Power & Purpose|Leadership

Михаил Шайдоров Олимпиада алтынын Snoop Dogg-пен бірге атап өтті

АвторыTatler Kazakhstan
19.02.2026
Михаил Шайдоров пен Снуп Догг | Instagram: mikhail_shaidorov
IMAGE Михаил Шайдоров пен Снуп Догг | Instagram: mikhail_shaidorov
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Миландағы тарихи жеңісінен кейін әлемге әйгілі рэпермен кездесіп, ерекше сәттерімен бөлісті

Миланда өткен 2026 жылғы Ақ Олимпиаданың жаңа чемпионы Михаил Шайдоров айтулы додадағы салтанатты жеңісінен кейін аңызға айналған рэпер Snoop Dogg-пен жолығып қалды. Бұл туралы спортшы өзінің Instagram парақшасында хабарлап, рэп жұлдызымен бірге билеген видеосы мен суреттерін жариялады.

Естеріңізге сала кетсек, Миландағы ерлер арасындағы жекелей сынның шешуші кезеңі 14 ақпанға қараған түні өткен болатын. Шайдоров еркін бағдарламада еш мүлт кетпей, төрешілерден 198,64 ұпай еншіледі. Қысқа бағдарламадан кейін бесінші орында тұрақтаған қазақстандық спортшы еркін бағдарламада нағыз сенсация жасап, жалпы есепте 291,58 ұпаймен тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.

Бұл алтын – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы қысқы Олимпиада ойындарындағы небәрі екінші жоғары марапат. Бұған дейін қысқы ойындардағы жалғыз алтынды 1994 жылы Лиллехаммерде шаңғышы Владимир Смирнов 50 шақырымдық классикалық жарыста жеңіп алған еді.

Ал отандық мәнерлеп сырғанау мектебі үшін Шайдоровтың бұл жетістігі – бұрын-соңды болмаған абсолютті рекорд. Бұл – Қазақстан қоржынына осы спорт түрінен түскен тұңғыш Олимпиада алтыны. Осыған дейінгі ең үздік нәтиже – 2014 жылы Сочи Олимпиадасындағы Денис Теннің қола медалі болатын.