Осы жылдың мамыр айында 69 жастағы Крис Дженнер Парижде көпшілік алдына шығып, ел назарына ілікті. Оның жүзінің балғын әрі тартымды болғаны соншалық, журналистер, пластикалық хирургтар және қарапайым Instagram қолданушылары жаппай «тергеу» жүргізіп, оның кімге және нақты не жасатқанын анықтауға тырысты. Былтыр Линдси Лохан да қоғамда дәл осындай әсер қалдырған еді. Желідегі қырағы қауым Крис соңғы жылдары ең көп талқыланатын процедура – deep plane facelift (бетті терең қабатта тарту) жасатқан деген тоқтамға келді.
Классика мен Тренд: Deep Plane дегеніміз не? Кәсіби хирургтар deep plane төңірегіндегі дүрмекке жымиып қана қарайды, себебі фейслифтингтің бұл түрі – жаңа әдістеме емес, уақытпен сыналған классика. Оның дәстүрлі SMAS-лифтингтен басты айырмашылығы – әсер ету тереңдігінде. Классикалық SMAS кезінде хирург теріні SMAS-қабаттан (бұлшықет-апоневротикалық жүйе) ажыратып, оны қысқарту немесе жылжыту арқылы тартып, жаңа қалыпта бекітеді де, артық теріні алып тастайды. Нәтижесінде бет тартылып, мұрын-ерін қатпарлары мен ұрттың салбырауы жоғалады, бет сопағы айқындала түседі. Ал Deep plane facelift SMAS-тан тереңірек деңгейде жұмыс істейді: хирург фасцияны жай ғана тартып қоймайды, ол теріні бұлшықеттен ажыратпастан, теріні, SMAS-ты және оның астындағы май пакеттерін біртұтас блок ретінде жылжытады.
Бұл әдіс тіндердің қанмен қамтамасыз етілуін сақтап қалуға және көлемді табиғи жолмен қайта бөлуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде беттің ортаңғы бөлігі айқын көтеріліп (лифтинг), «тартылып қалған маска» әсерінсіз, жұмсақ әрі табиғи жасаруға қол жеткізіледі. Пластикалық хирургтар атау қуып, тек deep plane жасатуға ұмтылмауға кеңес береді. Ең маңыздысы – хирургқа сенім білдіру. Яғни, сіз үшін классикалық әдіс тиімді ме, әлде «сәндегі» түрі ме – оны маманның өзі шешуі керек. Себебі deep plane әдісін дәл сол күйінде екінші рет жасау мүмкін емес. Сонымен қатар, фейслифтингтің бұл түрі бетінде жұмсақ тіндері көп пациенттерге немесе артық салмағы бар қыздарға әрдайым келе бермейді.

Эндоскопиялық тарту әсіресе жас жүздерге жақсы келеді
«Бет тартудың» екінші полюсінде – эндоскопиялық оталар тұр. Егер классикалық фейслифтинг ұзын тіліктерді, үлкен тері бөліктерін ажыратуды және SMAS-ты бекітуді қажет етсе, эндоскопиялық лифтинг – сол терең қабаттармен жұмыс істеу, бірақ шаш арасындағы, самайдағы, кейде құлақ арты мен иек астындағы 1–1,5 сантиметрлік кішкентай тіліктер арқылы жүзеге асады.
Эндоның басты идеясы: жарақат аз, тамырлар аз зақымдалады, қан айналымы бұзылмайды – демек, жазылу тез жүреді және ісіну аз болады. Эндоскопиялық тарту арқылы қас пен самайды көтеруге, қабақтың түсуін түзетуге және жоғарғы қабақтағы «жалған артық теріні» (тері салбырап тұрғандай көрінгенмен, шын мәнінде қастың төмен түсуінен болатын жағдай) жоюға болады. Эндоскопиялық тарту әсіресе жас жүздерге жақсы келеді. PromoItalia клиникасының пластикалық хирургы Вячеслав Литвинов эндоны таңдау кезінде пациенттер естігісі келмейтін бір нюанс бар екенін баса айтады.

