Lifestyle|Wellbeing

2026 жылға арналған қытай жұлдызнамасы: фэншуй ілімі бойынша Тұлпар жылы қандай болмақ?

Автор Tatler Kazakhstan
26.12.2025
2026 жылға арналған қытай жұлдызнамасы: фэншуй ілімі бойынша Тұлпар жылы қандай болмақ?
Жаңа жылдың ақ босағасынан аттар тұсында Korkem Experience Store өз меймандары мен адал тұтынушылары үшін фэншуй маманы Елена Топольскаямен жүздесу ұйымдастырып, жылылыққа толы кеш өткізді. Елена алдағы жылға арналған өз болжамдарымен бөліссе, біз оқырман үшін ең қызықты әрі маңызды сәттерді іріктеп алып, назарларыңызға ұсынуға асықтық

Әрбір жан білуі тиіс үш маңызды аспект

1. Фэншуй тек қана «кеңістікке заттарды қалай орналастыру керек» деген сұраққа жауап бермейді. Ол – энергияның қашан, қай жерде және кім үшін барынша тиімді әрі қайырлы жұмыс істейтінін анықтайтын терең ілім.

2. Қытай астрологиясында (Ба-цзы) Тұлпар жылы 31 желтоқсанда немесе 17 ақпандағы «Ай күнтізбесі» бойынша келетін Жаңа жылда басталмайды. Бұл – өте маңызды айырмашылық: Қытай Жаңа жылы — ай мерекесі де, ал астрологиялық жыл – күн цикліне негізделген. Сондықтан, жұлдыз жорамал тұрғысынан алғанда, Отты Тұлпар жылы 2026 жылдың 4 ақпанында өз билігіне көшеді.

3. Жылдың 12 мүшесі бағыттар шеңбері бойынша орналасқан және кейбір белгілер бір секторды бөлісе отырып, ортақ болжамға ие болады. 8 бағыттың төртеуі «таза» секторлар (Тышқан – Солтүстік, Қоян – Шығыс, Жылқы – Оңтүстік, Әтеш – Батыс), ал қалған төртеуі – энергия стихиясын өзгертетін өтпелі аймақтар. Онда екі белгіден жұптасып орналасады: Сиыр мен Барыс (СШ), Жылан мен Ұлу (ОШ), Қой мен Мейшін (ОБ), Ит пен Доңыз (СБ). Бұл кесте – фэншуй ілімінің негізі болып табылатын классикалық жүйе.

Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағаты
Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағаты

Тұлпар жылы Қазақстанда қашан басталады және бізді не күтіп тұр?

Сонымен, Тұлпар жылы Қазақстан уақытымен 4 ақпан күні түнгі сағат бір шамасында кіреді. 2026 жыл барлық нәрсеге сәуле түсіреді – көмескі дүниелердің бәрі сыртқа шығып, ашыққа айналады. Бұл кезеңде тек іс-әрекетті емес, ой-ниеттің тазалығын да қадағалау маңызды. Елена атап өткендей, тіпті «әдемі ойлаудың» маңызы артады. 

Тұлпар жылы – қуатты, жүйрік әрі болжап болмайтын От стихиясының билігінде. Сіз бұл энергияны ақпанның алғашқы апталарында-ақ сезіне бастайсыз. Егер «От» стихиясы сіздің жұлдызыңызға жағымды болса, ол сізді алға жетелейді – уақыт жоғалтпай, іске кірісіңіз. Ал егер бұл энергия сізге қолайсыз болса, ол агрессия, эмоциялық тұрақсыздық пен ішкі мазасыздық арқылы білінуі мүмкін. Лаулаған Отты жуасытуға Жер стихиясы көмектеседі: киім таңдауда құм түстес, сарғыш және терракота реңктеріне мән беріп, табиғатта көбірек серуендеп, нәрлі көмірсулармен тамақтану ұсынылады. Маусым мен желтоқсан айлары барлық белгілер үшін жылдың ең шиеленісті кезеңдері болмақ.

Елена Топольская | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Елена Топольская | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Әрбір белгіге арналған жұлдыз жорамал

Тышқан

Қытай күнтізбесі бойынша Тышқан мен Тұлпар – бітіспес антагонистер. Демек, Тұлпар жылы Тышқандар үшін күтпеген кедергілер мен қақтығыстарға толы, қиын жыл болуы мүмкін. Бұл тұста «партизан тактикасын» ұстанып, тым белсенділік танытпай, алдыңғы шепке шықпаған абзал. Сақтық пен алдын ала жоспарлау ғана шиеленістерден аман өтуге септігін тигізеді.

