Lifestyle|Sports

Қазақстандық қос шахматшы фристайл-шахматтан әлем чемпионатында бақ сынайды

АвторыTatler Kazakhstan
12.08.2026
Алуа Нұрман мен Бибісара Асаубаева | Instagram / Getty Images
IMAGE Алуа Нұрман мен Бибісара Асаубаева | Instagram / Getty Images
Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) 2027 жылы әйелдер арасында өтетін фристайл-шахматтан әлем чемпионатына іріктеу ережелерін жариялады. Турнир ақпан айында Германияның Вайсенхаус қаласында өтеді

Чемпионаттың финалдық кезеңіне сегіз шахматшы қатысады. Қазірдің өзінде бес қатысушының есімі белгілі, оның екеуі – Қазақстанның намысын қорғайтын Бибісара Асаубаева мен Алуа Нұрман. Айта кетейік, Бибісара – «Спорт» номинациясы бойынша Tatler Impact Awards жүлдесінің лауреаты.

Фристайл-шахмат (немесе Фишер шахматы) – дәстүрлі дебюттерді жаттап алу емес, ойыншының интуициясы мен стратегиялық ойлау қабілеті алдыңғы орынға шығуы үшін фигуралар тақтаға кездейсоқ тәртіппен орналастырылатын ерекше шахмат түрі.

Асаубаева бұған дейін дәл осы Вайсенхауста өткен көрме матчындағы тамаша ойынының арқасында әлем чемпионатына жолдама алған болатын. Ал Нұрман Grenke Freestyle Chess Open турнирі арқылы іріктеуден сәтті өтті. Қазақстандық шахматшылардан бөлек, чемпионатқа Үндістан өкілі Харика Дронавалли, германиялық Динара Вагнер және украиналық Анна Музычук қатысады.

Осылайша, тарихи фристайл-шахматтан әлем чемпионатында Қазақстанның атынан бірден екі спортшы бақ сынайды. Қалған үш жолдама Chess.com платформасындағы онлайн-іріктеу турнирлерінде сарапқа салынбақ. Олар 2026 жылдың соңы мен 2027 жылдың басында өтеді.