«Эндоскопия – тіндердің өздігінен жиырылу қабілеті бар кезде таптырмас шешім. Бұл – жас пациенттер, бет сопағы мен мойын пішінін жоғалта бастаған, бірақ терінің сапасы әлі жақсы болған кез. Егер тері тым мол болса, адам қатты арықтаса немесе тіндер тым созылып кетсе – эндоскопия көмектеспейді. Мұндай жағдайда тек ота жасау қажет. Менің арманым – барлығын эндоскопиялық жолмен жасау. Және біз шынымен осы бағытқа қарай жылжып келеміз.
Бірақ бұл әдіс бәріне бірдей жарамайды және мен мұны ашық айтамын. Өйткені терінің өзі – тіреуіш элемент емес. Негізгі тірек – ол фасциялар, байламдар және SMAS. Біз соларды іліп алып, жоғарыға бекітеміз. Ал тері жай ғана сол жаңа «қаңқаның» сыртынан тартылып, уақыт өте келе өз формасын табады. Егер тері шүберектей босап кетсе және жиырылмаса – оның бір бөлігін кесіп тастау қажет. Бұл жерде бос қиялға орын жоқ». Вячеслав Литвинов, PromoItalia клиникасының пластикалық хирургы

Блефаропластика
Қабақты кесуге асықпаңыз Бұл – Қазақстандағы ең көп жасалатын оталардың бірі. Жас пациенттер хирургқа көз пішінін өзгерту үшін, яғни азиялық қабақты еуропалық пішінге келтіру үшін келсе, ересек пациенттер жас ерекшелігіне байланысты салбыраған қабақты түзетуге және төменгі қабақтағы жарықтарды алуға немесе қайта үлестіруге жүгінеді.
«Жоғарғы қабаққа қатысты маңызды нюанс бар. Пациенттер жиі: «Менің қабағым салбырап тұр, терісін кесіп тастаңызшы», – деп келеді. Бірақ шын мәнінде оның қабағы созылмаған. Мәселе беттің жоғарғы бөлігінің – маңдайдың, қастың, самайдың тұтастай төмен түсуінде жатыр. Маңдай гравитациясы салбыраған қабақ иллюзиясын тудырады. Егер мұндай жағдайда жай ғана «қабақ терісін кессек», біз «ота жасалған көздің» классикалық кейпіне енгіземіз: бос, дөңгеленген, созылған, кейде тіпті ауырсына сығырайған жанар пайда болады.
Сондықтан көп жағдайда адал әрі дұрыс шешім мынадай: әуелі беттің жоғарғы бөлігін көтеру (самай лифтингі), содан кейін ғана, қажет болса, қабақтағы кішкентай артық теріні (егер қалса) ұқыптап алып тастау. Яғни, жоғарғы қабақ блефаропластикасы – көбіне негізгі емес, қосымша ота. Мен төменгі қабақты қазір теріге тиіспей, ішкі тілік арқылы өте нәзік жасаймын. Менің міндетім – жай ғана жарықтарды кесіп тастау емес, көз астында қапшықтар мен ойықтар болмауы үшін май пакеттерін қайта бөлу», – дейді Вячеслав Литвинов.
Жас кезімдегідей өз жүзім болса, бірақ фотодағыдай мінсіз көрінсе
Липофилинг
Жастық шақтың көлемін қайтару «Жас кезімдегідей өз жүзім болса, бірақ фотодағыдай мінсіз көрінсе» деген сұраныс, пациенттің жасы 60-тан асса да, азаяр емес. Мұндай нәтижеге жету үшін фейслифтингтің өзі жеткіліксіз болуы мүмкін. Көлеммен жұмыс істеу үшін хирургтар липофилингке жүгінеді – яғни, жоғалған көлемді дененің басқа аймақтарынан алынған адамның өз майымен толтырады.
