Special|Tatler Beauty & Health

Ақуыз төңірегіндегі айғай-шу: ағзаға шын мәнінде қандай мөлшер қажет?

Автор Анара Кукиева
24.11.2025
Getty Images
IMAGE Getty Images
Сарапшымен бірге ақуыз жайлы мифтерді талқылаймыз

Бүгінде ақуыз (немесе протеин) салауатты өмір салтын ұстанушылардың бойтұмарына айналды десе де болады. Әлеуметтік желідегі блогерлер ақуызды диеталарды салмақ тастаудың және бұлшықет өсірудің таптырмас емі ретінде насихаттап жүр. Желіні ашсақ, күні-түні «ақуыз нормасын толтыруға» тырысып жүрген жандарды көреміз. Мәселен, TikTok-қа «200 grams of protein a day» деп іздеу салсаңыз, алдыңыздан мыңдаған видео шыға келеді (ескерте кетейік: мұндай мөлшерді жинау үшін бір отырыста бірнеше ірі стейк жеуге тура келеді). Кезінде жұрт авокадо мен гхи майына қалай құмартса, қазір ақуызға дәл солай жаппай ден қоюда.

Бизнес пе, әлде қажеттілік пе?

BBC деректеріне сүйенсек, соңғы онжылдықта тамақ өндірушілер ақуызы мол өнімдердің саудасын төрт есеге арттырған. Бұл адам ағзасының сұранысынан емес, бизнестің мүддесінен туындаған құбылыс. Сарапшылар бұл салаға құйылатын инвестиция 2028 жылға дейін жыл сайын шамамен 8 пайызға өсіп отырады деп болжайды. Себебі қарапайым: сұраныс бар жерде, ұсыныс та бар.

Нутрициолог Марина Елисеева бұл жағдайды былай түсіндіреді:                             «Осы тақырыптағы зерттеулердің авторы кім екеніне және олардың қай ұйымға қарайтынына үңілсеңіз, мүдделер қайшылығын бірден байқайсыз. Ақуыз туралы зерттеулер жүргізіледі, ол белсенді насихатталады, сәйкесінше жақсы сатылады. Бұл – үздіксіз әрі өзара тығыз байланысты процесс. Миллиардтаған қаржы құйылған жерде кез келген нәрсені «ғылыми шындық» етіп көрсетуге болады».

Тұтынушылар кімдер және нормасы қандай?

Қызығы сол, whey (сарысу) және soy (соя) протеиндерінің негізгі тұтынушылары – бодибилдерлер мен фитнес-жаттықтырушылар емес. Олар – зумерлер (яғни жастар) және үйде отырған келіншектер. Әлемдік нарықтағы ақуыз қоспаларының 7,5 миллиард долларлық айналымын жасап отырған да – дәл осы екі топ.

Соңғы тәуелсіз, дәлелді зерттеулерге сүйенсек, қалыпты салмақты ұстап тұру үшін адамға тәулігіне әр келі салмағына 0,83 грамм ақуыз жеткілікті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) да бұл көрсеткішті мақұлдайды. Егер сіз жай ғана фитнеспен айналыссаңыз, норма сәл жоғарылайды: келісіне 1,1–1,2 грамм. Ал күнделікті ауыр жаттығу жасайтын болсаңыз, ең жоғарғы шек – 1,5 грамм.

Одан артық мөлшерді ағза бәрібір қорыта алмайды. Ал ақуыз жетіспесе, бұлшықет тіні ыдырай бастайды да, ағза көмірсуды талап етеді. «Ақуызды көп жеген сайын тез арықтайсың» деген сөз – құрғақ маркетингтік миф. Адам ақуыздан емес, калория тапшылығынан арықтайды. Қалғанының бәрі – протеинді йогурттар мен өлшемді қасығы бар түрлі-түсті банкаларды өткізу үшін жасалған жарнамалық айла.

Қан талдауы

Қазіргі таңда «жалпы ақуызға» (общий белок) қан тапсыру жаңа ұлттық әдетке айналып барады. Тіпті косметологтардың өзі коллагенді ынталандыратын процедура жасар алдында осы талдауды сұрайтын болған. Бірақ мұнда бір парадокс бар: қандағы ақуыз деңгейі сіздің қанша ет немесе протеин жегеніңізді көрсетпейді.

Тағаммен түскен ақуыз аминқышқылдарына ыдырайды, ағза оны тіндерді қалыптастыруға, ферменттер мен гормондар бөлуге жұмсайды. Ал қан сарысуындағы ақуыз (альбумин + глобулиндер) мүлде басқа нәрседен хабар береді: ол бауыр жұмысы мен иммундық жүйенің жай-күйін көрсетеді.

Сарысу ақуызының деңгейі шын мәнінде қашан төмендейді? Тек нағыз аштық кезінде, яғни ағзаға ақуыз да, май да, көмірсу да жетіспей, әбден титықтаған шақта ғана. Сондықтан талдау нәтижесіндегі «төмен ақуызға» бола алаңдау – бос әурешілік.