Lifestyle|Arts

Мұра мен мағына: Алима Қайрат пен Наташа Гинвала «Целинныйдағы» Himoya көрмесі туралы сыр шертеді

АвторыВиолетта Тельманова
12.10.2026
Зилола Саидова «Қабырға сақшылары», 2013 | Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Зилола Саидова «Қабырға сақшылары», 2013 | Баспасөз қызметінің мұрағатынан
«Целинный» заманауи мәдениет орталығында 15 қазаннан 2027 жылдың 4 сәуіріне дейін орталық тарихындағы ең ауқымды халықаралық көрме – «Himoya: Әйел қуаты, киелі байланыс» өтеді. Көрмеге Орталық Азия мен әлемнің басқа аймақтарынан келген 20-дан астам суретші әйел қатысады. Олар ана болуды тек жеке тәжірибе емес, отбасылық, мәдени және ұжымдық жадыны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің жолы деп қарастырады

Ана болудың тұңғиығына толық бойлау мүмкін емес. Әр буын бұл ұғымнан өз мағынасын тауып, алдыңғылардың тәжірибесін жаңаша пайымдайды. Көптеген тілдік дәстүрлерде «himoya» сөзі қорғаныс, пана, қамқорлық және осал жанды қорғаштау дегенді білдіреді. Ендеше, біз өз отбасымызда қандай тарихты, дәстүр мен құндылықты сақтап келеміз? Отбасы ішінде қандай естеліктер ұрпаққа аманатталады? Ал аналарымыз бен әжелерімізден санамызға бейсаналы түрде не сіңіреміз? Himoya көрмесі бұл күрделі сұрақтарға жалаң сөзбен емес, түрлі мәдени призмалар мен көркемдік тәсілдер (дыбыс, мүсін, инсталляция және перформанстар) арқылы жауап іздейді. Көрме барлық сұраққа жауап бере алмаса да, терең ойға салары сөзсіз. Осы тақырыпта біз арт-ортаға кеңінен танымал үндістандық зерттеуші әрі бірнеше биенналенің кураторы Наташа Гинваламен және «Целинный» заманауи мәдениет орталығының көркемдік жетекшісі Алима Қайратпен сөйлестік.

Зилола Саидова «Қабырға сақшылары», 2011 | Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Зилола Саидова «Қабырға сақшылары», 2011 | Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Himoya неден басталды? Мұндай ауқымды көрме жасау идеясы қалай туындады?

А.Қ.: Түрткі болғандардың бірі – 2021 жылы гендер мен Қазақстандағы әйелдер үнемі бетпе-бет келетін әлеуметтік шындық туралы өткен маңызды әңгіме еді. Бізді мәдени институцияның бұл процестерге қалай үн қата алатыны қатты толғандырды. Мәдени орталық жалаң ұрандар мен құрғақ ақыл айтатын мінберге айналып кетпей, қайта теңсіздік, осалдық, жеке шекараның бұзылуы сияқты күрделі әрі өте жеке тақырыптарды ашық талқылайтын қауіпсіз кеңістік болуы тиіс еді. Сонымен қатар, белгілі бір қарым-қатынас пен мінез-құлық модельдері неліктен ұрпақтан-ұрпаққа көшіп, қайталана беретіні де мазалады. Өнер осы проблемаларды жай ғана көрсетіп қоймай, олар туралы сөйлесудің мүлдем жаңа тілін ұсына ала ма?

Осы орайда біз үшін қоғамымыздың қанына сіңген «ұят» ұғымы ерекше маңызды. Осыдан келіп біз үшін әлдеқайда күрделірек сұрақ туындады: біз мәдениет пен дәстүрмен бірге нені мұра етеміз? Осы мұраның қайсысы бізді шынымен қорғап, бір-бірімізбен байланысымызды үзбеуге көмектеседі, ал қайсысын қайта сараптап, бәлкім, келесі ұрпаққа тапсырмай қойған жөн?

Ahmed Umar «Glowing Phalanges», 2025 | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Ahmed Umar «Glowing Phalanges», 2025 | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Куратор ретінде неліктен дәл Наташа Гинваланы таңдадыңыздар?

А.Қ.: Бізге Наташаның деколониалдық әрі сызықтық емес кураторлық көзқарасы, сондай-ақ суретшілер мен жергілікті мәнмәтінге (контекстке) деген асқан жанашырлығы жақын. Ең маңыздысы, тақырып өте күрделі болса да, Наташа оны көрерменге ауырлатпай, зілсіз жеткізе білді. Керісінше, жобаның қақ ортасында үміт, әйелдің қуаты мен тұрақтылығы тұр – бұл оқшаулану немесе шеттетілу жағдайында да адамның өз дербестігін қайта тауып, ынтымақтастық пен қамқорлық арқылы жаңа байланыстар орната алатыны туралы оқиғалар. Мұнда осалдық туралы әңгіме сайып келгенде күш-қуат туралы әңгімеге ұласады.

