Жаппай тексерістен өтуге (чекапқа) деген қызығушылықты мәңгілік жастық идеясына еліткен Кремний алқабының жаңа миллиардерлері үдетті – 2020 жылдардың басында олардың көбі ұзақ өмір сүру идеясына қатты берілді. Мұның жарқын мысалы – 2021 жылы қартаюды тежеуге бағытталған Blueprint жобасын іске қосқан бұрынғы мормон миссионері Брайан Джонсон. Оның күнделікті кестесі таңғалдырады: күніне 20-ға жуық биоқоспа мен дәрі қабылдайды. Бірақ ең бастысы – ол өз денсаулығын үздіксіз бақылау жүйесін ойлап тапты: жүрек соғысының жиілігінен бастап түнгі эрекция санына дейін есептейді және ай сайын ішкі құрылыс мүшелеріне МРТ мен колоноскопия жасатқызады.
Егер 2000-шы жылдардың басында мұндай тексерулер Швейцария мен Германияның элиталық клиникаларында ғана, азды-көпті эксклюзивті түрде қолжетімді болса, он жылдан кейін ірі қалалардың көбіндегі жекеменшік орталықтарда пайда бола бастады. Ал бүгінде чекап жасату – косметологқа барумен тең үйреншікті әдетке айналды.
Алайда жыл сайынғы скринингтер шынымен әр адамға қажет пе? Дәрігерлердің пікірі екіге жарылды: бірі мұны қызу құптаса, енді бірі белгілі бір сақтықпен қарайды. Дегенмен сарапшылар бір мәселеде ортақ мәмілеге келді: денсаулыққа деген көзқарас қатаң түрде жеке сипатта болуы тиіс.
Басқаша айтқанда, жоспарлы чекаптар (шағымсыз, дені сау адамның «өзім үшін» тапсыратын талдаулары) мен емдеуші дәрігердің нақты шағымдарға, тұқым қуалаушылыққа, жас ерекшелігіне және басқа да факторларға сүйене отырып тағайындайтын мақсатты тексерулерінің аражігін ажырата білу маңызды.
Игорь Абдуллаев
Уролог, онкоуролог, андролог, медицина ғылымдарының кандидаты

Расымен де, гипердиагностика (артық диагностика) мәселесі бар – бұл емдеуді қажет етпейтін болмашы ауытқуларды анықтау деген сөз. Дегенмен, беделін бағалайтын клиникалар науқас есебінен пайда табу үшін оларды қажетсіз қосымша тексерулер мен процедураларға жібермейді. Білікті дәрігер не нәрсеге назар аудармауға болатынын сізге өзі-ақ айтып береді.
Дер кезінде жасалған чекаптың пайдасы орасан зор, өйткені менің саламдағы қауіпті аурулардың дені симптомсыз өтеді – адам бірдеңе дұрыс емес екенін дерт асқынғанда ғана байқай бастайды. Сондықтан жүйелі тексерулер – сөзсіз қажеттілік.
Тексерісті қай жастан бастау керек? Меніңше, бұл туралы алғаш рет 36–40 жас аралығында ойлану қажет. Бұл жаста адам өзінде сүт безі қатерлі ісігіне немесе қуық асты безінің қатерлі ісігіне генетикалық бейімділік бар-жоғын түсініп үлгеруі тиіс. Ең дұрысы – болашақ тексерулерге арналған жеке папка арнау. Дәрігер оған пациенттің өмір салтына қарай түзетілетін ұсыныстарын енгізіп отырады, себебі адамның өз әрекеті – ұйқыға, тамақтануға, спортқа деген қарым-қатынасы өте маңызды фактор саналады.
Медицинаға, оның ішінде менің салам – урологияға келсек, бұл жаста жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға тексеріліп, гормоналды профильді, атап айтқанда тестостерон деңгейін тексеру, сондай-ақ дәрумендер мен минералдар тапшылығына зерттеу жүргізу қажет. Простата қатерлі ісігін ерте сатыда анықтау үшін ПСА (простаталық спецификалық антиген) тапсыру, бүйрек, қуық және қуық асты безіне УДЗ жасау керек. Бұл зерттеулер маған артық болып көрінбейді, керісінше, әр ер-азаматқа ең қажетті минимум осы.
Диагностикада инновациялық әдістер барған сайын кеңінен қолданылуда. Бүгінде бұл – мультиспиральды компьютерлік томография (МСКТ), позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ), магнитті-резонанстық томография (МРТ). Бірақ бұл – бастапқы скрининг емес, тереңдетілген зерттеулер екенін ұмытпаған жөн. Бұл – бастапқы қарап-тексеру кезінде күдік туындаған жағдайда ғана ауруды анықтауға мүмкіндік беретін жоғары деңгейлі әдістемелер. Сонымен қатар медицинада жасанды интеллект (ЖИ) белсенді дамып келеді – осыдан он жыл бұрын мұндай мүмкіндік болмаған еді.
