Special|Tatler Beauty & Health

Әлемдегі превентивті медицинаның үздік 8 орталығы

Автор Нина Епанчина
24.11.2025
Ашық дереккөздерден алынған сурет
IMAGE Ашық дереккөздерден алынған сурет
Сауығу жолы тек пайдалы іс қана емес, рахатқа толы саяхатқа айнала алады. Түбегейлі сауықтыру мен бес жұлдызды қонақүй жайлылығын өзара үйлестірген әлемдік клиникалар – осының айқын дәлелі

Palace Merano (Италия)

Бұл емхана – ағзаны тазарту, арықтау және жасарту саласындағы аңызға айналған мекен. Терапияның өзегі – Revital деп аталатын авторлық әдістеме, яғни жас ұлғаюына қарсы (анти-эйдж) медицинаның кешенді курсы. Мұнда ағзаны тазарту тамақтану тәртібін өзгертуден басталады: қонақтарға екі түрлі мәзір – жеңіл жерортатеңіздік Biolight немесе қатаң төмен калориялы Detox-Revital диеталары ұсынылады.

Әдістеменің негізінде Батыс ғылымы мен ежелгі қытай медицинасының үндестігі жатыр. Мәселен, мұнда денедегі энергия мен сұйықтық айналымына ерекше мән беріледі. Осы ағынды қалпына келтіру үшін терең нүктелі массаж бен Шарко душынан бастап, сирек кездесетін фитопрепараттарға дейін барлық заманауи әдістер қолданылады. Бағдарлама сонымен қатар балшықпен емдеуді, арнайы тазартатын тұнбалар мен гидроароматерапияны қамтиды. Қонақтардың уақыт кестесі таңғы арпа шайының алғашқы жұтымынан бастап, кешкі күйзеліске қарсы жаттығуға дейін минуттап жазылған.

Ашық дереккөздерден алынған сурет
IMAGE Ашық дереккөздерден алынған сурет

SHA Wellness Clinic (Испания)

Бұл инновациялық wellness-клиника – денсаулық пен ұзақ жасаудың жаңа көкжиегі. Мұнда әр қонақ алдымен терең диагностикадан өтіп, соның нәтижесінде жеке емдеу жоспары жасалады. Ал жергілікті ас мәзірі аурухана тамағы туралы ескі түсінікті түбегейлі өзгертеді: мұнда сіз пайдалы тағамның да тіл үйірерлік дәмді әрі талғампаз болатынына көз жеткізесіз.

Ұйқысыздықтан зардап шегетіндер үшін түнгі тынығудың бұзылу себебін анықтап, жоюға бағытталған Sleep Well пакеті қарастырылған. Сонымен қатар, тыныс алу жаттығулары мен мұзды ванналарды үйлестіре отырып, қан айналымын жақсартатын және иммунитетті қайта іске қосатын Transformative Breathing («Трансформациялық тыныс алу») процедурасы да үлкен сұранысқа ие.

Ашық дереккөздерден алынған сурет
IMAGE Ашық дереккөздерден алынған сурет

Қонақ пікірі (Роман Александров)«Сиқырлы мекен, бұл жерге әркімнің жолы түссе екен деймін. Қызмет көрсету сапасының жоғары болғаны сонша, өзіңді жалғыз әрі ең маңызды қонақтай сезінесің. Мұнда өз ісінің нағыз шеберлері – косметологтар (Барбара Дальбосқа жазылуға кеңес беремін), инетерапевтер, диагностар мен психотерапевтер қызмет етеді. Орталықта адам көп болса да, кеңістік шебер ұйымдастырылғандықтан, ешкім ешкімге кедергі келтірмейді. Орналасқан жері де ғажап: жанында танымал Альтеа курорты болғанымен, қонақтардың тыныштығы мен оңашалығы толық сақталған».

Instagram
IMAGE Instagram

Clinique la Prairie (Швейцария)

Женева көлінің көркем жағалауындағы Монтре қаласында орналасқан клиника осыдан бір ғасыр бұрын ревитализация – ағзаның өмірлік күшін қалпына келтіру саласының негізін қалаушы ретінде танылған еді. Бүгінде мұнда әлемнің ең мықты иммунологтары қызмет етіп, жасушалық терапияны дамытуда.

Клиниканың мақтанышы – қартаю процесін айтарлықтай баяулататын бірегей CLP жасушалық сығындысы. Сонымен қатар клиникада стоматология, эстетикалық медицина және әйелдер денсаулығы орталықтары жұмыс істейді. Әдемі саябақ ортасындағы сәнді бөлмелерде тұратын қонақтар кез келген бағыттағы дәрігерден кеңес ала алады, себебі клиника әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан.

Ашық дереккөздерден алынған сурет
IMAGE Ашық дереккөздерден алынған сурет

Wellness Clinic Altea (Испания)

Бұл теңіз шипажайы денсаулықтың алты негізіне сүйенеді: интегративті медицина, көңіл-күйді бақылау, жеке тамақтану, физикалық белсенділік, саналылық және қоршаған ортамен үйлесім. Әсіресе мұзды субұрқақтар, хамамдар, қар және тұз бөлмелері мен балшық ванналарын алма-кезек ауысатын «Сезім саяхаты» (Sensory Journey) бағдарламасы ерекше назарға лайық.