Тағы бір маңызды жайт: Наташа үшін Орталық Азия халықаралық аудиторияға «түсіндіруді» керек ететін жат аймақ емес. Оның өзі Оңтүстік Азиядан шыққан және көне зороастризм дәстүрінде өскен, сондықтан көрмедегі көптеген тақырып оған жеке өмірінен де таныс. Бұл біздің «Целинныйда» аймақты қалай түсінетінімізбен үндес: біз үшін Орталық Азия оқшауланған арал емес, ол Оңтүстік Азиямен, Кавказбен, Таяу Шығыспен және басқа да географиялық аймақтармен тығыз байланыста өмір сүреді.

Himoya әлемге әйгілі суретшілер мен заманауи арт-сахна өкілдерінің басын қосып отыр. Оларды бұл жобаға қатысуға не итермеледі?

Н.Г.: Халықаралық куратор әрі мәдени жоба ұйымдастырушысы ретінде 15 жылдан астам жұмыс істедім; сол жылдар ішінде осы суретшілердің кейбірімен өте маңызды кездесулерім мен бірлескен жобаларым болды. Сондықтан Алматыда да, жалпы аймақ бойынша да авторлар мен ойшылдардың жас буынымен танысу маған ерекше қызық көрінді. Біз үшін Хэгю Ян, Жазгүл Мадазимова, Ана Мария Мильян сияқты жаңа туындылар жасап жатқан суретшілерді, сондай-ақ көрменің сәулетшілері – Diogo Passarinho Studio командасын – арнайы шақыру өте маңызды болды. Олар осы көрмеге арналған жұмыстарын дайындау барысында «Целинныйда» және жалпы қалада біраз уақыт өткізді. Толассыз әңгіме-дүкен кезінде белгілі бір мәдени кодтар, эстетикалық көзқарастар, отбасылық тарих пен мифологияның суретшілер шығармашылығында қалай ортақ желіге ұласатынын байқадық. Бұл біз үшін өте қызық болды.

Біз ортақ мұрамызды, мәдени бағдарымызды құрайтын нәрселердің бәрін әлі де тереңірек түсініп келеміз. Мысалы, мен бірнеше жылдан бері суретші Ахмед Умардың тамаша жұмысын бақылап келемін, ал оның Himoya-да ұсынылатын жаңа жобасы маған ерекше қызық көрінеді. Мүсіндік тұмарлар мен гобеленді, қасиетті сопылық философия мен нақты пішін алған тарихи жадыны біріктіре отырып, суретші жеке әрі киелі ұғымдардың қалайша көзге көрінетін материалдық пішінге ие болатынын зерттейді.

Көрмеде Орталықтың арнайы тапсырысымен жасалған мүлдем жаңа туындылар ұсынылмақ. Сол туралы тарқатып айтып берсеңіздер.

А.Қ.: Көрмеде әртүрлі буын өкілдері мен мүлдем басқа тәжірибесі бар суретші әйелдердің тоғысқаны маған қатты ұнайды. Мысалы, жас қазақстандық суретші Нара Бейбіт Қазақстандағы AMAF қорының қолдауымен The Tale of the Seven-Headed Mother атты ауқымды жаңа текстиль жұмысын жасап жатыр. Мұнда Нара қазақ фольклорында әдетте қорқынышты әрі жойқын болып қабылданатын Жалмауыз кемпір бейнесіне үңіліп, оны ана, қорғаушы әрі әйел қуатының символы етіп жаңаша пайымдайды.

Ana María Millán «To the Mountains», 2026 | Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Ana María Millán «To the Mountains», 2026 | Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Мен үшін халықаралық деңгейде мойындалған суретші әйелдермен қатар Қазақстанның жас таланттарына да кеңістік беру өте маңызды. Осы арқылы біз суретшілердің жаңа буынының өз мәдениетімен, мифологиясымен және жадымен қалай жұмыс істейтінін көрсете аламыз.

Өзбек суретшісі Азиза Қадыридің Iron Mother инсталляциясы оның әжесі Умиданың тарихына негізделген. Умида – Ташкент телемұнарасының құрылысын басқарған санаулы әйелдердің бірі әрі оның алғашқы директоры болған адам. Керемет карьерасына қарамастан, ол кеңестік Өзбекстандағы ерлер билігінің жүйесін өте сыни тұрғыдан сипаттап естелік жазған, бірақ олар әлі жарияланбаған. Азиза бұл отбасылық тарихты үлкен интерактивті инсталляцияға айналдырады: ол бөлшектелген телестудия мен аппараттық бөлмені еске түсіреді. Көрермен тікелей эфир режиссерінің пультіне отырып, Умиданың дауысы көпшілікке қалай және қандай шартпен жететінін өзі шешеді. Мен үшін бұл жұмыс – ұзақ уақыт бойы тек отбасының ішінде немесе ресми тарихтың көлеңкесінде қалып келген әйелдердің оқиғалары ақыры өз дауысын және көпшілік кеңістігін қалай табатыны туралы терең ой.

