Power & Purpose|Leadership

Бибісара Асаубаева Вейк-ан-Зее турнирінде гроссмейстерді ойсырата жеңді

Автор Tatler Kazakhstan
26.01.2026
Бибісара Асаубаева | Instagram | @bibisarachess
IMAGE Бибісара Асаубаева | Instagram | @bibisarachess
Шахматшы турнир кестесінде бесінші сатыға көтерілді

Нидерландының Вейк-ан-Зее қаласында өтіп жатқан беделді шахмат турнирінің сегізінші турында Бибісара Асаубаева қатар-қатар түскен тең ойындардан кейін алға суырылып шығып, жергілікті гроссмейстер Эрвин Л'Амиді жеңді. Осы табысының арқасында 4,5 ұпай жинаған қазақстандық шахматшы турнир кестесінде сегізінші орыннан бесінші сатыға көтерілді.

Қара тастармен ойнаған Асаубаева тізгінді өз қолына алды. Оның қарымта шабуылы нәтижелі болып, қарсыластың королін ауыр соққының астына алды. Ақтардың шебі ыдырап, тығырыққа тірелген 40 жастағы Л'Ами ақыры жеңілгенін мойындауға мәжбүр болды.

Блицтен үш дүркін әлем чемпионы бұл додадағы алғашқы ұпайын бастапқы турда америкалық Энди Вудвордты қапы қалдырып еншілеген еді. Қызықты дерек: дәл қазір сол Вудворд француз Маркандрия Мауриццимен бірге Challengers тобында көш ілгері келеді. Айтпақшы, Маурицци – осы жарыста Асаубаеваның жолын кескен жалғыз шахматшы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Шахматшы Бибисара Асаубаева Қазақстанның атын жаңа рекордпен шығарды

Келесі, яғни тоғызыншы турда Бибісара алғаш рет әйелдер тақтасында бақ сынайды. Оның қарсыласы – қазақстандық шахматшыдан небәрі жарты ұпайға қалып келе жатқан 22 жастағы америкалық Карисса Шивен Йип.

Негізгі Masters тобында сегізінші турда сүрінгеніне қарамастан, өзбекстандық Нодирбек Абдусатторов (5,5 ұпай) әлі де көш басында. Оның өкшесін отандасы Жавохир Синдаров басып келеді. Үздіктер қатарында америкалық Ханс Ниманн мен 14 жастағы түрік феномені Ягыз Каан Эрдогмуш та бар. Ал үндістандық қазіргі әлем чемпионы Гукеш Доммараджу бұл турда жеңіске жеткенімен, әзірге тек тоғызыншы орынды қанағат тұтып тұр.