Оңтүстік Корея баяғыдан пластикалық хирургияның әлемдік орталығына айналған. Пациенттер мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен ағылып келеді. Біреулер ажарын сәл ғана әрлегісі келсе, енді біреулер түбегейлі трансформацияны қалайды. Қандай жағдай болмасын, корей хирургтары озық технологиясымен, мықты тәжірибесімен және ең бастысы – адамның табиғи келбетін бұзбайтынымен танымал.
Статистикаға сүйенсек, Корея – косметикалық процедуралар ең көп жасалатын ел. Халықаралық эстетикалық пластикалық хирургия қоғамының (ISAPS) мәліметінше, мұнда жылына 1 300 000-нан астам операция жасалады екен. Тек Сеулдің өзінде, дәлірек айтсақ, атақты Каннам (Gangnam) ауданында 500-ден астам клиника шоғырланған. Сондықтан бұл жерді нағыз сұлулық ордасы деуге толық негіз бар.
Мұның бәрі корей мәдениетіндегі сұлулыққа деген ерекше көзқараспен байланысты. Олар үшін беттің симметриясы, мінсіз таза тері және жас көріну өте маңызды. Осындай талғам мен озық медицинаның арқасында Корея бұл салада алдына жан салмайды.
Корей хирургтары жылына мыңдаған операция жасайтындықтан, олардың қолдары әбден жаттыққан. Ең мінсіз нәтижеге қол жеткізу үшін олар бетті 3D-форматта сканерлеу, жасанды интеллект арқылы алдын ала жоспарлау сияқты ең соңғы технологиялар мен өте дәл жұмыс істейтін құралдарды пайдаланады.
«Қазір Оңтүстік Корея пластикалық хирургияда операция саны бойынша да, сапасы жағынан да көш бастап тұр, – дейді Molan клиникасының тең құрылтайшысы, дәрігер-косметолог Жанна Исмаилова. – Бұрын бұл салада Бразилия мен АҚШ мықты болса, қазір бүкіл әлем тәжірибе алмасу үшін Кореяға ұшады. Корей хирургтарының көбінде тек өздеріне ғана тән авторлық әдістері бар, бірақ оны ешкіммен бөлісе бермейді. Өйткені пациенттердің тек өздеріне келгенін қалайды. Сол себепті ең мықты дәрігерлердің қабылдауына жазылу үшін айлап кезек күтетіндер көп. Олардың басқа елдегі әріптестерінен басты айырмашылығы – жаңашылдықтан мүлдем қорықпауларында.
Біздің хирургтар көбіне эксперимент жасауға жүрексенеді. Ал корейліктерде үнемі қозғалыс: түрлі конгрестер, шеберлік сағаттары өтіп, өзара тәжірибе алмасып жатады. Олар бір-бірімен бақталас емес, қайта білгенімен бөліседі, үнемі ізденіс үстінде жүреді.
Жыл сайын көз немесе беттің төменгі бөлігіне қатысты жаңа техникалар шығып жатады. Тағы бір маңызды тұсы: олар басқа дәрігердің қатесін түзеуден қашпайды. Айтпақшы, Кореяда бір хирургтың барлық операция түрін жасай беруі өте сирек кездеседі. Олар нақты бір бағытты таңдап, жылдар бойы сол салада ғана шеберлігін шыңдайды. Мысалы, біреуі тек блефаропластика жасаса, екіншісі тек кеудеге, ал үшіншісі лифтингке маманданады. Сондықтан біз сүйемелдейтін пациенттер көбіне бір емес, бірнеше хирургтың көмегіне жүгінеді. «Мен бәрін жасай беремін» деген түсінік ол жақта жоқ».

Табиғи сұлулық пен үйлесім
Шетелдіктердің Кореяны таңдауындағы басты себеп – мұндағы дәрігерлердің табиғилықты бірінші орынға қоюы. Корей дәрігерлері бет-әлпетті танымастай өзгертіп, жасандылыққа ұрынудан аулақ. Керісінше, олар беттің сүйек құрылымына сай келетін «алтын қима» тәсілін ұстанады. Мейлі ол ринопластика немесе жақ сүйегін кішірейту болсын, басты мақсат – адамды жасанды қылмай, оның табиғи сұлулығын айшықтай түсу. Сеулден операция жасатып келгендер айналасындағылардан көбіне: «Ажарланып кетіпсің, бірақ нақты не өзгерткеніңді түсінбей тұрмын», – деген сөзді жиі естиді.
«Корей хирургтары шынымен де өте жұмсақ жұмыс істейді. Олар тіндерді барынша аз зақымдап, кесіндіні аз жасауға тырысады. Соның арқасында адамның бет-бейнесі өте табиғи болып шығады», – деп бөлісті Жанна Исмаилова.
