Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Қазақстан қоржынына 1994 жылдан бергі алғашқы қысқы Олимпиада алтынын салды. Ол ерлер арасындағы жекелей сында үздік деп танылды.
Қысқа бағдарламадан кейін отандасымыз бесінші орында (92,94 ұпай) тұрған болатын. Алайда еркін бағдарламаны мінсіз орындап шығып, тағы 198,64 ұпай еншіледі. Нәтижесінде жалпы есепте 291,58 ұпай жинап, үздік деп танылды. Михаил өз бағдарламасы барысында төрт айналымы бар бес секірісті сәтті орындап шықты.
Миландағы 2026 жылғы Ойындарда ол турнирдің басты үміткерлері – жапониялық Юма Кагияманы (Олимпиада күмісін иеленді) және америкалық Илья Малининды (еркін бағдарлама кезінде бірнеше рет құлап, сегізінші орынға түсіп қалды) жеңіп шықты. Қола жүлде тағы бір жапондық спортшы Шун Сатоға бұйырды.
Жеңістен кейін журналистерге берген сұхбатында Шайдоров 2014 жылы Сочи Олимпиадасында қола жүлде алған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің рухына тағзым етті. Сондай-ақ, Михаил әлеуметтік желідегі парақшасында: «Күн өткен сайын алға ұмтылудың мәні тереңдей түсуде. Енді білемін: біз үшін бағынбайтын белес жоқ», – деп жазды.
Михаил Шайдоровтың қысқы Олимпиада ойындары басталмас бұрын Tatler Kazakhstan журналына берген сұхбатын мына сілтеме арқылы оқи аласыздар.
