Lifestyle|Entertainment

Зендея мен Том Холланд 5 жыл ішінде алғаш рет қызыл кілемге бірге шықты

АвторыTatler Kazakhstan
16.06.2026
Том Холланд пен Зендея 2026 жылғы 15 маусымда Испанияның Мадрид қаласындағы «Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмінің фотосессиясында | Pablo Cuadra / Getty Images
IMAGE Том Холланд пен Зендея 2026 жылғы 15 маусымда Испанияның Мадрид қаласындағы «Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмінің фотосессиясында | Pablo Cuadra / Getty Images
Жұлдызды жұптың Мадридтегі жаңа «Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмінің промо-іс-шарасында бірге бой көрсетуі олардың жасырын үйленгені туралы қауесеттер өршіп тұрған шаққа тұспа-тұс келді

15 маусым күні Зендея мен Том Холланд Мадридтегі Four Seasons қонақ үйінде өткен «Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмінің промотуры аясында қызыл кілемге бірге шықты. Entertainment басылымының хабарлауынша, бұл оқиға жанкүйерлер үшін нағыз мерекеге айналды, себебі жұлдызды жұп соңғы рет мұндай іс-шарада 2021 жылдың желтоқсанында «Өрмекші-адам: Үйге жол жоқ» фильмінің тұсаукесерінде бірге бой көрсеткен еді. Олардың бұл жолғы көпшілік алдына шығуы актерлердің жасырын шаңырақ көтергені туралы сыбыстардың өршіп тұрған кезімен тұспа-тұс келді.

Испаниядағы премьера үшін Зендея асимметриялық шашағы мен терең тілігі бар Christian Cowan қара корсет көйлегін және Christian Louboutin туфлиін таңдаған. Ал Том Холланд Prada брендінің еркін пішімдегі қара костюмі мен ашық қызыл жейдесін киіп келді. Көпшілік бұл образды оның суперқаһармандық кейіпкерінің түстеріне жасалған әдемі сілтеме деп қабылдады.

Том Холланд пен Зендея 2026 жылғы 15 маусымда Испанияның Мадрид қаласындағы «Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмінің фотосессиясында | Pablo Cuadra / Getty Images
IMAGE Том Холланд пен Зендея 2026 жылғы 15 маусымда Испанияның Мадрид қаласындағы «Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмінің фотосессиясында | Pablo Cuadra / Getty Images

Көпшіліктің ең қызу талқылағаны – жұптың өздерінің отбасылық жағдайына қатысты ешбір тіс жармауы болды. 2026 жылдың наурыз айында Зендеяның стилисті Ло Роуч үйлену тойының әлдеқашан өткенін мәлімдегеннен кейін, қауесеттер қайта лаулаған еді. Бірақ актерлердің өздері бұл ақпаратты бірде растап, бірде теріске шығарып, жұмбақ күйінде қалдырды.

Бір қызығы, кейбір басылымдар жұптың қызыл кілемдегі бұл қадамын олардың ерлі-зайыпты статусындағы алғашқы ресми шығуы деп атап үлгерді. Зендеяның өзі жақында берген сұхбатында неке туралы сұрақтан жалтарып, журналистердің «үнемі бірдеңе іздеп жүретінін» айтқан болатын. Алайда француздық Views France басылымына берген сұхбатында ол «идеалды неке» туралы ой қозғап, жұбайлар арасындағы достықтың маңыздылығын ерекше атап өткен еді.

31 шілдеде прокатқа шығатын «Өрмекші-адамның» жаңа бөлімінен бөлек, жұп Кристофер Ноланның «Одиссея» фильмінде де бірге ойнады. Бұл ауқымды жобаның премьерасы 2026 жылдың 17 шілдесіне жоспарланған.