Tatler Impact Awards жүлдесі Қазақстанда өз иегерлерін алғаш рет тапты. Лауреаттар қатарында бизнес, мәдениет, спорт, ғылым және қайырымдылық саласының өкілдері бар. Бұл – 2025 жылы өз саласындағы «ойын ережесін» өзгертіп, тың серпіліс әкелген, сондай-ақ ел мен қоғам дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғалар.
Марапаттау рәсімінде Tatler Impact Awards мүсіншелері жеті аталым бойынша табысталды: «Инновация», «Бизнес», «Мәдениет», «Қайырымдылық», «Спорт», «Стиль» және Diamond.
Diamond, Қайрат Боранбаев
Елдегі бизнес, мәдени және спорттық инфрақұрылымды дамытуға қосқан үлесі және мүмкіндік шекарасын кеңейткен жобалары үшін.
Марапаттау кезінде Боранбаевтың еңбегі ерекше аталды: бүкіл ел үшін мерекеге айналған ұмытылмас «Қайрат» – «Реал Мадрид» футбол матчынан бастап, мәдени ландшафттың ауқымды өзгерісіне дейін – дәл осы Tatler Ball өткен «Целинный» заманауи мәдениет орталығының ашылуы соның айқын дәлелі.
Қайрат Боранбаев өзіне тиесілі марапатты Carrera y Carrera зергерлік үйінің креативті директоры Даниэль Каррера мен Қазақстан Республикасындағы Carrera y Carrera ресми дистрибьюторы, Constella брендінің және Zhanna Kan Group негізін қалаушы Жанна Канның қолынан алды. Ол көрсетілген құрмет пен сенім үшін баршаға алғысын білдірді.

«Бизнес», Нұрлан Смағұлов
Бизнесті дамытуға қосқан орасан үлесі және қазақстандық өнер мен суретшілердің жаңа буынына соны көкжиек ашқан Almaty Museum of Arts жобасы үшін.
Нұрлан Смағұлов – өзіне жарасымды борсалино қалпағы мен Tom Ford көбелек галстугі арқылы мінсіз талғам мен филантропияның символына айналған аңыз адам. Оның басты жобасы – Almaty Museum of Art (AMA) музейін нағыз мәдени манифест деп атауға болады. Мұнда қазақстандық өнер алғаш рет Ансельм Кифер, Ричард Серра, Яёи Кусама секілді әлемдік титандардың туындыларымен бір кеңістікте, біртұтас нарративте ұсынылған.
Нұрлан Смағұлов салтанатты шараға қатыса алмағандықтан, әкесінің атынан жүлдені алу үшін сахнаға қызы Ақжан Смағұлова көтерілді.

«Қайырымдылық», Анар Рахымбаева
Әлеуметтік қолдаудың тиімді жүйесін құрғаны және қайырымдылық саласына қосқан үлесі үшін.
Анар Рахымбаеваның түсінігіндегі қайырымдылық – бір реттік науқандық шара емес. Ол негізін қалаған «Ана үйі» ресурстық орталықтар желісі көп жылдан бері Қазақстандағы әлеуметтік жетімдікпен күресте алтын стандартқа айналып, баланы өз отбасында сақтап қалуға қызмет етіп келеді. Ал 2025 жылы бұл жоба әлемдік деңгейге шығып, Mother’s Home: Eradicating Social Orphancy in Kazakhstan атауымен Гарвард бизнес мектебінің оқу базасына кейс ретінде енгізілді.
Марапатты Анар Рахымбаеваның өкілі Әминат Джаппуева Даниэль Каррера мен Жанна Канның қолынан алып, көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді.

«Инновация», SignBridge жобасы
Білім, медицина және мемлекеттік қызметтерді әрбір адамға қолжетімді ететін жүйені жасап, инновация енгізгені үшін.
Нұрзада Амангелді, Назерке Ғазизова және Бекболат Құрметбек есімді үш зерттеушіден құралған команданың бес жылдық еңбегі нәтижелі болып, әлемдегі тұңғыш қазақ ым-ишара тілін түсінетін ЖИ (Жасанды интеллект) жүйесі дүниеге келді. Бүгіннің өзінде қазақстандық телеарнада есту қабілеті нашар балаларға арналған мультфильмдер осы ИИ-аватардың көмегімен көрсетіліп жатыр. Бұл марапат – ең ізгі гуманистік серпілістер технология мен мейірімнің тоғысқан жерінде туатынының айқын дәлелі.
Марапатты SignBridge жобасының тең құрылтайшысы Назерке Ғазизова ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы басшысы, доктор Рашед Мұстафа Сарвардың қолынан алды.

