Special|Tatler Beauty & Health

Клетчатка дәуірі

АвторыАнара Кукиева
12.07.2026
Getty Images
IMAGE Getty Images
2026 жыл жаңа диеталық құмарлыққа дайын сияқты. Көп ұзамай көлеңкеден шыққан клетчатка күнделікті тамақтану рационымыздағы басты рөлді өз қолына алмақ

Осыдан он жылдай бұрын тамақтанудың басты жұлдызы ақуыз болған еді. Оны протеинді шейктерден бастап, снектер мен тіпті тәтті десерттерге дейін қосып жатты. Майлы тағамдарға деген қысқа мерзімді әуестікті есепке алмағанда, протеиннің дәуірі өте ұзаққа созылды.

Алайда бүгінгі тұтынушылар үшін ішек саулығы мен метаболизмнің дұрыс жұмыс істеуі әлдеқайда маңыздырақ. Осындай бетбұрыс клетчатканы қайтадан назар орталығына шығарып, бүкіл индустрияны «клетчатка жаңа ақуызға айналды ма?» деген сұраққа жауап іздеуге итермелеп отыр.

Ақуыздың адам ағзасы үшін маңызы зор болғанымен, ол енді тамақтанудың орталық элементі емес. Қазіргі таңда көпшілік протеинді жеткілікті, кейде тіпті артығымен де тұтынады. Сондықтан адамдар асқорытуды жақсартатын, иммунитетті көтеріп, қабынуды азайтатын және салмақты қалыпты ұстауға көмектесетін өнімдерге көбірек көңіл бөле бастады.

Клетчатка осы міндеттердің барлығын мінсіз орындайды, сол себепті оның құндылығы күн санап артып келеді. Бұған қоса, қандағы қант мөлшерін күрт көтермей, тоқтық сезімін ұзақ сақтайтындықтан, GLP-1 препараттарын қабылдайтындар арасында да тағамдық талшыққа деген сұраныс өте жоғары. Биылғы жылдың басты терминіне айналған сөз – fibermaxxing. TikTok желісіне кіре қалсаңыз, осы хэштег арқылы шелектеп салат жеп отырғандардың тұтас бір әлемін көруге болады.

Клетчатка тапшылығы

Кезінде ақуыз трендіне күмәнмен қараған кейбір мамандардың өзі адамзаттың бұл жаңа әуестігін өте жылы қабылдады. Тіпті оны мейлінше қолдап отыр. Себебі клетчатка тапшылығы әлі де қоғамдағы үлкен мәселе күйінде қалып отыр.

Қазіргі таңда көптеген ересек адамдар күнделікті норманың жартысын ғана тұтынады екен. Бұл жетіспеушілік асқорытудың бұзылуына, қант деңгейінің тұрақсыздығына, созылмалы қабыну мен жүрек-қан тамырлары ауруларына тікелей әкеліп соғады. Ұсынылған норма мен нақты тұтынудың арасында дәл осындай үлкен алшақтық кездесетін нутриенттер өте сирек. Бұл өз кезегінде брендтерге қоғамдық денсаулық мәселесін шешуге және нарықта оңай ерекшеленуге тамаша мүмкіндік беріп отыр.

Асқорытудың басты көмекшісі

Қарапайым тілмен айтқанда, клетчатка – адам ағзасы қорыта алмайтын көмірсу. Біртүрлі естіледі, иә? Бірақ оның басты құпиясы да осында: ол асқазаннан қорытылмай өтіп, тоқ ішектегі пайдалы бактерияларды қоректендіреді, қантты реттейді және холестеринді ағзадан шығарады. Оның маңызды екі түрі бар. Біріншісі – еритін клетчатка. Ол суда еріп, асқазанда гель тәрізді массаға айналады да, глюкозаның сіңуін баяулатады. Яғни, қант секірмейді, қарын ұзақ ашпайды әрі пайдалы бактериялар көбейеді. Оны сұлыдан, алмадан, авокадодан, бұршақ пен жасымықтан және чиа тұқымынан табуға болады. Екіншісі – ерімейтін клетчатка. Ол ерімеген күйі ішектен тікелей өтеді, есесіне ішек қызметін жылдамдатып, қатудың алдын алады. Клетчатканың бұл түрі тнді нанда, кебекте, қоңыр күріште, жаңғақта, жеміс қабығында және брокколи мен шпинатта көп кездеседі.ұтас дә

Клетчатканың бірегейлігі оның бірден бірнеше биологиялық жүйеге оң әсер ететіндігінде. Оның ағзаға беретін пайдасы заманауи тұтынушының басты талаптарымен дөп түсіп отыр. Ішек саулығы мен метаболизмге деген қызығушылық артқан сайын, тағамдық талшықтың да маңызы еселене түспек.

Getty Images
IMAGE Getty Images

Күнделікті мөлшер

Күніне 20 грамм – ең төменгі шек, одан азайса денсаулықта кінәрат пайда болуы мүмкін. Ал 25-35 грамм – нағыз жұмыс істейтін норма. Бұл деңгейде адамның көңіл-күйі де, денсаулық көрсеткіштері де айтарлықтай жақсарады. Есептеуге ыңғайлы болу үшін әр 1000-килокалорияға 14-15 грамм деген формуланы ұстануға болады. Бастысы оны тәтті үлпектер мен батончиктерден емес, табиғи тағамдардан, яғни көкөніс, жеміс-жидек, бұршақ тұқымдастары мен тұтас дәнді өнімдерден алған дұрыс.

Нарықтағы жаңа мүмкіндіктер

Тамақ өндірушілері өз өнімдеріндегі клетчатка мөлшерін барынша көбейтуге көшті. Соның нәтижесінде қаптама сыртындағы мақтау сөздер де артты. Мәселен, қазіргі снектер ішек қызметін қолдайтын пребиотиктерге бай, ал сусындар клетчаткамен байытылып, денсаулыққа пайдалы велнес-өнім ретінде сатылуда. Үлпектер мен гранолада тұтас дәннің үлесі көбейсе, тағамдық қоспалар нарығы пребиотиктер желісін күн санап кеңейтіп жатыр.

Болашақтың басты тренді

Клетчатка функционалды тағамдар индустриясының жарқын болашағын қалыптастырып келеді. Ол мықты ғылыми базасының, денсаулықтың басты мәселелерін шеше алатын қабілетінің және тамақтанудағы үлкен тапшылықтың орнын толтыратынының арқасында дәл қазір ақуызбен терезесі тең ықпалға ие болды деуге толық негіз бар.

Ішек саулығы мен дұрыс метаболизмге деген бұқаралық қызығушылықтың күрт өсуін ескерсек, клетчатканың шынымен де жаңа ақуызға айналуға толық мүмкіндігі бар.