Lifestyle|Wellbeing

Қытай Жаңа жылын қалай қарсы алу керек?

АвторыВиктория Лебедева
16.02.2026
Getty Images
IMAGE Getty Images
Көптеген елдерде оливье салаты желініп, шыршалар жиналып қойылған кезде, Шығыс жұрты өзінің басты тойына енді ғана қамдана бастайды. 2026 жылдың 17 ақпанына қараған түні Қытай мен бүкіл азия әлемі шығыс күнтізбесі бойынша 4723-жылды қарсы алады. Отты Жылқы жылы қашан келетіні, бұл жылдан не күтуге болатыны және сәттілік серік болуы үшін оның символын қалай риза ету керектігі туралы баяндап береміз

Еуропалық нұсқасына қарағанда, бұл мереке бір түнмен ғана шектелмей, толық 15 күнге созылып жатады. Бұл – әркімнің өз шаңырағына асығып оралатын, отшашулар дүрілдейтін және жақсылық жамандықты жеңетін ежелгі аңыздар қайта жаңғыратын ерекше уақыт.

Қытай Жаңа жылы қашан басталады және неге сонша кеш келеді?

Қытай Жаңа жылы ежелден бері Аспан асты елі мен Шығыс Азияның басқа елдеріндегі ең басты әрі ең ұзақ тойланатын мереке болып саналады. Батыстың күнтізбесінен айырмашылығы, оның тұрақты күні жоқ және жыл сайын әртүрлі уақытқа белгіленіп отырады. Есептеу негізіне ай күнтізбесі алынған: мерекенің алғашқы күні қысқы күн тоқырауынан (яғни 21 желтоқсаннан) кейінгі екінші жаңа ай туған сәтке дөп келеді. Григориан күнтізбесі бойынша бұл күн, әдетте, 21 қаңтар мен 21 ақпан аралығындағы күндердің біріне түсіп жатады.

Осылайша, қытай күнтізбесі бойынша келесі жыл 2026 жылдың 17 ақпанында басталмақ. Ал Қытайда бұл мерекені 2 наурызға дейін тойлау көзделген. Біз 2026 жылды жаңа ғана қарсы алсақ, Аспан асты елінің халқы өздерінің ежелгі дәстүріне сай 4723-жылға қадам басып жатыр. Қытайлықтардың жыл санау тарихы тым тереңде жатқандықтан, олардың күнтізбесі осындай үлкен сандармен есептеледі.

Unsplash
IMAGE Unsplash

Жыл символы: Қызыл Отты Жылқы

Қытайда әр жыл 60 жылда бір рет қайталанатын бірегей үйлесіммен сипатталады. Ол бес стихияның біріне сәйкес келетін белгілі бір түстегі 12 зодиак жануарының бірін білдіреді. 2026 жылғы Қытай Жаңа жылы «Жылқы» жануары мен «От» стихиясының аясында өтеді, ал жылдың негізгі түсі қызыл болмақ.

От стихиясы Жылқыға ерекше қуат береді: бұл – құштарлық, шапшаңдық, көшбасшылық және таусылмас іс-әрекетке деген құштарлық. Қызыл түс, өз кезегінде, бұл қасиеттерді одан сайын күшейтіп, оларға батылдық пен айқындық қоса түседі. Мұндай символ сылбырлық пен іш пыстырарлықты мүлдем ұнатпайды, сондықтан алдағы жыл қарқынды, тіпті біршама тәуекелді оқиғаларға толы болады деп күтілуде.

Мереке дәстүрлері

Ежелгі аңыз бойынша, әр жаңа жылдың басында қытайлықтар Нянь (аудармасы «Жыл» – Tatler.) есімді құбыжықтан қорғануға мәжбүр болады. Аңыз бойынша, монстр мерекенің бірінші күні ауылдарды тонау үшін келеді екен: мал-жанды жеп, егінді құртып, тіпті ауыл тұрғындарына да ауыз салады деседі.

Өз үйлерін қорғау үшін қытайлықтар баспаналарын қызыл түспен безендіреді, өйткені аңыз бойынша Нянь дәл осы түстен қорыққан деседі. Бірде адамдар балалармен қоректенгенді жақсы көретін құбыжықтың қызыл киім киген кішкентай баладан сескенгенін байқап қалады. Содан бері қызыл түс мерекенің басты нышанына айналды: үйлерді қызыл қағаздан қиылған өрнектермен, бақыт тілейтін жазулармен көмкеріп, қызыл шамдар іліп қоятын болған.

