Power & Purpose|Leadership

Елена Рыбакина Брисбендегі WTA 500 турнирінен шығып қалды

АвторыВиктория Лебедева
09.01.2026
Елена Рыбакина | Getty Images
IMAGE Елена Рыбакина | Getty Images
Қазақстандық теннисші үш сетке созылған тартысты матч өткізгенімен, чехиялық Каролина Муховаға жол берді

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Австралияның Брисбен қаласында WTA 500 турнирінің жартылай финалына өте алмай, жарыс жолын аяқтады. Ұлттық Олимпиада комитетінің хабарлауынша, ширек финалдық бәсекеде жерлесіміз әлемдік рейтингте 20-шы орында тұрған чехиялық Каролина Муховаға есе жіберген.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты кездесу 3:6, 6:2, 4:6 есебімен аяқталып, қарсыластың пайдасына шешілді. Ойын барысында Рыбакина 9 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланғанымен, 7 рет қосарланған қателікке жол беріп, жеңісті қолдан шығарып алды. Осылайша, жартылай финалға жолдама алған Мухова келесі кезеңде Мэдисон Киз (АҚШ) – Арина Соболенко (Беларусь) жұбының жеңімпазымен кездеспек.

Турнир регламентіне сәйкес, Елена Рыбакина 1/4 финалға қатысқаны үшін 37 640 доллар (салықтарды шегергенге дейін шамамен 19 млн теңге) сыйақы иеленді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Брисбендегі додада Елена Рыбакина испаниялық Паула Бадоса мен қытайлық Чжан Шуайды бірде-бір сет берместен жеңген болатын.