Lifestyle|Entertainment

Tatler Ball деген не және оған қалай қатысуға болады?

Автор Лилия Шабутдинова
21.11.2025
Фотосуретші: Пол Чинг | Tatler Hong Kong
IMAGE Фотосуретші: Пол Чинг | Tatler Hong Kong
Tatler Ball – индустрия көшбасшылары мен жұлдыздардың, ықпалды тұлғалардың басын қосатын, сән-салтанаты жарасқан бірегей кеш. Шын мәнінде, бұл жай ғана отырыс емес, әлемді жақсартуға айрықша үлес қосып, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген жандардың еңбегі атап өтілетін айтулы оқиға

Азия бойынша ортақ құндылықтар мен көзқарасты бөлісетін ең беделді тұлғаларды жинайтын бұл ауқымды жиынды Tatler Asia Гонконгтан бастап Индонезия, Малайзия, Филиппин, Сингапур, Тайвань, Тайланд, Вьетнам және Қазақстанға дейінгі әр өңірде дәстүрлі түрде өткізіп келеді.

Іс-шараның тарихына үңілсек, оның тамыры сонау 1980 жылдардан бастау алатынын байқаймыз. Алғашқы бал 1987 жылы, журналдың Сингапурдағы бес жылдығына орайластырылып өткізілген еді. Ал 1998 жылдан бері ол жыл сайын өтетін, күнтізбедегі ең маңызды оқиғалардың біріне айналған.

Қазақстандағы алғашқы бал 2024 жылдың желтоқсанында дүркіреп өтті. 2025 жылы осы шара аясында тұңғыш рет бизнес, мәдениет және қоғам қайраткерлері арасындағы ең көрнекті тұлғаларды марапаттау рәсімі ұйымдастырылмақшы. Бұл марапат – өз үлгісімен айналасына шабыт сыйлап, әлемді ізгілендіруге атсалысып жүрген жандарға көрсетілген айрықша құрмет болып табылады.

Балға қалай қатысуға болады?

Бірден айтайық, Tatler Ball – есігі жабық, тек арнайы шақырумен ғана кіруге болатын эксклюзивті шара. Редакция қонақтарға шақыруды жеке жібереді. Егер қолыңызға шақыру қағазы тисе, құттықтаймыз: демек сіз осы кешті жылдың басты оқиғасы деп бағалайтын таңдаулы ортаның бір бөлігісіз. Бұл кеш Tatler құндылықтарын бөлісетін көшбасшылардың басын қосып қана қоймай, жаңа деңгейде байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Яғни, сіз мұнда болашақтың бағыт-бағдарын айқындайтын тұлғалармен еркін тілдесу мүмкіндігіне ие боласыз.

Фотосуретші: Пол Чинг | Tatler Hong Kong
IMAGE Фотосуретші: Пол Чинг | Tatler Hong Kong

Тақырып және дресс-код

Әр Tatler Ball-дың өзіне тән тақырыбы бекітіліп, іс-шараның сәні мен жалпы атмосферасы соған сай құрылады. Мәселен, Азия қонақтарын біріктірген алғашқы аймақтық бал Shades of the Extraordinary («Ерекшеліктің реңктері») тақырыбымен өткен болатын.

Дресс-кодқа келсек, мұндағы бұлжымас ереже – black tie. Ерлер қауымына классикалық смокинг, ақ жейде, қара көбелек-галстук (бабочка) және лакталған туфли кию ұсынылады. Әрине, егер бал тақырыбына сай келіп, салтанатты образды бұзбаса, барқыт пиджак немесе ұқыпты акценттерге рұқсат етілген.

Ал бикештердің дресс-кодына сәйкес ұзындығы еденге жететін немесе тізеден жоғары келмейтін коктейль көйлегін, талғампаз шаш үлгісі мен макияж, сондай-ақ шағын кешкі сөмке мен өкшелі жабық аяқ киім кию шарт. Толығырақ нұсқаулықпен «Ханымдарға арналған black tie» материалынан таныса аласыздар.

Фотосуретші: Зед Леетс | Tatler Hong Kong
IMAGE Фотосуретші: Зед Леетс | Tatler Hong Kong

Гала-ас

Tatler Ball – тек марапаттау рәсімі ғана емес, сонымен қатар қонақтарға арнайы дайындалған ас мәзірі ұсынылатын салтанатты кеш. Жиын коктейль сағатынан басталып, қонақтар суретке түсіп, бір-бірімен емен-жарқын сұхбаттасады. Кейін индустрия үздіктеріне марапаттар тапсырылып, шара мерекелік кешкі асқа ұласады.

Ас мәзірін жыл сайын арнайы шақырылған танымал бас аспаз жасайтынын айта кеткен жөн. Сингапурдағы ескі бір дәстүр бойынша, түн ортасында қонақтарға ұзақ әрі көңілді кештен кейін күш-қуатын қалпына келтіру үшін ет, балық, жұмыртқа және көкөніс қосылған teochew porridge (жылы күріш ботқасы) тартылады. Кешкі астан соң қонақтарды іс-шараның бейресми, әрі көпшіліктің сүйікті бөлігі – афтерпати күтеді.

Бұл дебютанттар балы ма?

Жоқ, Tatler Ball – дебютанттар балы емес, мұны шатастырмаған жөн. Қазақстанда және Tatler Asia бар басқа елдерде өтетін бұл гала-кеш – қалыптасқан тұлғаларға, трендсеттерлер мен жұлдыздарға арналған. Сондықтан мұнда жас қыздарды қауымға таныстыру рәсімі өткізілмейді.

Түптеп келгенде, Tatler Ball-дың негізгі миссиясы – аймақтың мәдени, қоғамдық және интеллектуалдық келбетін қалыптастырып жүрген адамдарға құрмет көрсету. Бұл – жетістіктер атап өтілетін, тың байланыстар орнайтын және қауымдастық ішіндегі қарым-қатынас нығая түсетін бірегей алаң.

«Бриджертондар» сериалынан кадр | Кинопоиск
IMAGE «Бриджертондар» сериалынан кадр | Кинопоиск