Special|Tatler Beauty & Health

«Бу философиясы»: монша бізді шынайы болмысымызға қалай қайтарады?

Автор Марина Аничкина
24.11.2025
«Бу философиясы»: монша бізді шынайы болмысымызға қалай қайтарады?
Қашықтан жұмыс істеп, жалғыздық жайлаған заманда монша әлеуметтік маскалар шешіліп, шынайы қауымдастық құрылатын сол баяғы «үшінші орынға» айналды

Менің моншамен таныстығым бала кезден басталды. Ол кезде моншаның иісі маған жағымсыз, тым ащы, қолқаны қабатын иіс болып көрінетін. Бұл – буға жібіген қайың сыпырғысының иісі еді. Сыпырғы демекші, олар біздің үйде барлық жерде тұратын: атамның пәтерінде кептіріліп тұратын, ал жазда онымен бірге саяжайға «көшетін». Осы бір бала күнгі естеліктің кесірінен болар, отызға келгенше моншаны тек қарттардың ермегі, радикулитпен алысқан зейнеткерлердің орны деп ойлайтынмын. Менің бұл пікірім қаланың күйбең тіршілігінен шаршап, жан тыныштығын іздеген сәтте ғана өзгерді. Мен сол тыныштықты еш күтпеген жерден – әйелдердің ортақ бу бөлмесінен таптым. Мәрмәр тастың үстінде жатып, ыстық суға шомылғанда бұл жердің тылсым сырын түсінгендей болдым. Айналамдағы жалаңаш әйелдердің бәрі бірдей шаршаңқы, бірақ бәрі бірдей бақытты еді. Сол сәтте менің бойымдағы ескі стереотиптердің бәрі жойылып кетті.

Егер «wellness», «detox» және «mindful living» сияқты сәнді маркетингтік терминдерді ысырып қойсақ, моншаның адамзат ойлап тапқан ең көне әлеуметтік технология екенін көреміз. Орыстарда – монша, түріктерде – хамам, жапондарда – онсэн. Әр халық бұл рәсімді әртүрлі атағанымен, оның түпкі мағынасы біреу: адамды ретке келтіру. Бұл жай ғана кірден арылу емес, әлеуметтік рөлдерді сыпырып тастап, миды тыныштандыру деген сөз. Бу мәдениетін өнер деңгейіне көтерген финдер: «Барлық адам тең жаратылған, бірақ бұл саунадағыдай еш жерде анық байқалмайды», – деп өте дәл айтқан.

Тарихи тұрғыдан монша үйдің ең таза бөлмесі және өтпелі кезеңдердің киелі орны саналған. Мұнда дүниеге сәби келіп, науқастар емделген және марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салған. Мұржасы жоқ, қара түтін басқан ескі моншаларда тек денені ғана емес, кеңістіктің өзін де тазартатын болған. Сенім бойынша, түтін ауру мен уайымды өзімен бірге аластайды екен. Сансыз хабарламалардан шаршаған қазіргі ми үшін де мұның қисыны түсінікті: ойыңды тазарту үшін су мен жылудың құшағына ену қажет.

Кезінде социолог Рэй Ольденбург «үшінші орын» деген түсінікті енгізген болатын. Бірінші орын – үй, екінші орын – жұмыс. Ал «үшінші орын» – адамдар қоғамның бір бөлшегі екенін сезіну үшін баратын бейтарап, ашық кеңістік. ХХ ғасырда бұл рөлді дәмханалар, наубайханалар, шағын аулалар мен кітапханалар атқарды. Алайда XXI ғасырда бұл кеңістіктер жоғалып немесе өзгеріп жатыр. Қашықтан жұмыс істеу форматы үй мен кеңсе арасындағы шекараны жойып жіберді, мегаполистегі кептеліс кездесуге кедергі келтіреді, ал әлеуметтік желідегі алгоритмдер шынайы әңгімені алмастырды. Дәл осы тұста сахнаға қайтадан монша шығады. Ол адамдар ортақтық сезімін іздеп келетін сол баяғы «үшінші орынның» міндетін мойнына алды. Бұл – үлкен қала лабиринтіндегі жанға дауа болатын құтқару нүктесі іспетті.

Бұны танымал орындардың статистикасы да растайды. Алматыдағы аты аңызға айналған «Арасан» монша кешенінің директоры Бауыржан Қосанов қызықты үрдісті байқағанын айтады: «Соңғы жылдары «Арасанның» аудиториясы айтарлықтай өзгерді. Егер бұрын монша аға буын ер-азаматтарының рәсімі ретінде қабылданса, бүгінде ол қарым-қатынас құратын және өзіңе күтім жасайтын сәнді қауымдастық орталығына (community hub) айналды. Біз келушілердің «жасарғанын» байқап отырмыз: 30 жасқа дейінгі қонақтардың үлесі екі есеге жуық өсті. Қазір жас кәсіпкерлер, креативті мамандар, IT саласының өкілдері және инфлюенсерлер жиі келеді. Дегенмен «Арасанға» ондаған жылдар бойы келіп жүрген тұрақты қонақтардың қарасы азайған жоқ, олар үшін бұл бұлжымас отбасылық дәстүр болып табылады».

