Special|Tatler Beauty & Health

Денсаулық – басты құндылық. 30-дан кейін ағзамыз неге мұқтаж

АвторыАнара Кукиева
06.07.2026
Getty Images
IMAGE Getty Images
Топтық жаттығулар неліктен нәтиже бермейді, сүйек саулығын менопаузаға дейін күту не үшін маңызды және ұйқы қанбаудың салмаққа әсері қандай. Дәрігер, фитнес-сарапшы әрі Endurance клубының негізін қалаушы Мейрам Көшенов ұзақ мерзімді денсаулықтың алты басты қағидасымен бөліседі
Мейрам Көшенов | Жеке мұрағатынан
IMAGE Мейрам Көшенов | Жеке мұрағатынан

Сүйектер – денсаулықтың зейнетақы қоры

Сүйек саулығы туралы көбінесе оның тығыздығы күрт төмендеп, «остеопороз» диагнозы алдымыздан шыққанда ғана ойлана бастаймыз. Негізінде, сүйектің мықтылығы – жастық шақта жиналған қордың нәтижесі. Сүйек жүйесін денсаулықтың өзіндік «банктік шоты» деп елестетіп көріңіз. Ағза оны белгілі бір кезеңге дейін ғана белсенді түрде толтырады, ал одан кейінгі басты міндет – жиналған осы байлықты сақтап қалу.

Ер адамдар үшін бұл процесс біршама жеңіл. Олардың гормоналды жүйесі тұрақтырақ келеді, ал күштік жаттығулар сүйек тінін тез қатайтады. Ал әйелдерге менопауза басталғанға дейін барынша үлкен қор жинап үлгеру өте маңызды. Өйткені эстроген деңгейі төмендеген сәттен бастап, сүйектің тығыздығын сақтау үлкен қиындыққа айналады. Әрине, бұл менопаузадан кейін жаттығудың қажеті жоқ деген сөз емес. Жай ғана бұрынғыдай нәтижеге жету үшін әлдеқайда көп күш жұмсауға тура келеді.

Ендеше не істеу керек? Сүйек – тірі, үнемі жаңарып отыратын құрылым, және ол физикалық салмақ түскенді жақсы көреді. Бұл жердегі әңгіме көктемде оянып, жазда басылатын уақытша құлшыныс туралы емес, жүйелі түрдегі күштік жаттығулар жайында болып отыр. Көпшілік гантельдерді тек калория жағу немесе бұлшықет шығару үшін ғана керек деп ойлайды. Шын мәнінде, күштік жаттығулар – сынық пен остеопороздың алдын алатын ең мықты құрал. Егер жаттығу жүйелі түрде дұрыс құрылса, тіпті жеңіл салмақпен жұмыс істеудің өзі қаңқаңызды мызғымас берік ете алады.

Бұлшықеттер – көлем емес, сапа

Бұлшықетке қатысты қоғамда «неғұрлым үлкен болса, соғұрлым жақсы» деген қарапайым әрі ескі түсінік қалыптасқан. Іс жүзінде көлем мен сапа – екі бөлек дүние. Бұлшықеттің ірі болуы оның қауқарлы әрі төзімді екеніне кепіл бола алмайды. Дененің сырттай ірі көрінуі көбіне ағзадағы сұйықтықтың іркілуі мен ісінуден болуы мүмкін. Ал бұл кезде адамның нақты күш көрсеткіштері өте төмен деңгейде қала береді.

Getty Images
IMAGE Getty Images

Керісінше, сырттай кәсіби бодибилдерге ұқсамаса да, өте тығыз, мықты әрі сапалы бұлшықетке ие адамдар кездеседі. Бұлшықет – денеге көрік беретін қосымша бөлшек емес, метаболикалық денсаулықтың басты қозғалтқышы саналатын белсенді орган. Ол ағзаның инсулинді қабылдауына, энергия деңгейіне, төзімділікке, тіпті қалай қартаятынымызға тікелей жауап береді. Сондықтан жай ғана «үлкен» емес, «ақылды» дене қалыптастыруға ұмтылыңыз.

