Lifestyle|Entertainment

Көру, тыңдау және сезіну. 19–25 қазан аралығында Алматыда қайда баруға болады?

АвторыВиолетта Тельманова
19.10.2026
«Himoya: әйел табиғатының қуаты мен киелі байланыстар» көрмесі | Фотосуретші: Томирис Дәулетова
IMAGE «Himoya: әйел табиғатының қуаты мен киелі байланыстар» көрмесі | Фотосуретші: Томирис Дәулетова
Бұл аптада Алматы үлкен теннис пен жоғары өнердің қақ ортасына айналды. Бір жақта Almaty Open корттарында әлемдік спорт жұлдыздары кездессе, екінші жақта «Целинный» мен Oylau Space кеңістіктерінде нағыз эстетикалық ләззат сыйлайтын Himoya және Марк Шагал көрмелері өтіп жатыр. Ендеше, бұл жазбамыз демалысыңызды өнерге арнауға жақсы түрткі болсын. Афишада бұдан бөлек Нино Катамадзе концерті мен жаңа арт-оқиғалар бар

Almaty Open ATP 250 халықаралық теннис турнирі

  • Қашан: 2026 жылғы 17–25 қазан
  • Қайда: Almaty Arena, Нұркент ықшамауданы, 7
  • Құны: 3500 ₸ басталады

Оңтүстік астанамызда нағыз теннис мерекесі қызып тұр. 25 қазанға дейін Almaty Arena корттарында өтетін халықаралық ATP 250 турнирі Александр Бублик, Даниил Медведев, Андрей Рублев және Карен Хачанов сияқты әлемдік спорт саңлақтарының басын қосты. Жанкүйерлер үшін ең тартысты кезең басталды: 23 қазанда ширек финал, 24-і жартылай финал және жексенбі күні шешуші финалдық кездесулер өтеді. Дегенмен мұнда тек матч көру үшін ғана емес, жалпы атмосфераны сезіну үшін де барған жөн. Орталық корттағы музыкалық бағдарлама, фудкорт пен түрлі интерактивті аймақтар көрерменге тамаша көңіл-күй сыйлайды. Сондай-ақ жанкүйерлердің сүйікті теннисшілерімен кездесіп, қолтаңба алуына да арнайы уақыт бөлінген.

«Himoya: әйел табиғатының қуаты мен рухани тамырластық» көрмесі

  • Қашан: 2026 жылғы 15 қазаннан бастап 2027 жылғы 4 сәуірге дейін
  • Қайда: «Целинный» заманауи мәдениет орталығы, Алматы
  • Құны: 500 ₸ бастап

Спорттық додадан кейін заманауи өнер әлеміне бойлағыңыз келсе, «Целинный» орталығына міндетті түрде бас сұғыңыз. Мұнда Орталық Азия мен әлемнің басқа да түкпірінен жиналған 20-дан астам суретші әйелдің басын қосқан Himoya халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Жоба кураторы Наташа Гинвала сопылық, зороастрлық және шамандық дәстүрлерден нәр алған туындылар арқылы өте терең философиялық тақырыптарды қозғайды. Ол экологиялық жауапкершілік пен отаршылдық кезеңді қайта пайымдай отырып, ата-баба жадын және әйелдердің өзара ынтымақтастығын тереңінен зерттейді.

Экспозициядан осы көрме үшін арнайы дайындалған су жаңа жобалармен қатар, бұрыннан таныс туындыларды да көруге болады. Көрменің мазмұны тек картиналармен шектелмейді. Ұйымдастырушылар қызықты пікірталастар мен түрлі білім беру бағдарламаларын да дайындап қойған. Орталықтың әлеуметтік желілерінде олардың толық бағдарламасы жарияланған.

Айтпақшы, жақында ғана Tatler беттерінде осы жобаның кураторы Наташа Гинвала мен орталықтың көркемдік жетекшісі Алима Қайраттың ауқымды сұхбаты жарық көргенін еске саламыз.

