Сабрина Карпентер мен Мадонна
Сабрина Карпентердің жұма күнгі қойылымы Мадоннаның сахнаға шығуының арқасында осы уикендтегі ең көп талқыланған сәттердің біріне айналды. Мадонна «Juno» трегі орындалып жатқан тұста көрермен алдына шығып, артынша қос әнші «Vogue» хитін бірге шырқады.
Осыдан кейін бірден Мадонна өзінің 3 шілдеде жарық көретін Confessions II жаңа альбомындағы алғашқы «Bring Your Love» трегін таныстырды. Әнші үшін бұл кештің орны ерекше: осыдан шамамен 20 жыл бұрын Coachella-да өнер көрсеткен ол енді фестиваль сахнасына су жаңа туындыларымен оралып отыр.

Anyma-ның өнер көрсетуі
Итальяндық продюсер Anyma бірінші уикендте қатты желдің кесірінен өтпей қалған өзінің ÆDEN шоуын ақыры көрермен назарына ұсынды. Бұл жолы ауа райы қолайлы болып, толыққанды тұсаукесер сәтті өтті – әрі ол фестивальдегі ең жоғары технологиялық қойылымдардың қатарына енді.
Алып экрандар, цифрлық мүсіндер мен антикалық өнерден шабыт алған сахналық декорациялар бұл сетті нағыз визуалды шоуға айналдырды. Қойылым барысында «Bad Angel» трегімен BLACKPINK тобының мүшесі LISA және Мэтт Беллами ортаға шықса, кешті Joji өзінің «Beautiful» әнімен қорытындылады.

Билли Айлиш пен Джастин Бибер
Фестиваль тарихындағы ең қымбат хэдлайнер атанған Джастин Бибер өз қойылымы кезінде Билли Айлишті сахнаға шақырып, оған арнап «One Less Lonely Girl» әнін шырқады. Бұған дейін Биберді өзінің кумирі санап келгенін бірнеше рет айтқан әнші бұл тосынсыйға қатты толқыды. Концерттен тараған видеоларда оның абдырап қалып, сахна еденіне отыра кеткенін, содан кейін барып әншіні құшақтағанын көруге болады.
BIGBANG тобының оралуы
Жексенбі күні сахнаға қайта шыққан BIGBANG бірінші уикендтегі қойылымын қайталады. Айта кетейік, бұл – топтың 2017 жылдан бергі алғашқы толыққанды концерті.
Бағдарламаға топ мүшелерінің жеке нөмірлерімен қатар, «Bang Bang Bang», «Fantastic Baby», «Haru Haru» сияқты басты хиттері енді. Кештің «Still Life» әнімен аяқталуы қойылымға ерекше атмосфера сыйлап, Coachella 2026 фестиваліндегі ең көп талқыланған камбэктің әдемі нүктесін қойды.

Алғашқы латынамерикалық хэдлайнер
Кароль Джи фестиваль тарихындағы Латын Америкадан шыққан алғашқы хэдлайнер атанып, Coachella Stage сахнасын жапты. Оның қойылымы екінші уикендтің ең айтулы оқиғаларының біріне айналды.
Көп мыңдық аудиторияны жинаған әнші өзінің басты хиттері мен көз тартарлық сценографияны біріктірген ауқымды шоу ұсынды.

