Лондонда The Hunger Games: Sunrise on the Reaping шытырман оқиғалы фильмінің премьерасы өтіп жатқан тұста, көпшіліктің назары қазақстандық Andzhi Design ресайкл-брендінің туындысына ауды. 28 қазанда өткен бұл ірі шараға франшизаның басты актерлері — Эль Фаннинг, Рэйф Файнс, Маккенна Грейс, Гленн Клоуз және Джозеф Зада сияқты жұлдыздар жиналған болатын.
Дизайнер Энджи Тен бұл эксклюзивті көйлекті британдық инфлюенсер Ами Шарлизге арнап, қызыл кілемге лайықтап дайындаған екен. Бұл образға дизайнердің ең сүйікті гүлдерінің бірі — қызғылт лалагүл шабыт берген көрінеді. Ал лианаға ұқсайтын жасыл таспалар мен басқа да ерекше бөлшектер фильмнің табиғи эстетикасын мінсіз бейнелеп тұр.
Ами Шарлиз есімі қазақстандық аудиторияға аса таныс болмауы мүмкін, бірақ британдық жастар үшін ол нағыз иконаға айналған тұлға. TikTok желісінде lifestyle контент түсіретін бұл инфлюенсердің миллиондаған жазылушысы бар. Оған қоса, бойжеткен өз подкастын жүргізіп, кітап жазады және әлемге әйгілі сән брендтерімен бірлесіп жұмыс істейді.
Көйлек қалай өмірге келді?
Көйлек тігу туралы өтініш брендтің ерекше стиліне тәнті болған лондондық әріптестерден келіп түсіпті. Шараның тақырыбы да Энджидің жанына өте жақын болып шықты. Ол соңғы бірнеше жыл бойы бау-бақша өсірумен әуестеніп жүргендіктен, киімге бақша мотивтерін қосу идеясы ойына бірден оралған. Жобаның ең үлкен сынағы — дизайнердің өз тәжірибесінде алғаш рет «жалаңаш көйлек» (naked dress) техникасына тәуекел етуі еді.
24 сағаттық жанталас
Идеяны ойлап тауып, эскизді бекітуге және көйлекті толық тігіп шығуға бар-жоғы 24 сағат қана уақыт жұмсалды. Тапсырыс берушілермен арадағы нақты коммуникацияның арқасында эскиз бірде-бір түзетусіз, бірден қабылданған. Арадағы уақыт айырмашылығына қарамастан, олар күндіз-түні байланыста отырыпты.


«Мен бұған дейін де қатаң дедлайнмен жиі жұмыс істеп үйренгенмін, сондықтан бұл жағдай мені аса таңғалдыра қойған жоқ. Соңғы бір жыл бойы дәл осындай тығыз кестеден кейін демалып, күш жинаған едім. Сондықтан бұл жолы физикалық тұрғыда толық дайын болдым — тіпті ұйқымды бөлудің де қажеті болмады».
Лондонға сапар
Көйлекті Қазақстаннан Ұлыбританияға санаулы сағатта жеткізуге бір кездейсоқтық себеп болды. Дизайнердің құрбысы дәл сол күні Лондонға ұшып бара жатып, сәлемдемені өзімен бірге ала кеткен. Жалпы, Энджидің тәжірибесінде мұндай қызық оқиға бірінші рет болып тұрған жоқ. Бұған дейін әнші Манижаның альбомына арналған маска да Лондонға дәл осылай бірнеше сағат ішінде ұшып жеткен болатын (қазір бұл маска әншінің Instagram желісіндегі аватарында тұр). Брендтің қоржынында Игорь Синяктың альбомына арнап тігілген корсет те бар. Ал Pinterest желісінің көмегімен Andzhi Design жұмыстары бүкіл әлемге жылдам танылып жатыр.

«Түрлі шеберлермен жасалатын халықаралық коллаборациялар кеңірек ойлауға және өз кәсібіңнің деңгейін көтеруге мүмкіндік береді. Қазір тағы да бірнеше ірі жобаны іске асырып жатырмыз».
Ойдың шындыққа айналуы және «Китнисс эффектісі»
Бұл оқиғаның ең таңғаларлық тұсы — фильм әлемімен болған керемет үндестік.

«Мен әр күз сайын The Hunger Games фильмін қайта қараймын. Кеше ғана Китнисстің айналып билеген кезде көйлегінің жанып, басқа киімге айналып кететін үзіндісін көргенмін. Сол кезде ішімнен: „Қандай керемет, мен де осы фильм үшін бірдеңе жасағым келеді!“ деп ойлағаным бар. Дәл 40 минуттан кейін маған Лондондағы жігіттер хабарласты емес пе!»
Бұл оқиғаны баяғыдан келе жатқан, сәл көнерген болса да, өте дәл айтылған сөзбен қорытындылағымыз келеді: шын ниеттенсең, ойлаған нәрсең міндетті түрде шындыққа айналады екен.
