Special|Tatler Beauty & Health

Болашақ келбеті: косметологтар сұлулық әлеміндегі түбегейлі өзгерістер жайлы ой бөлісті

Автор Анара Кукиева
24.11.2025
Табиғи сұлулыққа деген құштарлық әйелдерді косметологтардан қалған жасанды «артықшылықтардан» арылуға итермелейді | Freepik
IMAGE Табиғи сұлулыққа деген құштарлық әйелдерді косметологтардан қалған жасанды «артықшылықтардан» арылуға итермелейді | Freepik
«Қиналу эстетикасы» өз орнын «жеңілдік эстетикасымен» алмастырды. Сұлулық құрбандықты талап етуді қойып, косметологтың араласуы сырт көзге мүлде шалынбайтын нәзік өнерге айналды

Сұлулық жайлы қалыптасқан түсініктің түбегейлі өзгергенін байқау қиын емес. Жақында ғана құрбыларыммен кофеханада әңгіме-дүкен құрып отырып, еріксіз мынандай ойда қалдым: айналамнан тым үлкейтілген бетсүйектерді, ұстараның жүзіндей өткір иектерді және сол баяғы, көзге ерсі көрінетін үлкен еріндерді көрмейтін болыппын. Керісінше, қарсы алдымда – бір-біріне ұқсамайтын (құдайға шүкір!), сұлу, жүздері бал-бұл жанған және ең бастысы, бояусыз дерлік қыздар отыр. «Қарапайымдылық пен саналылық» (very demure, very mindful) үрдісі сұлулық медицинасына да дендеп енген сыңайлы.

Соңғы жылдардағы ең үлкен өзгеріс филлерлерге деген көзқарастың өзгеруінен басталды десек, қателеспейміз. Табиғилыққа ұмтылған әйелдер жасанды «артықшылықтардан» жаппай арыла бастады: ерін мен бетсүйектер бұрынғы ісіңкі көлемінен арылып, жақ сызығы қайтадан жұмсақ әрі нәзік кейіпке енді. Бұл тек менің жеке байқағаным емес, кәсіби мамандардың да пікірі.

Getty Images
IMAGE Getty Images

«Бүгінде косметология бір зауыттан шыққандай бірдей жүздерден бас тартуда, – деп растайды Sozo Clinique бас дәрігері Ақмарал Жамбылова. – Осыдан он жыл бұрын айқын контурлар сұлулықтың мінсіз үлгісі саналып, контурлық пластика ең көп жасалатын процедура еді. Қазір келушілер артық көлемнен өздері бас тартып жатыр, өйткені бәріміз филлерге шектен тыс әуестенудің салдарын – ісінуді, тіннің созылуын және препараттың жылыстауын (әсіресе ерін аймағында) өз көзімізбен көрдік».

Дегенмен дәрігер гиалурон қышқылынан толықтай бас тартудың қажеті жоқ екенін, егер оны орынды әрі мөлшерлеп қолданса, ол таптырмас құрал болып қала беретінін ескертті.

«Біз жай ғана сақтанып жұмыс істеуге көштік. Бұрын бізді үйреткендей филлерді көп мөлшерде салу – даралығы жоқ, ісіңкі әрі бірдей жүздердің көбеюіне әкеледі. Шынын айту керек, біз, косметологтар да кезінде маркетингтің құрбаны болдық. Конгрестерде бізге: «Керемет нәтиже алғыңыз келе ме? Бес екпені бірден салыңыз», – деп үйрететін. Сол сәтте нәтиже таңғалдырғанымен, уақыт өте келе филлердің баяу еритіні, суды ұстап қалып, жүзді өзгертетіні белгілі болды», – дейді маман.

Sozo Clinique бас дәрігері Ақмарал Жамбылова
IMAGE Sozo Clinique бас дәрігері Ақмарал Жамбылова

Бір қызығы, табиғилыққа деген сұраныс ботулотоксинге деген қызығушылықты бәсеңдеткен жоқ, керісінше арттырды. Бұрын жұрт одан оттай қорқып, «мен ботокс салдырдым» деу ұят саналса, бүгінде бұл дәрі кеңінен қолданылуда. Бірақ маңызды бір ерекшелік бар: енді оны нүктелеп емес, бет пен мойынға түгелдей, аз мөлшермен егеді, бұл әдіс «full face» деп аталады.

Бұл әдістің артықшылығы неде десеңіз, жауабы қарапайым. Егер ботокс тек маңдайға немесе қас арасына салынса, басқа аймақтардағы бет қимылы белсенді күйде қалады да, тепе-теңдік бұзылады: беттің жоғарғы жағы «қатып қалады», ал төменгі жағы қозғала береді. Нәтижесінде бет әлпеті табиғи емес, тіпті ашулы көрінуі мүмкін. Ал «full face» тәсілі барлық бұлшықеттің жұмысын ескеріп, оларды біркелкі, жұмсақ босаңсытады. Қазіргі басты мақсат – эмоцияны «қатырып тастау» емес, оны үйлесімді ету. Дәрігер препаратты дұрыс мөлшерлеу арқылы жанды эмоцияларды сақтап қалады, бірақ шаршаңқы көрінетін әжімдер мен қатпарларды жазады. Соның арқасында жүзіңіз жай ғана ұйқысы қанған немесе демалыстан оралған адамдай балғын көрінеді.

Филлер сәннен қалды. Ендеше орнын не басты?

Жауабы айқын: тері сапасы. Қазір барлық косметологтардың айтатыны да, келушілердің қалайтыны да – осы. Сау тері тығыздық, біркелкі түс және жарқырап тұру сияқты үш белгімен анықталады.

