The Show for Young Men
Уақыты: 10–12 сәуір аралығы
Орны: ARTиШОК театрының Үлкен сахнасы, Гоголь к-сі, 40
Құны: 6000 теңгеден бастап
Шотландиялық режиссер Ион МакКинзи алматылық көрерменге The Show for Young Men атты жан тебірентерлік би қойылымын ұсынады. Бұл – ересек адам мен баланың өзара байланысы арқылы заманауи ер-азамат болмысын зерттейтін туынды.
Қойылымда сөз жоқ: хикая кейіпкерлердің пластикасы, қозғалысы, іс-қимылы мен музыка арқылы өрбиді. Жеңіл әзіл мен мәнерлі хореография қойылымды әр түрлі жастағы көрерменге түсінікті әрі тартымды етеді. Театр бұл туындыны отбасымен тамашалауға кеңес береді: ол ересектерге де қызықты, 8 жастан асқан балаларға да ұғынықты болмақ.
Wax and Stories 3: Звуки Алматы
Уақыты: 11 сәуір
Орны: Aurora Cafe, Абылай хан даңғылы, 96
Құны: 7000 теңгеден бастап
Винилді тыңдау кештерінің жаңа шығарылымы қайта оралды. Формат өзгеріссіз қалады: бір кеште екі селектор бір-бір альбомнан таңдап, пластинкаларды басынан аяғына дейін – музыканттардың алғашқы ой-толғауы қалай болса, дәл солай тыңдатады. Қонақтар жазбаның әр бөлігіне үңіліп, дыбыс детальдарына мән беріп, алған әсерлерімен бөліседі. Бұл жолы диджейлік тізгінді Рустам Swagokat пен Юло Хан ұстайтын болады.
«Золотой квадрат»
Уақыты: 12 сәуір
Орны: Лермонтов атындағы театр, Абай даңғылы, 43
Құны: 15 000 теңгеден бастап
«Золотой квадрат» – бұл Stages театрының Алматыға деген шексіз сүйіспеншілігінен туған туынды. Туынды қала тарихын адам тағдырлары, музыка және әр дәуірдің тынысы арқылы баяндайды. Сахнада кеңес дәуірінің соңғы жылдарынан бастап Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңіне дейінгі айтулы оқиғалар, танымал тұлғалар мен оңтүстік астананың мәдени болмысын қалыптастырған мекендер мен бейнелер қайта жаңғырады.
JAILAU. Qazaq välsi
Уақыты: 12–27 сәуір аралығында
Орны: Esentai Mall, 2-қабат
Құны: кіру тегін
Esentai Mall-да өтетін ART DAYS аясында JAILAU. Qazaq välsi көрмесі ашылады. Экспозиция орталығында – бұған дейін перформанс-көрсетілім ретінде таныстырылған Törteu дизайнерлер ұжымының костюмдері. Көрме подиумда байқала бермейтін жұмыстардың ұсақ детальдарын, мата құрылымы мен тігіс ерекшеліктерін жақыннан көруге мүмкіндік береді.
Ашылу күні, 12 сәуірде, дизайнерлердің қатысуымен ашық сұхбат (паблик-ток) өтеді. Олар коллекцияның қалай жасалғаны, мәдени кодпен жұмыс істеу және отандық сән әлемінің дамуы туралы ой бөліседі. Сұхбат уақыты: 16:00-18:00.

