Power & Purpose|Impact

Миллиардер Айдын Рақымбаев Қырғызстанда «Ана үйін» ашады

Автор Tatler Kazakhstan
28.01.2026
Айдын және Анар Рақымбаевтар | Instagram | rakhimbaevaidyn
IMAGE Айдын және Анар Рақымбаевтар | Instagram | rakhimbaevaidyn
Жаңа орталық үшін ғимарат бөлініп, қаржыландыру мәселесі шешілді: қазақстандық жоба енді көрші елдегі тағдыр тәлкегіне түскен аналарға қол ұшын созады

BI Group холдингінің негізін қалаушы Айдын Рақымбаев Қырғызстанда «Ана үйі» атты екінші дағдарыс орталығының ашылатынын сүйіншіледі. Кәсіпкер Бішкек сапарынан түсірілген кадрларды өзінің Instagram парақшасында жариялады.

Айдын Рақымбаевтың айтуынша, қырғызстандық іскер азаматтармен кездесу барысында тараптар жобаны жүзеге асыру туралы ортақ келісімге келген. Жаңа орталық үшін кең ғимарат бөлініп, серіктестер жобаны толық қамтамасыз етуді өз мойнына алды.

«Біздің жобамыздың ауқымы кеңейіп, көршілес бауырлас елдердегі жетімдік мәселесін жоюға септігін тигізіп жатқанына қуаныштымын», – деп атап өтті миллиардер.

Көрші елдің өкілдері құрмет белгісі ретінде қонаққа ұлттық бас киім сыйға тартты. Рақымбаев қазақ пен қырғыздың салты ұқсас екенін, ұлттық киім сыйлау – ерекше сыйластықтың символы екенін айтып өтті.

Айта кетейік, жетімдіктің алдын алу мақсатында құрылған «Ана үйі» желісі Қазақстанның әлеуметтік қолдау бағытындағы ең танымал үлгісіне айналды. 2025 жылы бұл жоба әлемдік деңгейде танылып, Harvard Business School оқу базасына «Mother’s Home: Eradicating Social Orphancy in Kazakhstan» (Ана үйі: Қазақстандағы әлеуметтік жетімдікті жою) деген атаумен арнайы кейс ретінде енгізілді.