Рэйф Файнс, Джесси Племонс, Эль Фаннинг және Киран Калкин сияқты Голливуд жұлдыздары бас қосқан «Голодные игры: Рассвет жатвы» антиутопиясына астаналық жас талант Диас Қалдыбеков те қосылды. Өзінің бұл халықаралық үлкен қадамы туралы Instagram парақшасында сүйіншілеп, картинаның жабық көрсетілімінен үзінділер мен қорытынды титрлердің скриншотын жариялаған отандасымыздың есімі қазірдің өзінде әлемдік киноиндустрияның ресми дерекқорларына, соның ішінде IMDb тізіміне де еніп үлгерді.
Диасқа бұл жобада Англер (ағылшын тілінен аударғанда «қармақшы» немесе «балықшы») есімді кейіпкердің рөлі бұйырды. Франшиза канонына сәйкес, мұндай есімдерді көбінесе өмірі мен кәсібі теңізбен тікелей байланысты жағалаудағы 4-ші Дистрикт тұрғындары мен өлім шоуына жеребемен таңдалатын жас қатысушылар – трибуттар иеленеді. Кинокартинаның желісі Китнисс Эвердиннің оқиғасынан жиырма төрт жыл бұрын өрбіп, жас Хеймитч Эбернети қатысқан аты аңызға айналған екінші Тоқсандық қырғынға, яғни 50-ші «Голодные игры» ойындарына арналады. Мерейтойлық бұл додада ережелер қатаңдатылып, әр дистрикттен келетін қатысушылар саны екі есеге артқандықтан, қазақстандық актердің кейіпкеріне қанды аренада 48 қатысушының ортасында жан сауғалауға тура келеді.
Әлемдік премьерасы 20 қарашаға жоспарланған бұл картинаны асыға күте отырып, осы франшизаның лондондық промо-ивентінде қазақстандық Andzhi Design брендінің көйлегі де жарқырап шыққанын еске сала кетейік.