Сиыр және Барыс

Бұл секторда туғандар үшін 2026 жыл жеңілдік әкеледі – күрделі болған 2025 жылдан кейін еркін тыныстауға мүмкіндік туады. Жыл қарқынды әрі қуатты болып, жаңа бастамалар мен табысқа жол ашады, бірақ эмоцияны бақылауда ұстауды талап етеді. Бұл — шабыт пен өрлеу уақыты: шығармашылық, креативті жобалар мен оқу-ізденіс жұмыстары жеңіл жүріп, үлкен қуаныш сыйлайды.

Қоян

Қоян жылы туғандар үшін алдағы жыл – тынығу кезеңі. Бұл – күш жинап, жүйелі түрде алға жылжуға қолайлы уақыт. Дегенмен, тым босаңсып, әрекетсіз қалу қаупі де бар. Ескеретін жайт: бір жылдан кейін, яғни 2027 жылы, сіздерді «көмескі сырлар сыртқа шығатын» жайсыз кезең күтіп тұр. Сондықтан 2026 жылды болашаққа дайындық ретінде пайдаланыңыз: іс-қағаздарды реттеп, ішкі реніштер мен жиналып қалған мәселелерден арылып, «карманы тазартумен» айналысыңыз.

Ұлу және Жылан

2026 жыл Ұлулар мен Жыландар үшін өте қайырлы болмақ. Ұлулар үшін жыл оқиғаларға толы, белсенді әрі өсу мүмкіндіктері мол кезең ретінде есте қалады. Сәттілік барлық салада серік болады, тек жетістіктен қорықпай, оның рахатын көре білу керек. Жыландар үшін жыл біршама тыныш, бірақ жалпы алғанда өнімді өтпек. Бұл уақыт жоспар құруға, тың идеяларды жүзеге асыруға және байланыстарды нығайтуға таптырмас кезең. Фэншуй кеңесі: Егер сіз басқа белгіде тусаңыз да, Ұлулар мен Жыландардың бойындағы сәттілік энергиясын өз мақсатыңызға пайдалана аласыз – олармен келіссөз жүргізіп, ортақ жобаларды қолға алыңыз.

Тұлпар

Өкінішке қарай, «бұл менің жылым» деп үміттенген жандарды аздаған реніш күтуі мүмкін. Тұлпар жылында туғандар үшін дәл осы жыл – тым асқынған энергия әкеледі. Бұл кезеңде Тұлпарлар тез ашуланғыш болып, өз-өзіне мәселе тудыруға бейім келеді. Осы артық «Отты» басу үшін Темір стихиясын жандандыру қажет: темір әшекейлер тағып, спорт залында ауыр темірлермен (жаттығулармен) айналысқан жөн. Бұл эмоцияны тұрақтандырып, энергияны дұрыс арнаға бағыттауға көмектеседі.

Қой және Мейшін

Бұл сектордағылар үшін жыл оңай болмайды. Бірнеше сәтті жылдан кейін белгілі бір қиындықтар туындауы мүмкін. Заң тұрғысынан мәселелер шығуы, алаяқтардың құрбаны болу немесе өз аңқаулығыңыздан жайсыз жағдайға тап болу қаупі бар. Қаржылық қауіпсіздікті ойлап, артық тәуекелден қашыңыз. Жағымсыз энергияны жұмсарту үшін Су элементтерін пайдаланыңыз: интерьерде, киімде немесе аксессуарларда көк, аспан түстес және қара түстерге басымдық беріңіз.

Әтеш

Әтештер үшін Тұлпар жылы оқиғаларға бай әрі қарқынды болғанымен, өз сынақтарын да ала келеді. Жыл энергиясы белсенділік пен батылдықты оятқанымен, жүйкенің сыр беруіне және кикілжіңдерге себепші болуы мүмкін. Өзгенің ісіне араласпай, өз өміріңізге назар аударыңыз. Энергияны дұрыс бағытта жұмсау үшін жеке жобалар мен жаңа «челлендждер» ойлап тапқаныңыз абзал. Тұрақты физикалық жаттығулар, тыныс алу тәжірибелері мен таза ауада серуендеу ішкі тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.

Ит және Доңыз

Тұлпар жылы Иттер үшін күрделі болғанымен, тұлғалық өсуге зор мүмкіндік береді. Жыл энергиясы өте шапшаң, ал Иттер әдетте сақтықты ұнатады, сондықтан тез шешім қабылдауды талап ететін жағдайлар жиілейді. Доңыздар үшін жыл күтпеген бұрылыстарға толы әрі серпінді болады. Егер энергияны дұрыс бағыттай алсаңыз, жыл берекелі өтпек. Екі белгі үшін де ортақ қауіп – шамадан тыс жұмыс істеп, қажып кету. Өзіңізге тым көп жүк артпай, күш-қуатыңызды уақытылы қалпына келтіріп отырыңыз.