«Марк Шагал: Сотворение света» көрмесі
- Қашан: 13 тамыздан 4 қазанға дейін, күн сайын 11:00 мен 20:00 аралығында
- Қайда: LM Kulanshi Art галереясы, Астана қаласы, Аманжолов көшесі, 22А
- Бағасы: 2500 теңгеден бастап
LM Kulanshi Art галереясында жиырмасыншы ғасырдың ең ұлы суретшілерінің бірі Марк Шагалдың түпнұсқа графикалық туындыларының ауқымды көрмесі өтіп жатыр. Қылқалам шебері ешкімге ұқсамайтын, өзіне ғана тән қайталанбас көркем тіл қалыптастырған. Оның шығармаларында шынайы өмір мен түс, махаббат пен естеліктер ұштасып, таныс сюжеттер түрлі түске боялған, ал символдық мәні терең поэтикалық образдарға айналады. Көрменің төрінен суретшінің 1930-шы жылдары тарихи мәтіндерге сүйеніп, оларды өз көзқарасымен қайта зерделеп шығарған ең маңызды графикалық топтамаларының бірі орын алған. Бұл мәдени шараны Lumiere Hall музейі ұйымдастырып отыр.
Саодат Исмаиловамен Artist Talk
- Қашан: 14 тамыз, 19:00
- Қайда: Almaty Museum of Arts, Алматы қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 28
- Бағасы: 4000 теңге
Almaty Museum of Arts кеңістігінде өзбекстандық кинорежиссер әрі суретші Саодат Исмаиловамен шығармашылық кездесу өтеді. Сонымен қатар оның «Ее право» фильмі көрсетіледі. Бұл басқосу өзбектің поэтикалық киносы арқылы тарих пен естеліктерді қайта пайымдауға арналған. Саодат Исмаилова естелік, мифология, дүниетаным және қозғалыстағы бейне арасындағы байланысты терең зерттейді. Ол өз туындыларында Орталық Азия дәстүрлеріне, түс көру мен ырым-тыйымдарға, тарихи мұрағаттарға сүйене отырып, деректілік пен мифті, тарих пен жеке тәжірибені шебер ұштастырады.

Алматыдағы YE концерті
- Қашан: 14 тамыз
- Қайда: Алматының Орталық стадионы, Абай даңғылы, 48
- Бағасы: 150 000 теңгеден бастап
- Жас шектеуі: 12+
Ye деген атпен танымал америкалық рэпер Канье Уэст өзінің YE TOUR 2026 әлемдік турнесі аясында Қазақстанда алғаш рет ауқымды концерт береді. Алматыда арнайы осы турға арналып дайындалған толыққанды стадиондық шоу өтеді. Бағдарламаға соңғы жылдардағы жаңа хиттермен қатар, бірнеше буын тыңдармандарының сүйікті әндеріне айналған, музыка тарихында ойып тұрып орын алған әйгілі тректер де енген. Бұл ауқымды шараны First Media Group компаниясы Freedom Holding компаниясымен серіктестік құрып ұйымдастырып отыр. YE-нің өнер көрсетуі биылғы жылы Қазақстанда өтетін ең ірі халықаралық музыкалық оқиғалардың бірі болмақ.
ŞUAQ электронды музыка фестивалі
- Қашан: 15 тамыз, 17:00-ден бастап
- Қайда: Шарын шатқалы
- Бағасы: 30 000 теңгеден бастап
- Жас шектеуі: 18+
ŞUAQ – Шарын шатқалының табиғи ландшафтында өтетін тәуелсіз электронды музыка және визуалды өнер фестивалі. 15 тамызда бұл жоба мүлдем жаңа тұжырымдамамен қайта оралады: бір түн, бір бас сахна және күн батқаннан таң атқанша үзіліссіз жалғасатын бағдарлама. Фестиваль аясында орталықазиялық музыканттар еуропалық электронды сахнаның жарық жұлдыздарымен (Xternal Domain лэйблінің әртістерімен) бірігіп, қайталанбас туындылар ұсынады. Сонымен қатар аудиовизуалды лайв-перформанстар мен Қазақстанның ең әсем табиғи орындарының бірінде тамаша музыкадан ләззат алу мүмкіндігі күтіп тұр.