«Мәдениет», Данна Қарағұсова
Ұлтқа шабыт сыйлаған жеке серпілісі және елімізді әлемдік мәдениетпен байланыстыратын ауқымды жобалары үшін.
Сахна төріне көтерілген Данна Қарағұсова бейнебір марапат алу үшін ғана орбитадан арнайы жерге түскендей ерекше күй кештірді. Бұл тегин емес: 2025 жылдың 8 қазанында ол Blue Origin кемесімен көкке самғап, суборбиталық биіктікті бағындырған тұңғыш қазақ қызы және ТМД елдерінің алғашқы өкілі ретінде тарихқа енген еді.
Оның жүлдесі – адам әлеуетінің шексіздігін айшықтайтын символ. Марапатты Freedom Holding Corp. компаниясының тұрақты даму жөніндегі бас директоры Бағлана Мусина табыстады.

«Мәдениет», Мәлік Хасенов
Амбициялық музыкалық жобалар арқылы қала мен ел дамуына қосқан үлесі үшін.
Егер Данна Қарағұсова ғарышты бағындырса, Мәлік Хасенов жердегі орбиталарды – мыңдаған көрерменнің энергиясынан жарыла жаздайтын стадиондарды игеруде. 2019 жылы спорттық ареналарды басқару жүйесінің тізгінін ұстаған ол, бұл алаңдарды тек спорттық қана емес, музыкалық эмоцияларға толтыру идеясына жан бітірді.
2025 жыл нағыз триумф жылы болды: бес стадиондық шоу – ауқымды Älem Fest-тен бастап, Астанадағы аты аңызға айналған Backstreet Boys концертіне және үш қалада өткен Дженнифер Лопестің сенсациялық шоуына дейін. Мәлік Хасенов пен оның «Астана Концерт» командасы елдегі мәдени шаралардың ауқымы туралы түсінікті өзгертіп, мүмкін еместі мүмкін қылды. Хасеновке жүлдені Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі, опера дивасы Айгерім Шәріпбек табыс етті.

«Стиль», Айгүл Әміржанова
Luxury-ретейлдің жаңа мәдениетін қалыптастырғаны және Қазақстанды жаһандық fashion-картада ілгерілетуге қосқан стратегиялық үлесі үшін.
Айгүл Әміржанова Viled-ті басқару ұсынысын қабылдаған сонау 2003 жыл – ширек ғасырға созылған дара көшбасшылық дәуірінің бастауы еді. Оның жетекшілігімен жай ғана бөлшек сауда желісі емес, талғамы биік тұтынушылар буынын тәрбиелеген luxury-мәдениеттің тұтас экожүйесі қалыптасты. 2025 жыл Айгүл Әміржанова үшін нағыз жұлдызды жыл болды: оның есімі сән индустриясының дамуын айқындайтын тұлғалардың әлемдік рейтингі – жаңартылған BoF 500 тізіміне енді.
Сахнаға көтерілген Әміржанова тек жеке еңбегінің емес, қазақстандық сән әлеміндегі тұтас бір дәуірдің мойындалуының белгісі болған марапатты қабыл алды. Жүлдені оған Tatler Kazakhstan баспагері Марина Яковлева табыстады.

«Спорт», Бибисара Асаубаева
Қазақстанға әлемдік аренада шахматтан жаңа даңқ әкелген қайсарлығы мен зияткерлігі үшін.
Бибисара Асаубаева – темірдей тәртіп пен мақсатшылдықтың жарқын үлгісі. Оның жеңістері кездейсоқ емес. Бұл – толассыз жаттығу мен қажырлы еңбектің заңды нәтижесі. Халықаралық гроссмейстер Бибисара 2025 жылы «FIDE Grand Swiss» атты беделді турнирде қола жүлде алып, әлемнің ең мықты шахматшыларының бірі деген мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Дайындық кестесінің тығыздығына байланысты рәсімге қатыса алмаса да, ол Tatler журналына өз жетістіктерін бағалағаны үшін алғыс айтып, әсерлі бейнежазба жолдады.

