25-ші наурызда HBO ұсынған «Гарри Поттер» сериалының алғашқы трейлері жарыққа шыққасын, жанкүйерлердің пікірі қақ жарылды. Әу баста сиқыр әлеміне салтанатты түрде қайта оралу ретінде жоспарланған бұл жоба, іс жүзінде желідегі қызу айтыс пен ащы мінге толы пікірталас алаңына айналды.
Снейп пен Гермиона: тағдыр тауқыметі мен жаңа келбет
Бұл жобаның ең даулы тұсы – Северус Снейп рөліне Паапа Эссьедудың таңдалуы. Түпнұсқа фильмдерде Алан Рикман сомдаған бұл кейіпкер – өмір бойы жалғыздықты серік еткен, махаббаттан жолы болмаған және мектеп кезінен қатарластарынан қорлық көріп өскен ең күрделі тұлға. Кітапта ол «майлы қара шашты, қуқыл өңді» деп сипатталады, ал бұл оның ішкі мұңы мен жан жарасының сыртқы көрінісі еді.


Енді бұл рөлді қара нәсілді актердің сомдауы жұртты екіұдай күйге түсірді: бірі кейіпкердің тегі мен түр-түсін өзгерту оның тарихи негізіне нұқсан келтіреді десе, екіншілері Паапа Эссьедудың драмалық таланты Снейптің ішкі арпалысын жаңа қырынан ашады деп сеніп отыр.
Гермиона Грейнджер рөліне Арабелла Стэнтонның келуі де үлкен талас тудырды. Мұндағы мәселе тек актрисаның сырт келбетінде емес, автор Джоан Роулинг қаламынан туған маңызды идеяда жатыр. Кітапта Гермиона сиқыршы емес адамдардан туған «қаны бұзылған» ретінде таза қанды ақсүйектердің кемсітуіне ұшырайды. Бұл – қоғамдағы таптық бөліну мен теңсіздіктің астарлы бейнесі болатын.
Жанкүйерлердің айтуынша, Гермионаның кітаптағы суреттерге мүлдем ұқсамауы бұл нәзік тақырыптың мәнін бұрмалап, түпнұсқадағы әлеуметтік драманың салмағын жеңілдетіп жіберуі мүмкін.


Тіпті басты рөлдегі Доминик Маклафлин де сыннан аман қалмады. Жанкүйерлердің айтуынша, жаңа Гарри кітаптағы қиындық көрген, үстіндегі киімі екі есе үлкен, шашы ұйпа-тұйпа жетім балаға мүлдем ұқсамайды. Маклафлин экранда тым ұқыпты, бақуатты әрі өзіне тым сенімді көрінеді.
Белгілі актерлер әулетінен шыққан Маклафлиннің, «бетінен нұры тамған» жасөспірім Дэниэл Рэдклифф кезінде шебер жеткізген кейіпкердің қорғансыздығы мен ішкі мұңын бере алатынына көбі күмәнмен қарайды. Оқырманға Гарридің сыртқы келбетінен оның тартқан тауқыметі мен жетімдік мұңы көрінуі маңызды еді.


Кино әлемінің майталмандары да сыннан аман қалмады: Джон Литгоудың (Дамблдор) тегі американдық болғаны британдық атмосфераға нұқсан келтіреді деп есептелсе, Ник Фросттың (Хагрид) бұрын тек әзіл-оспақ рөлдерде ойнағаны фанаттарды секем алдырды. Бірақ кейбіреулер оның табиғилығы кейіпкерге жан бітіреді деп үміттенеді.
Сиқыры жоқ «суық әлем»
Кастинг төңірегіндегі дау кітаптағы дәлдік туралы болса, әлеуметтік желілерде трейлердің сапасына қатысты нағыз визуалды шайқас басталды. Трейлерді 2001-жылғы фильммен кадр бойынша салыстырған мемдер жаңбырдай жауды. Желі қолданушылары екі туындыдан бір-біріне аумайтын кадрларды тауып алып, «Мұның мәні неде?» және «Көшірме ремейк» деген жазбалар қалдыруда. HBO компаниясының ешқандай жаңалық қоспай, ескі кадрларды жай ғана қайта түсіруге (copy-paste) бірнеше жылын жұмсағаны туралы әзілдер интернетте лезде тарап кетті.
Бір қызығы, мемдердің екінші толқыны сериалды тым суық әрі көңілсіз болғаны үшін сынады. Трейлерді «жансыз» және «мүлдем қызықсыз» деп атағандар, оның түстер палитрасын Стенли Кубриктің «2001: A Space Odyssey» фильміндегідей тым техникалық, стерильді суретпен салыстырып, сиқырдың жылуы жетіспейтініне шағымданды. «Олар бізге бар-жоғы бір рет Lumos (таяқшаның ұшын жағатын сиқыр) көрсетті де, сонымен тынды», – деп келемеждеді желідегілер.

Осы аласапыранның ортасында көбінің көкейінде «Бұл сериалдың не керегі бар еді?» деген сұрақ туындап отыр. Бір жағынан, студия хикаяға тереңірек үңілуге уәде берсе, ал Паапа Эссьеду сияқты жаңа актерлер кейіпкерлердің бұрын ашылмаған қырларын көрсете алады деп үміттенеді. Екінші жағынан, көрермендердің көретіні – не қалыптасқан ережелердің бұзылуы, не еш себепсіз классиканы қайта түсіру әрекеті.
HBO жаңа дүние ұсынғысы келе ме, әлде түпнұсқаға адал болғысы келе ме – ол жағы әзірге беймәлім, бірақ бір нәрсе анық: сериал қалың көпшіліктің назары мен сенімін иелену үшін ауыр шайқасты бастап кетті. Қазіргі басты мәселе – жаңа кейіпкерлердің мемдер мен фанаттардың ашуына тұтқын болмай, аңызға айналған хикаяға шын мәнінде жан бітіре алуында.