«Мен липофилингті жақсы көремін, бірақ оны өте абайлап қолданамын. Ота алдында мынаны түсіну керек: пациенттен алынған майдың бәрі бірдей сіңісіп кетпейді. Егер 50–60 пайызы қалса, қуанамыз. Сондықтан бұл бір реттік процедура емес, әдетте екі-үш кезеңнен тұрады. Одан бөлек, май енгізуге болмайтын аймақтар бар. Мысалы, мен оны төменгі қабақ астына енгізбеуге тырысамын – бұл қозғалмалы аймақ болғандықтан, май түйіршіктеліп қалуы мүмкін. Нәтижесінде көз астында шар тәрізді төмпешіктер пайда болады. Ал самай ойығы, иек үшін – бұл әдіс таптырмас шешім. Липофилинг ересек пациенттерде жас ұлғайған сайын «ойылып» кететін мұрын асты аймағына да өте жақсы келеді. Қол терісі үшін де керемет нәтиже береді. Ал беттің ортаңғы бөлігіне (бет сүйектері) өте сақ болу керек. Егер ұртын жай ғана маймен толтырып, бірақ тіндерді бекітпесе, әсіресе терісі борпылдақ немесе сәл салбыраған адамдарда бет «ісіңкі», ауыр болып көрінуі мүмкін. Яғни, «жасартудың» орнына, керісінше, бетті одан сайын қартайтып жіберу қаупі бар», – деп түсіндіреді Вячеслав Литвинов.
Оңалту және Гиперкоррекция
Бетті неге «асыра тартады»? Көптеген пластикалық хирургтардың пікірінше, ең қиыны – отаға бел буу немесе отаның өзі емес, одан кейінгі кезең. Оңалту (реабилитация) – эмоционалды тұрғыдан ауыр кезең, оны сабырмен өткізу бәрінің қолынан келе бермейді. Мұның себебі ісінуде емес, көбіне гиперкоррекцияда жатыр.
Гиперкоррекция – бұл пластикалық отадан кейін бет немесе дене тіндері тым қатты тартылған, созылған, тіпті «асыра тартылған» болып көрінетін уақытша жағдай. Яғни, хирург техникалық тұрғыдан бәрін дұрыс жасағанымен, араласудан кейінгі алғашқы нәтиже шектен тыс болып көрінуі мүмкін.
Мұның себебі неде? Тіндердің әуел бастан қажетті деңгейден сәл жоғарырақ бекітілуіне байланысты. Хирург мұны саналы түрде жасайды, өйткені бірнеше аптадан кейін бәрі қайтадан сәл «төмендеп», өз орнына келеді. Отадан кейін тіндер ісінеді, тамырлар тарылады, бұлшықеттер «қысылады». Осының бәрі визуалды түрде тартылуды күшейтіп, әсіресе алғашқы екі-төрт аптада бетке жасанды әсер береді. Отадан кейін аз уақыт өткен соң пациент өзін бөгде кейіпте көреді: бет пішіні басқаша, мимика шектелген, ісіну мен көгерулер «бөтен жүз» әсерін тудырады. Хирург үшін бұл қалыпты кезең болса да, пациент бойын қорқыныш билейтіні содан.
«Барлығы дерлік шошынады. Денені киіммен жауып, қарамай қоюға болса, бетті жасыра алмайсың. Бірақ гиперкоррекция – қорқынышты нәрсе емес. Бұл – қалыпты кезең және ол өтеді. Мен бұл туралы отаға дейін сан мәрте ескертемін, бірақ бәрібір ешкім бұған дайын болмай шығады», – деп бөліседі хирург.
Гиперкоррекциядан қашып құтылу мүмкін емес, ал кейбір жағдайларда ол ауадай қажет – мысалы, маңдай-самай лифтингі кезінде. Бұл отаның «қулығы» сол: ұзақ уақыт сақталатын айқын нәтижеге қол жеткізу үшін гиперкоррекция міндетті түрде керек. Сондықтан «асыра тартылған» маңдаймен және жоғары көтерілген қаспен біраз уақыт, орта есеппен алты айдай өмір сүруге тура келеді. Ал оңалту кезеңі толығымен отадан кейін бір жыл өткен соң аяқталады – сол кезде ғана барынша табиғи, мінсіз нәтижеге қол жетеді.