Висцералды май – көрінбейтін қауіп

Висцералды майды метаболизмнің жасырын жауы деуге болады. Айнадан көрініп тұратын тері астындағы майдан айырмашылығы, ол ішкі органдарды қаптап жатады. Сырттай мінсіз сымбатты көрінгенімен, ішіңізде жарылуға шақ тұрған «уақыт бомбасын» алып жүруіңіз әбден мүмкін. Майдың бұл түрі ағзадағы созылмалы қабынуды қоздырады, көмірсу алмасуын бұзады, инсулинге сезімталдықты төмендетіп, жасушалардың қартаюын тездетеді. Бір қызығы, кейде жағдай мүлдем басқаша сипат алуы мүмкін: егер висцералды май қалыпты деңгейде болса, артық салмағы бар адамның өзінде анализ көрсеткіштері мінсіз шығады.

Бұл қауіппен қалай күресеміз? Ескерте кетейік, тек висцералды майды кетіретін арнайы жаттығу, ғажайып детокс немесе сиқырлы әдіс жоқ. Ол тек жүйелі, кейде тіпті ішпыстырарлық күнделікті әдеттерге ғана бағынады:

  • калория мөлшерін дұрыс шектеу және ақуыз, май, көмірсу тепе-теңдігін қадағалау;
  • тұрақты физикалық белсенділік;
  • сапалы ұйқы;
  • стресс деңгейін төмендету.

Жеке тренермен жаттығу нақты нәтижеге апарар жол

Қазіргі таңда фитнес нағыз көңіл көтеру ортасына айналып үлгерді. Неон шамдары жарқырап, музыка гүрсілдеп тұратын мерекелік көңіл күйдегі топтық жаттығулар шынымен де мықты тренд. Мұндай орта бұрын-соңды спортқа мүлдем қызықпаған адамдарды да өзіне оңай баурап алады. Бірақ бұл форматтың айтарлықтай осал тұсы бар – ол тым жалпылама. Бір ғана бапкер, ондаған адам, қатаң уақыт шеңбері және тоқтаусыз жүріп жатқан жоғары қарқын. Соның салдарынан мұндай жаттығу бағдарламасы көпшілікке жарағанымен, ешкімнің жеке сұранысын толық қанағаттандыра алмайды.

Getty Images
IMAGE Getty Images

Мұндай форматта жаттығатын кез келген адам ерте ме, кеш пе бір шекке тіреледі. Алғашқы айлардағы нәтиже жаңашылдық әсерінен болса, одан әрі өсу үшін нақтылық қажет. Өйткені әркімнің дайындық деңгейі, биомеханикасы, әлсіз тұстары, бұрын алған жарақаттары мен қалпына келу ресурсы әртүрлі. Дербес жаттығуларда топтық залдың жарқыраған әдемілігі жоқ, ол көбіне күнделікті қайталанатын бірыңғай еңбекке құрылған әрі «көңілсіздеу» көрінуі мүмкін. Бірақ нағыз өзгеріс дәл осы жерде жүзеге асады. Фитнестің болашағы – дербестендіруде. Топтық залдар жаңадан бастаушылар үшін таптырмас баспалдақ болып қала береді, бірақ нақты нәтиже іздеген адамдар түбінде жеке жаттықтырушыға жүгінеді.

Ұйқы – ағзаның қалпына келу уақыты

Жастық шақта ағзамыз барлық қателігімізді кешіреді. Тынымсыз жұмыс істеп, таңға дейін көңіл көтеріп, ертесіне залда тоқтаусыз жаттықсақ та, өзімізді мызғымас сезінеміз. Алайда бұл жай ғана алдамшы сезім, біз осылайша ағзаның ішкі қорларын сарқып жатамыз. Ал ол қор таусылған сәтте, бүкіл жүйе құрдымға кетеді. Ұйқының қанбауы – бүтіндей бір апат. Ең алдымен ағзаның қалпына келу процесі бұзылады, одан кейін энергия деңгейі түсіп, гормоналды теңгерім мен ми қызметі нашарлайды. Тиісінше, жаттығудың да сапасы төмендейді. Кез келген жаттығудың нәтижесі спорт залында емес, түнде төсекте жатқанда қалыптасады. Дәл осы ұйқы кезінде тіндер жаңарып, гормондар реттеледі және ағза стресске бейімделеді. Ең көп таралған қателік – кешкі уақыттағы ауыр жаттығулар. Адам физикалық тұрғыдан титықтайды, жүрек соғысы жиілейді, дене тыныштық режиміне ауыса алмайды. Салдарынан шамадан тыс шаршаудан туындаған ұйқысыздық пайда болады.