Детокс нәтижесі науқастың көңіл-күйіне тікелей байланысты болғандықтан, мұнда күйзеліспен күреске (антистресс) басымдық беріледі. Жылы кварц құмында қыздырыну, флоатинг (сенсорлық депривация камералары) және акустикалық тербеліс терапиясы терең физикалық және менталды шаршауды басудың таптырмас құралы.

Ашық дереккөздерден алынған сурет
IMAGE Ашық дереккөздерден алынған сурет

Ananda in the Himalayas (Үндістан)

Йога мен аюрведаға негізделген, 40 гектар саябақпен қоршалған махараджа сарайында сұлулық пен шексіз тыныштық салтанат құрған. Келушілердің бәрі бірдей «курта» деп аталатын аппақ мақта костюм киеді (күн сайын бөлмеге жаңасы әкелінеді). Бұл жай ғана киім емес, бұл – сізді күнделікті күйбеңнен арылтып, әлеуметтік теңсіздікті жоюдың нәзік тәсілі.

Мұнда мәзірден қалаған бағдарламаны таңдай алмайсыз – емді вадья-дәрігер сіздің тәніңіз бен санаңыздың жай-күйін толық тексергеннен кейін ғана тағайындайды. Мегаполис тұрғындары мұнда көбіне «Антистресс» және «Детокс» бағдарламаларын іздеп келеді. Сауықтырудың негізгі құралдары йога, қатаң аюрведалық диета, медитация, ароматерапия және майлы массаждардан тұрады.

Ашық дереккөздерден алынған сурет
IMAGE Ашық дереккөздерден алынған сурет

Қонақ пікірі (Елена Есполова): «Мен екі барғанымда да аюрведаға негізделген Rejuvenation and Immunity Booster бағдарламасын таңдадым. Қалаған нәтижеме қол жеткіздім деп сеніммен айта аламын. Ең бастысы – әсері ұзаққа сақталады. Үйге оралған соң, Ananda-да ұсынылған режимді (етсіз және алкогольсіз диета) тағы бір ай еш қиналмай ұстандым. Батыс курорттарынан айырмашылығы сол, мұндағы детокс тек тәнге ғана емес, жанға да арналған (гаджет, интернет және жаңалық атаулы жоқ), ал меніңше, онсыз толық тазару мүмкін емес».

Instagram
IMAGE Instagram

«Первая Линия» (Ресей)

Фин шығанағының жағасындағы курорт табиғаттың шипалы күші мен озық ғылымды ұштастыра білген: қарағай иісі аңқыған таза ауа мен жұмсақ күн сәулесі биохакингтің соңғы әдістемелерімен үндесіп жатыр. Мұнда жасушалық терапия және митохондрия жұмысын оңтайландыру (жасушалық тыныс алу) технологиялары белсенді қолданылады.

Қонақтар арасында әсіресе «Детокс» және «Де-стресс» бағдарламалары танымал. Оның аясында келушілер прессотерапия (арнайы костюмде қысылған ауамен массаж жасау) қабылдап, криосауна мен ыстық орауларды кезектестіреді және ондаған массаж түрімен танысады. Мұның бәрі ағзаны терең тексеру аясында жүзеге асырылады.

Ашық дереккөздерден алынған сурет
IMAGE Ашық дереккөздерден алынған сурет

Lanserhof (Австрия, Германия, Испания)

Австрия, Германия және Испанияда бөлімшелері бар әйгілі Lanserhof желісі оңалту және жас ұлғаюына қарсы терапияға маманданған. Клиниканың басты ерекшелігі – денсаулыққа деген холистикалық көзқарас, яғни мұнда ағза бір-бірімен тығыз байланысты біртұтас жүйе ретінде қарастырылады.

Сол себепті бір емделушіні жалғыз дәрігер емес, дерматолог пен урологтан бастап, психотерапевтке дейінгі мамандар консилиумы бақылайды. Олар симптомдарды ғана жойып қоймай, адам денсаулығының толық көрінісіне сүйене отырып, жеке емдеу жоспарын («жол картасын») жасайды.

Ашық дереккөздерден алынған сурет
IMAGE Ашық дереккөздерден алынған сурет

Palazzo Fiuggi (Италия)

Орталық ежелгі заманнан бері шипалы қасиетімен, әсіресе бүйректегі тасты еріту қабілетімен танылған әйгілі Фьюджи қайнарының жанында орын тепкен. Кезінде мұнда императорлар мен Рим папалары денсаулығын түзесе, бүгінде судың емдік күші ғылыми түрде дәлелденіп отыр: оның құрамында микробқа және қабынуға қарсы күшті әсері бар гумин қышқылдары тобына жататын бірегей макромолекулалар бар.

Ашық дереккөздерден алынған сурет
IMAGE Ашық дереккөздерден алынған сурет

Десе де, курорт тек сумен емдеумен шектелмейді. Palazzo Fiuggi – элиталық демалыс пен заманауи медицина қызметтері тоғысқан бірегей орын, мұнда қонақтарға ағзаны толық қайта жүктеуге арналған wellness-бағдарламалардың толық спектрі ұсынылады.

Ашық дереккөздерден алынған сурет
IMAGE Ашық дереккөздерден алынған сурет