Франшизаның жанкүйерлері трейлердің әрбір секундын жіпке тізгендей талдап, түстер үйлесімінен бастап, саундтрек пен актерлік құрамға дейін «сүзгіден» өткізіп шықты. Әдеттегідей, ремейктердегі ең үлкен дау кастингке, яғни актерлерді таңдау мәселесіне келіп тірелді. Мін іздеушілер ешкімді аяған жоқ: Рубеус Хагридтің рөліндегі Ник Фросттың тым арықтап кеткені, Гарриді сомдайтын Доминик Маклафлиннің күлкісінің тым «мінсіздігі» сынға ілікті. Ал Снейптің рөліндегі Паапа Эссьедуға бағытталған хейт туралы айтудың өзі қорқынышты – жағдайдың ушыққаны сонша, HBO түсірілім алаңындағы күзетті күшейтуге мәжбүр болды. Дегенмен, жақсы жаңалық та жоқ емес: көрермендердің пікірінше, жасаушылар бір кейіпкердің рөліне актер таңдауда нысанаға дөп тиген. Ол – жаңа Драко Малфой.
Жаңа Драко кім?
Сериалда Драко Малфойдың рөлін 14 жасар британдық актер Локс Пратт сомдайды. Мүмкін, сіз бұл есімді бірінші рет естіп тұрған боларсыз, бірақ бәс тігуге бармыз: бір жылдан кейін жағдай түбегейлі өзгереді. Локс Пратт қазірдің өзінде Ұлыбританияның ең көп талқыланатын жас актерлерінің қатарына еніп үлгерді. Бұған тек «Поттерианаға» қатысуы ғана емес, оның Уильям Голдингтің әйгілі «Шыбындар патшасы» (Lord of the Flies) романының теле-адаптациясындағы алғашқы күрделі рөлі себеп болды. «Шыбындар патшасы» – ұшақ апатынан кейін иен аралда қалып қойған мектеп оқушылары туралы классикалық шығарма. Өз қоғамын құрмақ болған балалардың өркениеттен қалай алшақтап, айуандық түйсіктерге бой алдырғанын баяндайтын бұл ауыр аллегорияда Пратт Джек есімді кейіпкерді ойнайды. Джек – харизматикалық, бірақ өте қатал көшбасшы, ол бірте-бірте диктаторға айналып, күшпен өз заңын орнатады.

Қызығы, Пратт бұл жобаға ешқандай агентсіз және кинода тәжірибесі болмаса да, ашық кастинг арқылы келген. Ол бастапқыда оң кейіпкер Ральфтың рөліне бағын сынап көрмек болғанымен, кейіннен күрделі әрі психологиялық тұрғыдан ауыр Джек бейнесіне қызығушылық танытқан.
Өз жұмысында Пратт кейіпкерінің жауыздығын ғана емес, оның ішкі әлсіздігі мен қорғансыздығын да шебер жеткізе білді. Оның Джегі – жай ғана қатыгез бала емес, агрессия маскасының артында қорқыныш пен өзін мойындатуға деген құштарлығы жатқан күрделі жасөспірім. Дәл осы ішкі арпалысты көрсете алу қабілеті оның Драко рөлін де лайықты алып шығатынына сенім ұялатады. Бұған қоса, оның аққұба шашы, суық әрі менмен қарасы және өзіне деген шексіз сенімділігі – ежелгі ақсүйек Малфойлар әулетінің мұрагерін сомдауға қажетті қасиеттер болып тұр.

