Рудный қаласының тумалары, қазақстандық актерлер Кирилл мен Денис Когай 2026 жылы экранға шыққан Veil of Shadows қытай дорамасының түсіріліміне қатысып қайтты.
Ағайындылар сериал жасаушыларының назарын өзінің «егіздер» форматымен, есте қаларлық ерекше келбетімен бірден баурап алған көрінеді. Сарапшылардың пікірінше, визуалдық компонент актерлік шеберліктен кем түспейтін қытай дорамаларында мұндай типаждарға сұраныс өте жоғары.
Veil of Shadows дорамасы не туралы?
Жас түлкі Вэнь Синь (рөлін сомдайтын – Цзюй Цзин И) ізім-ғайым жоғалып кеткен жұмбақ қожайынын іздеп, ұзақ сапарға жолға шығады. Тағдыр оны адамдар мен жындар әлемі өзара нәзік тепе-теңдікте өмір сүріп жатқан Нинчэн қаласына алып келіп тірейді. Алайда оның жолы күтпеген жерден соңынан қанды ізі қалған, қатыгез кісі өлтіруші – ежелгі жын-түлкі Дунфан Линфэнмен қиылыса кетеді. Ел аузындағы әңгімелерге сенсек, ол адамдардың жүрегімен қоректенеді екен, оның атын естігенде тіпті ең батыр дегендердің өзі қорқыныштан қалтырап кететін көрінеді.
Оқиғалар легіне түсіп кеткен Вэнь Синь жын аулау бюросының басшысы Цзин Ханьгэнің жас келіні атанып шыға келеді. Енді ол өзінің шынайы болмысын жасырып қана қоймай, жұмбақ өлімдердің артында кім тұрғанын да анықтауы тиіс. Өткеннің құпиялары біртіндеп ашыла бастағанда, ол жынның жүрегі жұрт ойлағандай тастай суық емес екенін, ал шындық аңыздардан әлдеқайда күрделі екенін түсінеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Дана Зулпыхар – Coachella фестивалінде өнер көрсеткен алғашқы қазақстандық