Биылғы жылдың қызықты сәйкестігі сол – Поттериадағы ең танымал кейіпкерлердің бірі Драко Малфой кенеттен Қытай Жаңа жылының символына айналып шыға келді. Бұған есімнің қытай иероглифтерімен жазылуы себеп болған. Малфойдың есімі қытай тілінде «mǎ ěr fu» деп транслитерацияланады. Мұндағы бірінші иероглиф «жылқы» дегенді білдірсе, соңғы «fu» иероглифі «сәттілік» немесе «бата» деген мағынаны береді, бұл – ай күнтізбесі бойынша Жаңа жылды тойлаудың басты нышаны.

Осыған байланысты Малфойдың рөлін сомдаған Том Фелтонның суреттері Қытайдың барлық қалаларында ілінген мерекелік плакаттардан көріне бастады. Бұл жағдай көптеген мемдердің тууына себеп болып, актердің өзі де Instagram-дағы сторисінде өз суреті бар қызыл баннерді жариялап, жанкүйерлеріне қолдау көрсетті.

Мерекелік дастарқан

Жаңа жыл қарсаңында қытайлық отбасылар мол дастарқан басында бас қосады. Міндетті тағамдардың қатарында ет пен балық, сондай-ақ ұл баланың дүниеге келуін тілейтін нышан ретінде пельмен (цзяоцзы) болады.

Басқа қалаларда жұмыс істейтін немесе оқитын жандардың өздері де мерекелік кешкі асқа жетіп қалуға тырысады. Мереке қарсаңында елдегі барлық көлік түрлері адамға толып, билет сатып алу мүмкін болмай қалады – бұл жылдың ең үлкен логистикалық қиындығы саналса да, бұл дәстүрден ешкім аттап өтпейді. Мерекелік түн зұлым рухтарды қуып, отбасына тыныштық пен бақыт шақыратын зәулім отшашулармен аяқталып жатады.

«Хунбао» қызыл конверттері мен айдаһар биі

Келесі күні таңертең балалар ата-аналарын құттықтап, оларға денсаулық пен бақытты Жаңа жыл тілейді, ал ата-аналары өз кезегінде балаларына табыс тілеп, ішіне ақша салынған «хунбао» атты қызыл конверттерді сыйға тартады. Бұл сыйлық сәттілік пен байлықтың нышаны болып табылады. Оны туған-туыстарға, достарға, әріптестер мен қол астындағы қызметкерлерге де бере береді. Сыйға тартылатын сома өліммен байланыстырылатын «төрт» санынан бөлек, міндетті түрде жұп сан болуы тиіс деп есептеледі.

Осыдан кейін жұрт туыстары мен көршілерін құттықтауға аттанады. Қонаққа барғанда екі мандарин сыйлап, ал қайтарда үй иесінен басқа екі мандарин алу дәстүрге айналған. Осылайша қожайын мен қонақ қаржылық амандық нышандарымен алмасып жатады. Ағайын-туыстың үйін аралап болғаннан кейін, қытайлықтар арыстан мен айдаһар биі биленетін халықтық серуендерге ағылады. Осылайша, мерекелік думан көшелерде жалғасын тауып жатады.

Getty Images
IMAGE Getty Images

Қытай Жаңа жылының ырымдары

Қытайдағы жаңажылдық ырым-тыйымдар кез келген басқа мәдениеттегідей өте күшті сақталған. «Жылды қалай қарсы алсаң, солай өткізесің» деген қағиданы ұстанатын олар жаңа жылға қарызсыз және өкпе-ренішсіз кіруге тырысады. Ырымдар мерекеге бір ай қалғанда-ақ көрініс таба бастайды. Ол уақытта баланың жылағаны сәтсіздік әкеледі деп есептелгендіктен, бүлдіршіндерді барынша жұбатуға тырысады. Жаңа жылдың алғашқы үш күнінде басты жууға және үй жинауға болмайды – бұл бақытты «жуып жіберумен» тең саналады. Ал сәттілік шақыру үшін мерекені міндетті түрде қызыл түсті іш киіммен қарсы алу керек деген қызықты сенім де бар.

Жаңа жылға не сыйлайды?

Аспан асты елінің салты бойынша, сыйлықтың жұп болғаны жөн, өйткені бұл – отбасылық татулық пен үйлесімнің белгісі. Сондықтан мұнда байлық шақырады деп мандариндерді немесе түрлі тәттілерді тарту ету дәстүрі кең таралған. Ал сағат немесе ақ түсті гүл сыйлаудан барынша қашқан жөн. Бұл заттар ажалмен және жерлеу рәсімімен байланыстырылатындықтан, жамандық шақыратын суық ырым ретінде қабылданады.