Жанкүерлердің алғашқы реакциясы
Қолымызда бар дүние – трейлердегі небәрі бір секундтық кадр мен түсірілім алаңынан алынған бірнеше сурет қана. Бірақ бұл «поттеромандарды» таңғалдыруға жеткілікті болды. Көрермендердің әсері негізінен оң болды: жанкүйерлер Пратттың харизмасын және оның бойындағы кейіпкерді жек көрінішті, бірақ сонымен бірге тартымды ететін ерекше энергияны жоғары бағалады.
«Олар бұл баламен нағыз джекпот ұтып алды... бұл шын мәнінде бірегей Драко болмақ»
«Оның дауыс ырғағы мен мимикасы – таза Драко. Міне, нағыз сәйкестік!»
«Ол менмен британдық бұзақының образын толықтай ашып тұр»
Сонымен қатар, көрермендер бұл кейіпкердің өздерін ашуландырып, тіпті жынына тиетінін де жасырмайды. Бірақ Драко сияқты зұлым кейіпкер үшін бұл – ең жақсы нәтиже. Демек, актер өз рөлін дұрыс орындап тұр.
«Мен оны қазірдің өзінде жек көремін... демек, ол бұл рөлге лайықты»
«Оның бетінен шапалақпен тартып жібергің келеді. Тамаша жұмыс!»
«Оның әр қимылынан қауіп пен менсінбеушілік есіп тұр»
Оны түпнұсқа фильмдерде Драконы ойнаған Том Фелтонмен де жиі салыстырады. Бірақ бұл «кім жақсы, кім жаман» деген талас емес, көбіне жаңа интерпретацияға деген қызығушылық. Көбісі Пратттың нұсқасы әлдеқайда қатал әрі психологиялық тұрғыдан күрделірек болады деп сенеді.
Драко рөлі неге соншалықты маңызды?
Том Фелтон сомдаған Драко Малфойдың танымалдылығы – қызық құбылыс: негізінен ол зұлым болса да, франшизадағы ең сүйікті кейіпкерлердің біріне айналды. Мұның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, бұл – «жаман жігіт эффектісі». Бұқаралық мәдениетте бойында қараңғы жағы бар кейіпкерлер әрқашан назарды көбірек аударады. Тым дұрыс әрі ұқыпты Гарридің жанында Драко әлдеқайда «тірі» және қарама-қайшылыққа толы болып көрінеді. Екіншіден, фан-мәдениеттің ықпалы жоқ емес. Фильмдер шыққаннан кейін Малфойдың образы сан саққа жүгіртілді: фанфиктер, суреттер мен талқылаулар оған Джоан Роулингтің кітаптарында нақты жазылмаған романтикалық және драмалық қырлар қосты.

Сонымен қатар, Фелтонның өзі де үлкен рөл атқарды: оның ашықтығы, өзіне-өзі сынмен қарай алуы және жанкүйерлерге деген жылы қарым-қатынасы актер мен кейіпкерді халыққа жақындата түсті. Айта кетерлігі, Том Фелтон ойнаған кезде Драко әлі культтік кейіпкерге айналмаған еді, ал Локс Праттқа бүгінде қоғам тарапынан түсетін салмақ әлдеқайда ауыр.
Фелтонның ақ батасы
«Біз ол кезде мүлдем жаңа дүниеге қадам басқан едік. Қазір бұл жобаның жауапкершілігі әлдеқайда жоғары», – деп атап өтті Фелтон. Сондықтан ол Праттпен хабарласып, жас актерге қолдау көрсетті. Ол жас ізбасарына нақты кеңес беріп «ақыл айтудан» қашса да, өз көмегін ұсынған: «Мен тек мынаны айта аламын: міне менің телефон нөмірім, міне мекенжайым», – деп Пратттың өзіне де, оның ата-анасына да қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
38 жасар актер жаңа буынды оқытуға құқығым жоқ деп есептейді, өйткені бұл «олардың өз жолы». Дегенмен, ол бірнеше жеңіл ұсыныс тастады: «Барынша ләззат алып, көбірек суретке түс, және түсірілім алаңындағы дүниелерді барынша көбірек қолды қыл – бір күні олар ертегідей байлыққа айналады».
Әзірге барлық белгілер Драко Малфой рөліне таңдаудың сәтті болғанын көрсетеді. Локс Пратт қазірдің өзінде бұл рөлге қажетті харизма мен күрделі эмоцияларды көрсете алу қабілетін байқатты. Оның бұл сынақтан қалай өткені 2026-жылдың 25-желтоқсанында, HBO-дағы премьерадан кейін белгілі болады.