«Марк Шагал. Жарықтың жаратылуы» көрмесі

  • Қашан: 16 қазаннан 1 желтоқсанға дейін
  • Қайда: Oylau Space, Гоголь көшесі, 15
  • Құны: 2500 ₸ бастап

Ал классикалық бейнелеу өнерін сағынғандар үшін Oylau Space кеңістігі тамаша сыйлық әзірледі. Мұнда жиырмасыншы ғасырдың ең ұлы суретшілерінің бірі Марк Шагалдың өз қолынан шыққан графикалық туындыларына арналған көрме ашылды. Бұл көрмеден суретшінің көне мәтіндер желісімен салған графикаларын тамашалай аласыз. Оған қоса Иерусалим синагогасының әйгілі витраждарына негіз болған 24 туындысы да осы көрмеден табылады. Егер бұл мәдени оқиға назарыңыздан тыс қалса, көрмеге міндетті түрде барып қайтуға кеңес береміз.

«Жойылып бара жатқан өнер» көрмесі

  • Қашан: 23 қазаннан 20 қарашаға дейін
  • Қайда: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер мұражайы
  • Құны: мұражай билеті бойынша

Бейнелеу өнерінен театр әлеміне кезек берсек, ARTиШОК театры Алматы тұрғындары мен қонақтарын «Жойылып бара жатқан өнер» атты ерекше көрмеге шақырады. Жиырма бес жылдың ішінде театр қорында талай бірегей афиша жинақталған екен. Енді алғаш рет сол 100-ге жуық таңдаулы плакат бір экспозиция аясында көпшілік назарына ұсынылмақ. Әрбір туынды өз дәуірі мен суретшінің өзіндік қолтаңбасын айқын көрсетеді. Көрменің атауы да кездейсоқ таңдалмаған, ол авторлық плакат өнерінің ұмытылып бара жатқанына қарсылық іспетті. ARTиШОК ұжымы цифрлық афишалар қаптаған қазіргі заманда түпнұсқа сурет пен қол еңбегінің нағыз құндылығын еске салуды мақсат тұтып отыр. Ашылу салтанаты 23 қазан күні сағат 16:00-де өтеді.

Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арналған дискінің тұсаукесер концерті

  • Қашан: 24 қазан, 18:00
  • Қайда: Art Street, Almaty Museum of Arts
  • Құны: тіркелу арқылы тегін кіруге болады

Музыкалық кештер легін Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арналған ерекше концерт жалғастырады. Бұл күні композитордың скрипка мен фортепианоға жазған шығармалары толық енген жаңа дискінің тұсаукесері ұйымдастырылмақ. Бағдарлама аясында Жұбановтың бай мұрасы Гендель, Вивальди, Крейслер және Арво Пярттың өлмес туындыларымен өте әдемі ұштасады. Сахна төрінде композитордың шөбересі, скрипкашы Жәңгір Жұбанов, пианист Ерназар Ғимарат, альтшы Әділ Кәрімов және дирижер Аршат Шәріп өнер көрсетеді. Олар Giovani Talenti камералық оркестрінің сүйемелдеуімен Жұбановтың «Тәжік билері», «Абай» операсынан ария және «Ақ көгершін» сияқты танымал шығармаларын орындайды.

Алматыдағы Нино Катамадзе концерті

  • Қашан: 24 қазан, 19:30
  • Қайда: Concordia студенттер театры, Бөгенбай батыр көшесі, 151
  • Құны: 23 000 ₸ басталады

Ал демалысты ерекше әсермен қорытындылау үшін грузин әншісі Нино Катамадзенің концертіне билет алуға асығыңыз. Қайталанбас даусымен және эмоцияға толы орындау шеберлігімен танымал әнші Алматы сахнасында көптен күткен жеке кешін өткізеді. Оның музыкасы джаз импровизациясы мен грузин халқының дәстүрлі сарындарын, сондай-ақ рок пен психоделияны шебер біріктіреді. Әнші өз мансабында Еуропа мен АҚШ-тың ең ірі сахналарында өнер көрсетіп, Ричард Бона және Бобби Макферрин сияқты әлемдік жұлдыздармен бірлесіп жұмыс істеген. Concordia театрында өтетін бұл кеш Нино Катамадзенің 2019 жылдан бері Алматыдағы алғашқы үлкен концерті болмақ.