Теріні тығыз ету үшін дәрігерлер инъекция мен аппараттық әдістерді ұштастырады. Косметологиядағы жаңа дәуір – коллагенді ынталандыру десек, мұндағы көшбасшылар – полинуклеотидтер (PDRN немесе «лосось ұрығы») және полисүт қышқылы.

«Инемен енгізілген препарат коллаген өндіру процесін қатты қарқынмен іске қосады. Мысалы, Rejuran брендінің көз айналасына, ылғалдандыруға және тыртықтармен жұмыс істеуге арналған тұтас топтамасы бар, оларды аппараттармен бірге қолданғанда нәтижесі керемет болады», – деп бөлісті Ақмарал Жамбылова.

DostykMed клиникасының косметологы Анна Кученева да әріптесімен келіседі:

«Егер келушінің балыққа аллергиясы болмаса, тыртықтарды емдеу үшін мен көбіне полинуклеотидтерді таңдаймын. Мен әрқашан аппараттар мен инъекцияны қатар қолдануға тырысамын. Мысалы, микроинелі RF-лифтинг жасар алдында міндетті түрде биоревитализация жасаймын, бұл жасушаларды (фибробластарды) «тірілтіп», нәтижені жақсартады».

DostykMed клиникасының косметологы Анна Кученева
IMAGE DostykMed клиникасының косметологы Анна Кученева

Инъекция әлемінің тағы бір қаһарманы – полисүт қышқылы.

«Біз оның қайта түлегенін көріп отырмыз, – дейді Ақмарал. – Ол осыдан он жыл бұрын пайда болған, бірақ асқынуларға байланысты қолданыстан шығып қалған еді. Фарминдустрия қателіктен сабақ алып, жаңа, қауіпсіз препараттар шығарды. Бұл синтетикалық молекула тері астына енгенде, ағзаны коллаген өндіруге мәжбүрлейді. Бірақ мен қауіптер туралы ескертуді маңызды санаймын, себебі асқынулар болуы мүмкін. Әдетте мен «полисүт қышқылын» терісін шынымен тығыздауды қажет ететін 35 жастан асқан әйелдерге ұсынамын, ал көрсетілім болмаса, басқа әдісті таңдаймын».

Біркелкі реңк пен іштен нұр шашқандай жарқыраған тері (Кореядан келген glow effect) – қазіргі әйелдердің басты арманы. Біз тональды кремді аз жағып, әлеуметтік желіде сүзгілерді (фильтр) қолданбауды қалаймыз. Тері айна сияқты жұмыс істейді: бет неғұрлым тегіс әрі ылғалды болса, жарықты соғұрлым жақсы шағылыстырады. Реңкті түзеу үшін косметологтарда лазерлердің тұтас шоғыры бар.

Getty Images
IMAGE Getty Images

Дегенмен, мұнда бір нәзік тұс бар. Егер сөз мелазма (гормоналды дақтар) туралы болса, оны лазермен «қыздыруға» болмайды. «Мелазманы емдеу зергерлік дәлдікті талап етеді. Тіндерді қыздыруға болмайтындықтан, көмекке пикосекундтық лазер келеді. Оның импульсінің қысқалығы сонша, біз оны көріп те үлгермейміз, ол пигментті теріні күйдірмей, шаң сияқты уатып жібереді», – деп түсіндірді Ақмарал.

Ал ұсақ тамырларды (купероз, розацеа) емдеуге фототехнологиялар (IPL, BBL) таптырмас құрал: мұндай процедуралар курсы «көзді шаршататын» ұсақ дақтар мен тамырларды жойып, бетті таза әрі біркелкі етеді.

Сән қуу емес, саналы таңдау

Ал теріні тегістеу (шлифовка) ше? Олар «гуманды» косметология тұжырымдамасына сай келе ме? Әлбетте. Лазерлік тегістеу тесіктерді кішірейтуден бастап, тыртықтарды кетіруге дейігі көптеген мәселені шешеді. Бірақ технология дамыды: енді бұл міндетті түрде қан аралас қабыршақпен жүру және үйде бір апта жату деген сөз емес. Гибридті HALO немесе Frax Pro сияқты заманауи лазерлер өте нәзік жұмыс істейді.

«Маған Frax Pro аппаратында тері құрылымымен жұмыс істеген ұнайды, – дейді Анна Кученева. – Бұл терең тегістеу емес, сондықтан қалпына келу уақыты аз: небәрі бір-екі күн сәл қызарып жүресіз. Бірақ нәтижесі керемет: тері тегістеліп, тесіктер байқалмайтын болады. Candela аппаратының Life & Bright деген тамаша хаттамасы бар: алдымен біз фотожарқылмен (IPL) дақтарды кетіреміз, содан кейін теріні лазермен жылтыратамыз. Бұл теріге сол баяғы күтім көрген, ажарлы және тығыз көрініс береді».

Getty Images
IMAGE Getty Images

Сөз соңында маман өте маңызды ескерту жасады:

«Қазіргі косметологияның ең үлкен дерті – ойланбай әрекет ету. Көптеген қыздар SMAS-лифтинг немесе инелі RF сияқты күшті процедураларды қажеттілігі болмаса да, жай ғана сәнге еліктеп жасатады. Арық қыздарда бұл беттің одан әрі суалып, шаршаңқы көрінуіне әкелуі мүмкін. Зиян келтірмей, теріні тығыздау үшін Fraxel сияқты жұмсақ лазерді таңдаған дұрыс, себебі ол терінің беткі қабатымен жұмыс істейді және тері астындағы майды ерітпейді. Бүгінгі басты кеңес біреу-ақ: кез келген процедураға сән қуу үшін емес, саналы түрде келіңіз».