Қазір пластикалық операция жасататындар айтарлықтай жасарған. Бұрын мұндай қадамға 50-60 жастағылар барса, қазір 30-40, тіпті 25 жастағы жастар да жиі жүгінеді. Барлығы адамның нақты жағдайына байланысты. Жаннаның айтуынша, корей хирургтары «әбден қартайғанша немесе жағдай ушыққанша күтудің қажеті жоқ» деп есептейді. Өзгерістерді қаншалықты ерте түзетсеңіз, нәтижесі соншалықты табиғи болып, тез қалыпқа келесіз. Дегенмен, олар ешқашан артық дүние жасамайды. Егер сізге операция қажет болмаса, дәрігерлер «бірнеше жылдан кейін кел» деп қайтарып жібереді.
Кореяда ең көп жасалатын операциялар
Блефаропластика
Көзді әдемі етіп жасап шығу үшін үйлесім мен пропорцияны дәл табу керек. Көздің үстіне қатпар жасау бұл процестің бастапқы кезеңі ғана. Кореяда бұл операция көз айналасын толықтай өзгертетін кешенді процесс саналады. Жанарыңыз ашық әрі жарқын болуы үшін хирургтар көздің пішіні мен көлемін түзететін қосымша процедураларды да жиі ұсынады.
Ринопластика
Бұл процедура мұрынның табиғи әрі нәзік болып шығуымен ерекшеленеді. Мұнда көбіне мұрынның мінсіз әрі үйлесімді пішінін шығару үшін шеміршек импланттары (графт) қолданылады.
V-line surgery (бет контурын жасау)
Бұл процедура беттің пішінін сүйірлеп, оған V әрпі тәрізді нәзік форма беру үшін жасалады. Осы бағытта ең көп сұранысқа ие үш операция бар: олар жақ сүйегін кішірейту, иекті түзету және бет сүйегін кішірейту. Кореялық дәрігерлер жақ сүйегін кішірейтуде ең озық техникаларды қолданады. Мұндай операциядан кейін тыртық мүлдем байқалмайды және пациент өте тез қалыпқа келеді.
Лифтинг және жасарту процедуралары
- Fat grafting (бетке липофилинг жасау) – адамның өз майын беттің басқа бөліктеріне (бет сүйегі, көздің асты, маңдай) салып, көлемін ұлғайту.
- Hair transplant (шаш ауыстырып отырғызу) – бұл процедура тек шашы түскендерге ғана жасалмайды, сонымен қатар беттің пропорциясын жақсартып, жас көріну үшін шаш өсу сызығын түзетуге де жиі қолданылады.

Клиника мен хирургты қалай таңдаған дұрыс?
Оңтүстік Кореяның медицинасы қанша жерден мықты болса да, Қазақстаннан немесе ТМД елдерінен барған пациенттер үшін сан алуан таңдаудың ішінен дұрысын табу оңай шаруа емес. Мұхиттың арғы жағында отырып, қай клиниканың мықты екенін дөп басып табу мүмкін емес.
Жарнамалық буклеттердің бәрі мінсіз, ал интернеттегі пікірлердің көбі жарнаманың бір бөлігі болуы әбден мүмкін. Жүздеген маманның ішінен кімнің жай ғана танымал клиникада жұмыс істейтінін, ал кімнің сізге керек техниканы шебер меңгергенін қалай білуге болады?
Дәл осы тұста сізге корей медицинасының «ішкі асханасын» іс жүзінде жақсы білетін сенімді «жолсерік» керек. Бұл ретте Жанна Исмаилова мен Наталья Пан (Molan клиникасы) сияқты мамандардың рөлі өте зор. Мұндай сарапшылардың мақсаты – пациентті кез келген клиникаға апара салу емес, бәрін електен өткізіп, ең сенімдісін таңдап беру.
Жанна мен Наталья клиниканы емес, хирургты таңдауға кеңес береді. Кореяда клиника – бар болғаны сыртқы жылтырақ қана. Ал нәтиже нақты сол дәрігердің қолына байланысты. Сондықтан маманды пациенттің сұранысына және дәрігердің жұмыс стиліне қарап таңдау керек. Себебі әр хирургтың өз қолтаңбасы бар: біреуі бет-әлпетті адам танымастай өзгерткенді жақсы көрсе, енді біреуі табиғилықты сақтап қалуға тырысады. Сарапшылар пациенттің қалауы мен дәрігердің стилін дөп түсіріп, екеуін табыстыруға көмектеседі.
Сайып келгенде, Кореяда жасалатын пластикалық ота – бұл өзіңе құйылған ең үлкен инвестиция. Ал бұл инвестиция өзін ақтауы үшін Сеулге бару жеткіліксіз. Ең бастысы – жалған жарнамаға сенбей, осы салада жүрген нағыз мамандардың сүзгісінен өткен, мықтылығын іс жүзінде дәлелдеген «өз хирургіңізді» таба білу.
