Warner Bros. кинокомпаниясы алдағы уақытта жарық көретін The Lord of the Rings: The Hunt for Gollum фильмі актерлер құрамының бір бөлігін ресми түрде жариялады. Бұған дейін болжанғандай, Иэн Маккеллен (Гэндальф) мен Элайджа Вуд (Фродо) өз рөлдеріне қайта оралады. Сондай-ақ эльфтер патшасы Трандуилдің бейнесінде Ли Пейс те қайта көрінеді.
Ал Арагорнның рөліне келер болсақ, ол кейбір ақпарат көздері болжағандай Лео Вудаллға емес, Fifty Shades of Grey фильмдері мен The Fall сериалы арқылы танымал Джейми Дорнанға бұйырды. Variety басылымының жазуынша, Вудалл дунэдайн халқынан шыққан жауынгер - Хальвардтың рөлін сомдайды. Энди Сёркис кезекті рет Голлум бейнесінде көрінеді, сонымен қатар картинаның режиссері қызметін атқарады.
The Lord of the Rings: The Hunt for Gollum фильмінің премьерасы 2027 жылдың 17 желтоқсанына жоспарланған. Картинадағы оқиғалар Бильбо Бэггинстің 111 жылдық мерейтойы мен Сақина бауырластығы жорығының басталуы арасындағы хронологиялық кезеңді қамтиды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: The Hunger Games: Sunrise on the Reaping фильмінің алғашқы трейлері шықты