Мен өз пациенттеріме былай деймін: маған сіздің бір жылдан кейінгі жағдайыңыз емес, 15–20 жылдан кейін денсаулығыңыздың қандай болатыны маңызды. Мен оларды 100 жасқа дейін өмір сүруге бағыттаймын – ұзақ өмір сүру мәселелері мен үшін өте өзекті. Жақында Жапонияда болдым және ол жақта кең таралған қағидаларды берік ұстанамын: балық, көкөніс пен жемістерге басымдық беретін теңдестірілген тамақтану, сондай-ақ майды, қантты және жалпы калорияны сіз қалаған мөлшердің 80%-ына дейін шектеу. Оған қоса белсенді өмір салты, өмірлік мақсатты қолдау туралы жапондық түсінік, үнемшілдік, психикалық саулыққа қамқорлық және дұрыс әлеуметтік байланыстар маңызды. Ал бәрімізге қажетті дене шынықтыруға келсек, мен пациенттеріме қолдың көмегінсіз еденге отырып, қайта тұру жаттығуын ұсынамын.
Наталья Колесникова
Пульмонолог-реаниматолог, АҚШ клиникаларында 10 жылдан астам тәжірибесі бар маман

Қазақстанда да, шетелде де көптеген клиникалар жарнамалайтын, ешқандай көрсетілімсіз жасалатын кеңейтілген зертханалық тестілеу, яғни чекап – пайдасыз ғана емес, тіпті зиянды болуы мүмкін. Мысалы, елеусіз ауытқулар анықталып, соның салдарынан көптеген қосымша, жиі инвазивті тексерулер тағайындалады. Ал олардың өзі асқынуларға әкелуі ғажап емес. Дәрігерге қосымша бару мен стрессті айтпағанның өзінде.
Ал егер сіз аурудың дамуын көрсететін симптомдарға сүйене отырып тексерілсеңіз – бұл басқа мәселе. Бұл бауыр мен қалқанша безінің қызметін зерттеу немесе гипертония мен қант диабеті кезінде ұсынылатын зерттеулер болуы мүмкін. Егер сізді бір нәрсе мазаласа, мысалы, ұйқысыздық, іштің ауыруы немесе тез шаршау – чекапты өз бетіңізше тағайындамай, емдеуші дәрігерге жүгінген абзал. Ол отбасылық ауру тарихын тыңдап, бастапқы тексеру жүргізеді және нақты қандай зерттеулер жасау керектігін айтады. Олардың көбі жас ерекшелігіне қарай тағайындалады. Мысалы, соңғы кездері трендке айналған колоноскопияны (егер ішек аурулары мазаламаса, Крон ауруы сияқты ішек дерттері және жас кезінде ішек қатерлі ісігімен ауырған туыстарыңыз болмаса) 50 жастан кейін ғана жасаған жөн, одан ерте емес.
Дегенмен, тексерулерге қатысты жалпы ұсыныстар бар: кейбір дәрігерлер жыл сайын АИТВ (ВИЧ), В және С гепатиттеріне, жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға талдау тапсыруға кеңес береді. Әйелдерге, бұған қоса, жылына бір рет гинеколог пен маммологқа қаралу, онкоцитологияға жағынды тапсыру, сүт бездеріне УДЗ және/немесе маммография жасау ұсынылады. 45 жастан кейін дәрігерлер барлығына тоқ ішек қатерлі ісігіне скринингтен өтуді ұсынады.
Ең дұрыс стратегия – сіздің емдеуші дәрігеріңіздің бүкіл ағзаны ойланбастан чекапқа жібере салмай, барлық скринингтер картасын (зерттеу түрі, мерзімі мен күндері) жеке жасап беруі. Бұл «денсаулық картасында» міндетті түрде жеке ерекшеліктер, яғни созылмалы аурулар, жеке немесе отбасылық анамнез ескерілуі тиіс.
Сонымен қатар, арнайы (мақсатты) чекаптардың да маңызы зор. Олар әртүрлі болады: спорттық (әсіресе жаңадан бастаушыларға арналған) – тексеру нәтижесі бойынша ағзаның күйіне қарай жаттығу түрі мен рұқсат етілген жүктеме деңгейі ұсынылады; стоматологиялық – ауыз қуысының кешенді диагностикасы, бұл оның саулығын қадағалап қана қоймай, жасқа байланысты өзгерістерді (тістердің жылжуы, эмальдың желінуі, микрожарықтар және қызыл иектің төмендеуі) бақылауда ұстауға мүмкіндік береді; неврологиялық – ми жұмысын, жүйке жүйесін және үйлесімділікті (координация) тексеру; психологиялық – эмоционалды жағдайды, күйзеліс деңгейін және менталды саулықты профилактикалық бағалау.
