихология саласында әлемдік көшбасшылықты берік ұстап тұр.

Ашық дереккөздер
IMAGE Ашық дереккөздер

DR. SERKAN AYGIN CLINIC (Стамбул)

Клиника негізін қалаушы доктор Серкан Айгин – шаш трансплантациясы саласындағы көптеген марапаттың, соның ішінде 2019 жылғы «Еуропадағы шаш трансплантациясы бойынша ең табысты маман» сыйлығының иegepi. Клиникада DHI (каналдарды ашпай, барынша жұмсақ тікелей трансплантациялау) және Sapphire FUE (әр фолликулды жеке-жеке, ұқыпты көшіру) сияқты әдістер қолданылады. Сондай-ақ әйелдерге арналған шаш көшірудің арнайы бағдарламалары бар – мысалы, мұнда шашты қырмай-ақ (әдетте мұндай отада шаш қыру міндетті) ота жасай береді.

Ашық дереккөздер
IMAGE Ашық дереккөздер

TURKEYANA CLINIC (Стамбул)

Шаш көшірумен қатар көптеген процедураны ұсынатын эстетикалық медицина орталығы. Орталық клиенттерді жайлылығы жоғары палаталармен, трансфермен және аудармашы қызметімен қамтамасыз етеді. Басты артықшылығы: шаш еккізумен қатар толық чекаптан өтіп, тіс емдетіп, артық салмақтан арылып, жалпы денсаулықты түзеуге болатындығында. Үйге сымбатты, сау, әдемі күлкімен және қалың шашпен оралуға мүмкіндік бар.

Ашық дереккөздер
IMAGE Ашық дереккөздер

БАӘ

Сән-салтанат және шынайы құпиялық

Жоғарыда айтылғандай, заманауи озық медициналық орталықтың іс жүзінде мыңдаған пациентке қызмет көрсететін конвейер іспетті екені рас. Мұндай жұмыс қарқынында дәрігерлер мол тәжірибе жинап, біліктілігін арттырғанымен, конвейерде ерекше қажеттіліктері бар элиталық пациенттерге орын табыла бермейді. Аурухана палаталарын люкс нөмірлерге айналдырып, асханаға Мишлен аспаздарын ешкім шақырмайды... Тоқтаңыз, біз қателесіппіз – әлемде мұның бәрі мүмкін болатын жер бар екен.

Getty Images
IMAGE Getty Images

Дубайдың элиталық клиникалары дәл осы люкс санатындағы медициналық қызметтерді ұсынуға маманданған. Мұнда кез келген қалауыңыз орындалатын сарайда емделуге болады, қажетті маман мен препаратты Солтүстік полюстен болса да жеткізіп береді, және мұның бәрі толық құпиялық жағдайында өтеді. Атақты пациентті суретке түсіру үшін бірде-бір папарацци кіре алмайды, бірде-бір медбике «бүгін пәленше жұлдыз омырауын үлкейтті» деп өсек таратпайды. Сондықтан қазір атақты адамдардың көбі денсаулық пен сұлулық мәселесін шешу үшін Дубайды таңдайды.

ASTER HOSPITAL AL QUSAIS (Дубай)

Бес жұлдызды қонақүй кейпіне енген пластикалық хирургия орталығы. Эстетикалық медицинаның барлық қызметін ұсынады.

Ашық дереккөздер
IMAGE Ашық дереккөздер

EMIRATES HOSPITAL JUMEIRAH (Дубай)

Реанимация, пульмонология, кардиология, стоматология, тамыр хирургиясы, урология және физиотерапия бөлімшелері бар орталық. Жабдықтары мен дәрігерлері – ең жоғары деңгейде. Пациенттер терезесі мұхитқа қарайтын жайлы палаталарда тұрады.

Ашық дереккөздер
IMAGE Ашық дереккөздер

SAUDI GERMAN (Дубай)

Негізінен пульмонология, кардиология, эндокринология және педиатрияға маманданған көпбейінді орталық. Мұнда көбіне медициналық туризм бағдарламасымен келген шетелдік азаматтар емделеді.

Ашық дереккөздер
IMAGE Ашық дереккөздер

Германия

Чекап және ауыр дерттерді емдеу

Германияның бүгінде өркениеттің медициналық және фармацевтикалық флагманы екені даусыз. Немістің бейінді медициналық журналдары – көптеген салада ең беделді басылым болса, Германия ауруханалары – кәсібилік пен инновацияның және клиникалық хаттамалардың эталоны саналады. Сондықтан жыл сайын миллиондаған адамның бұл елге диагностика мен ем іздеп келетіні таңғаларлық емес.

UNIVERSITY HOSPITAL COLOGNE (Кельн)

Диагностика, терапия және хирургия саласындағы ең ірі еуропалық орталықтардың бірі. Бірыңғай жүйеге біріктірілген көптеген тар бейінді орталықтар мен кафедралардан тұрады.

Ашық дереккөздер
IMAGE Ашық дереккөздер

CHARITÉ университеттік клиникасы (Берлин)

Германияның үздік клиникалары рейтингінде бірінші орында тұрған «Шарите» жылына 850 мыңға жуық пациент қабылдайды. Мұнда барлық ауру түрлері, соның ішінде сирек кездесетін (орфандық) генетикалық бұзылулар мен онкологиялық аурулардың сирек түрлері зерттеліп, емделеді.

Ашық дереккөздер
IMAGE Ашық дереккөздер

Доктор Франц Денглер клиникасы (Баден-Баден)

Жарақаттан, отадан, инсульт пен инфаркттан кейін адамдарды қалпына келтіруге арналған сәнді оңалту орталығы.

Ашық дереккөздер
IMAGE Ашық дереккөздер