Сәулетші Айсұлу Уәли өз бойындағы күмәннің махаббатқа қалай ұласқанын былай баяндайды:

«Мен қоғамдық моншаға құрбымның туған күнінде, жай ғана серік болу үшін бардым. Бастапқыда ескі кафель, жапырақтың иісі маған ескі заманды бірден еске салды. Айналамдағы жалаңаш адамдардан қысылып, тіпті қорықтым десем де болады. Бірақ кейін бұл жердің ережесіне бағынып, босаңсуды ұйғардым. Сөйтсем, ауыр жұмыс күнінен кейін будан артық ем жоқ екен. Көп ұзамай мұндай сапарлар әдетке айналды. Енді монша – менің кестемдегі өзгертуге келмейтін маңызды пункт. Ол жақтан шыққанда, денең мен жаның үшін бір қайырлы іс тындырғаныңды анық сезінесің».

Бу бөлмесі – емін-еркін сырласатын, теңдік орнаған сирек орын | Getty Images
IMAGE Бу бөлмесі – емін-еркін сырласатын, теңдік орнаған сирек орын | Getty Images

Отыз бес жастағы креативті продюсер әрі сценарист Сабира Жомарттың да оқиғасы осыған ұқсас. Ол алғаш рет қызығушылықпен барып, соңында 15 жылдық дәстүрге айналдырған.

«Жалғыздық індеті өршіп, достық тек смартфон экранымен шектелген заманда, моншаға бірге бару – жұмысты сылтауратып кездесуді кейінге қалдыра беретін құрбыңды үйден шығарудың таптырмас амалы. Моншада телефон жоқ, сондықтан әңгіме де шынайы өрбиді. Будан шыққан соң жаңа аптаны неден бастау керектігі айдан анық болып қалады», – дейді Сабира.

Қоғамдық моншаның ең таңғаларлық тұсы – ұрпақтар сабақтастығы. Бұл жерде иерархия мен мәртебе жойылады. Ағаш сәкіде иық тірестіріп студенттер мен әжелер, танымал модельдер мен мұғалімдер, жаңадан келгендер мен осы жерге 50 жылдан бері үзбей келетіндер қатар отырады. Бұл кеңістікте тәжірибеге деген құрмет оянады. Бұл қатаң патриархалдық иерархия емес, білімнің байсалды түрде берілуі: сыпырғыны қалай дұрыс булау керек, ыстыққа қанша минут шыдаған жөн, ауаға қашан шығу керек, қандай шөп шай ішкен пайдалы деген сияқты. Түптеп келгенде, монша қарапайым ортақ әрекет арқылы адамдар арасындағы жоғалған байланыстарды қалпына келтіреді.

Тағы бір маңызды жайт: монша – абсолютті теңдік салтанат құрған сирек орын. Мұнда бізге үйреншікті билік пен байлықтың белгілері жүрмейді: қымбат телефон шкафта, сәнді киім сөмкеде қалады, әшекейлер шешіледі. Бір қызығы, дәл осы физикалық «жалаңаштық» әңгімені салмақты, ал тақырыпты терең ете түседі. Әлеуметтік сауытымызды шешкенде, біз шынайы бола түсеміз.

AsiaThaiSpa құрылтайшысы Әлібек Міржақыпов бұл ойды былай деп қуаттайды:

«Массаж, жылу, хош иіс және қамқорлық арқылы біз адамдарға маңызды нәрсені еске саламыз: өзіңе күтім жасау – сән-салтанат емес, бұл – өмірге деген алғыстың табиғи көрінісі. Біз wellness мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілгенін көріп отырмыз: адамдар бізге бұлшықетін босату үшін ғана емес, менталды күйзелістен арылып, өмірдің дәмін сезіну үшін келеді».

Шынымды айтсам, мен де тәуелді болып қалдым. Процестің өзіне тәуелдімін. Жылу күшейген сәтте мидағы сансыз ойлар сейіліп, жоғалады. Алдымен ыстыққа қалай шыдасам екен деп ойлайсың, кейін мүлде ойлауды қоясың. Осы сәтте дене мен сана үндестік табады. Йога мұғалімім айтпақшы, the monkey mind finally calms down («маймыл санасы», яғни бір орында тұрмайтын мазасыз ойлар ақыры тынышталады).

Біреулер мұны «табиғи кайф» деп атайды – бұл ешбір бардан сатып ала алмайтын терең тыныштық күйі. Бірде демалыс аймағында жатып құрбым кенет: «Мен бұл қаладан ешқайда көшпеймін. Өйткені мұнда – менің моншам бар», – деді. Егер бұл тәуелділік болмаса, онда не? Бірақ бұл – ұялатын тәуелділік емес. Ол ақталуды қажет етпейді және шындықтан қашу (эскапизм) болып табылмайды. Керісінше, бұл бізді «mindfullness» өнеріне, яғни осы сәтте және осы жерде болуға баулитын тәуелділік. Ал бұл қабілет, өздеріңіз білетіндей, біздің психикамызды орнықты етеді.

Монша – жай ғана романтикалық тренд емес. Бұл – әлеуметтік гигиена құралы. Бұл – ғасырлар мен жүздеген сәнді тұжырымдамалардан аман қалған, дене мен эмоцияны қайта жүктеудің ең қарапайым әрі қолжетімді түрі. Оның тиімділігі уақытпен дәлелденген. Айна, гаджет және сағат жоқ ыстық бөлмеде адам кенеттен өзінің шынайы болмысына оралады. Монша мәртебе мен шен жойылатын теңдік зертханасы сияқты жұмыс істейді. Ол бізге виртуалды әлемдегі жалпақ аватар емес, осы әлемде өзіндік физикалық салмағы бар адам екенімізді еске салады. Бәлкім, моншаның қазіргі «қайта түлеуі» содан болар. Бұл ешкім біреуге әсер қалдыруға тырыспайтын сирек орын. Мұнда тек бір ғана нәрсе қажет: отыру, тыныстау және судың тамшылаған дыбысын тыңдау.