Getty Images
IMAGE Getty Images

2024 жылы Journal of Physiology and Biochemistry басылымында созылмалы ұйқысыздықтың май қабатына қалай әсер ететінін дәлелдейтін зерттеу жарияланды. Ғалымдардың анықтауынша, адам үнемі ұйқыға қанбаған кезде, ағзадағы маңызды зат алмасу тетігі – SIRT1 / FOXO1 / ATGL тізбегі тежеле бастайды екен. Қалыпты жағдайда бұл тетік майды ыдыратып, оны энергия көзі ретінде пайдалануға жауап береді. Бірақ оның жұмысы бұзылғанда, ағза майды тікелей висцералды аймаққа, яғни ішкі органдарға жинай бастайды. Демек, ұйқының бұзылуы білдіртпей салмақ қосуға және метаболикалық денсаулықтың нашарлауына алып келеді.

Фитнес-трекерлер: өз-өзіңді алдауға жол бермейтін көмекшілер

Егер денсаулығыңызды шындап қолға алуды ұйғарсаңыз, Whoop сияқты фитнес-трекерлер таптырмас көмекшіге айналады. Олардың басты құндылығы – біздің көзіміздегі «қызғылт көзілдірікті» шешіп, нақты шындықты көрсетуінде. Сіз өзіңізді қуатқа толымын деп ойлауыңыз мүмкін, ал трекер жүйке жүйеңіздің шамадан тыс жүктелгенін және ағзаның мүлдем қалпына келмегенін көрсетіп тұрады. Өмірден бір мысал келтірейін: мен кешкі онға дейін жұмыс істеп, одан кейін тағы екі сағат залда ауыр жаттығу жасайтынмын. Күніне екі сағат спорт – бәрі мінсіз сияқты көрінетін. Бірақ трекер түнде жүрек қағысымның шектен тыс жиілеп, қалпына келу көрсеткішімнің нөлге жақындағанын көрсетті.

Getty Images
IMAGE Getty Images

Бұл жердегі мәселе спорттың өзінде емес, уақытты дұрыс таңдамауда еді. Мен өз ағзамның қалпына келу процесін өз қолыммен құртып жүрген тұғынмын. Жаттығуды таңғы уақытқа ауыстырған бойда, барлық көрсеткіштер бірден жақсарды. Тағы бір таңғаларлық жайт: мендегідей физикалық салмақ түскен кезде адам небәрі 3-4 минут ішінде ұйықтап кетуі қажет. Ал менде бұл процесс 40 минутқа дейін созылатын. Мен бұған дейін бұл туралы тіпті ойланған да емеспін. Whoop трекері дәл осы түйткілді дөп басып көрсеткен соң, мен бірден әрекетке көштім. Тыныс алу жаттығулары мен парасимпатикалық жүйені іске қосу арқылы жағдайымды бірден ретке келтірдім. Яғни, трекер құр сандарды беріп қана қоймайды, ол сенің әлсіз тұсыңды, өзіңді қай тұста алдап жүргеніңді дөп басып көрсетеді. Әрине, гаджеттер де бәрін 100% көре алмайды, олардың да «соқыр аймақтары» бар. Бірақ олар ағзаның нақты жағдайынан тұрақты хабар беріп отырады. Мәліметтерді ой елегінен өткізе білетін адам үшін мұндай құрылғылар көздеген мақсатқа жетуді әлдеқайда жеңілдетеді. Ең бастысы – шектен шықпау. Егер сіз ауру іздегіштікке бейім болсаңыз, трекердің жүрек қағысы туралы тоқтаусыз ескертулері жүйкеңізді жұқартуы мүмкін. Алайда әр мәліметті сараптай білсеңіз, бұл құрылғылар денсаулығыңызды жақсартуға кететін жылдарды үнемдеп береді.