Қазақстандық әртіс Дана Зұлпыхар Coachella фестивалінің сахнасына шыққан еліміздің алғашқы өкілі атанды. Калифорнияда жыл сайын өтетін бұл шара – әлемдегі ең ірі музыкалық оқиғалардың бірі. Өнер иесі концерттегі қойылымының видеосын өзінің Instagram Stories желісінде бөлісті.

Дана сахнаға WHATMORE тобының құрамында шықты. Бұдан бөлек, ол фестивальге қатысқан өзге де әртістердің музыкасын жазуға атсалысқан: оның авторлық ішекті аспаптар партиясы Coachella-ның ресми бағдарламасында шырқалды. Қазақстанда әртіс Dana Tunes лақап атымен жақсы таныс. Оның дискографиясында Nege Sezbedim, Ber Turma және Mende Bar Arman сияқты тректер бар.
Осымен сегіз жыл бойы Лос-Анджелесте тұрып жатқан Дана қазақ мәдениетін кең аудиторияға танытып келеді. «Қазақтың ұлттық музыкасы тиісті бағасын алмаған, тіпті өзіміз, қазақтар да оның қадірін толық түсінбей жатамыз. Ал мен оның шын мәнінде өз тыңдарманын тапқанын қалаймын. Мен көптеген мықты музыканттар мен профессорлардың қазақ музыкасына тамсана пікір білдіргенін естідім. Сондықтан әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдарды біздің өнермен таныстыру – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл тек менің болмысымның бір бөлшегі болғаны үшін ғана емес, музыкант ретінде оны өте жоғары бағалайтындықтан да маңызды», – дейді Дана.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Coachella 2026 фестивалінің екінші уикендіндегі ұмытылмас 5 сәт
