Power & Purpose|Impact

Tatler журналы Қазақстанда алғаш рет Impact Awards сыйлығын табыстайды

Автор Tatler Kazakhstan
09.12.2025
Tatler Thailand
IMAGE Tatler Thailand
Бұл беделді марапат 2025 жылы өз саласында үздік болып, биік белестерді бағындырған кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлеріне, ғылым, мәдениет және спорт майталмандарына арналған

Tatler Asia өз тарихында тұңғыш рет Қазақстанда Tatler Impact Awards марапаттау рәсімін өткізбек. Бұл салтанатты сәт 11 желтоқсан күні Алматыдағы «Целинный» заманауи мәдениет орталығында өтетін Tatler балы аясында ұйымдастырылады.

Tatler Impact Awards кімдерге беріледі? Бұл – өз саласының тынысын өзгертіп, оған жаңа леп әкелген, сондай-ақ 2025 жылы еліміздің дамуы мен қоғам өміріне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларға көрсетілетін айрықша құрмет.

Жеңімпаздар жалпы саны жеті аталым бойынша марапатталады:

«Инновация» – ғылым, технология және медицина саласындағы серпіліс үшін;

«Бизнес» – экономиканың түрлі салалары мен қаржы нарығын дамытудағы стратегиялық көрегендігі үшін;

«Мәдениет» – сәулет, дизайн, сән, сұлулық пен денсаулық, мейрамхана ісін қоса алғанда, жалпы мәдени ортаны қалыптастырғаны үшін;

«Қайырымдылық» – жүйелі филантропия мен тұрақты даму, білім беру саласындағы жетістіктері үшін беріледі.

«Спорт» – спорттық жеңістері арқылы Қазақстанды әлемдік аренада танытқаны үшін;

«Стиль» – өз ықпалын ел игілігіне бағыттай білген, талғамы мінсіз жандарға;

Diamond – жоғарыда аталған салаларға кірмесе де, ерекше жетістігімен көзге түскен тұлғаға берілетін арнайы жүлде.

Tatler Ball тарихы мен оның қыр-сыры туралы толығырақ алдыңғы материалымыздан оқи аласыздар.