Колумбиялық суретші Ана Мария Мильянның жобасы да біз үшін өте маңызды болды. Ол биыл наурыз айында Алматыға арнайы келіп, «Целинныйда» жергілікті қатысушылармен role-play лабораториясын өткізді. Онда қатысушылар рөлдік ойын, хореография және motion capture технологиясы арқылы кейіпкерлерді, олардың қабілеттерін және болашақ жұмыстың сценарийін бірге ойлап шықты. Осы процестен қорғаныс, әйел автономиясы, қамқорлық және құбыжық бейнесін қайта пайымдау туралы жаңа анимациялық жұмыс туды: ол бейнеойын форматында жасалған және Қазақстан мен Колумбияны байланыстырады. Суретшінің дайын оқиға желісін әкелмей, оны осында – Алматының жергілікті тұрғындарымен бірлесіп дүниеге әкелгені маған ерекше ұнайды.

Ana María Millán «To the Mountains», 2026 | Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Ana María Millán «To the Mountains», 2026 | Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Сондай-ақ көрмеде ұйғыр текті қазақстандық суретші Гүзел Закирдің Taste of Resilience атты жаңа жұмысы бар. Оның текстильдік инсталляциясы кулинарлық жадыға, базар мәдениетіне және әйелдердің еңбегіне арналған. Жұмыс оның өз отбасының тарихынан туған. Мұнда тамақ жай ғана мәдени болмыстың бір бөлігі емес, аман қалудың және тарихи жадыны сақтаудың маңызды тәсіліне айналады.

Guzel Zakir «Cart No.1» («Taste of Resilience» сериясынан), 2026 | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Guzel Zakir «Cart No.1» («Taste of Resilience» сериясынан), 2026 | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Біз Раджни Перераның Sharjah Art Foundation қорымен бірлесіп жасаған gatekeeper жұмысын ұсынуға да өте қуаныштымыз. Және, әрине, біз үшін Хэгю Янның аспалы мүсіндеріне арналған жаңа жұмысы – Airborne Sonic Creatures Nocturnal Clappers – ерекше маңызды. Жұмыс барысында суретшінің Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне тереңірек бойлағысы келгені бізді қатты қуантты: ол Алматыға келіп, дәстүрлі музыкалық аспаптарды, қаламыздың айналасындағы археологиялық ескерткіштер мен петроглифтерді мұқият зерттеді. Олармен бірге оның The Story of a Bear-Lady in a Sand Cave атты дыбыстық жұмысы да ұсынылады. Бұл туындының қазақ, орыс және корё маль тілдеріндегі жаңа нұсқалары Алматыда арнайы жазылып жатыр – сол арқылы жұмыс Қазақстандағы корей диаспорасының, корё-сарамдардың тарихымен байланысады. Мен үшін бұл – халықаралық деңгейдегі суретшінің жергілікті ортамен шынайы диалогқа түсіп, сол диалогты өз туындысының ажырамас бөлігіне айналдырғанының әдемі мысалы.

Раджни Перера «Gatekeeper», 2025 | Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Раджни Перера «Gatekeeper», 2025 | Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Жоба барысында сіз қазақстандық суретші әйелдермен таныстыңыз. Олардың шығармашылығында сізді не қызықтырды?

Н.Г.: Алмагүл Меңлібаева бұл контексте мен үшін ерекше шабыт беретін тұлғаға айналды. Мен оның шығармашылығын баяғыдан бақылап келемін, бірақ дәл қазір онымен шынайы байланыс орнатуға алғаш рет мүмкіндік алдым. Мені оның қатаң әрі жүйелі тәсілі таңғалдырады: ол әйелдерді тарихтың, азаматтық қоғамның, технологиялық өзгерістердің және саяси тәжірибенің басты кейіпкерлері етіп көрсетеді.

Тания Петерсен сияқты халықаралық авторлар үшін де, Қазақстанның кейбір суретшілері үшін де текстиль мен киім, фотоархивтер, кәсіби қолөнер білімімен ұштасқан отбасылық естеліктер маңызды шабыт көзіне айналып отыр. Himoya тек өткенді емес, болашаққа болжам жасайтын баламалы сценарийлерді, өмірді қалай жаңаша құруға болатынын, гендерлік әділеттілікті және адамзаттың табиғатпен қалай үйлесім таба алатынын да қарастырады.

Алмагүл Меңлібаева | Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Алмагүл Меңлібаева | Баспасөз қызметінің мұрағатынан

Бұл жоба Himoya қозғайтын тақырыптарға жеке көзқарасыңызды өзгертті ме?

Н.Г.: Соңғы бірнеше жылда Орталық Азияның біте қайнасқан жанды мәдениетін, заманауи тәжірибелері мен экологиясын зерттеп, мен көп жағынан рухани күш пен шабыт алдым. Мен Батыс Үндістанда, зороастрлық отбасында өстім, сондықтан бұл байланыстарды үзуге тырысқан империялық әрекеттер мен тарихи ақтаңдақтарға қарамастан, осы аймақпен ғасырлар тереңінен келе жатқан ерекше туыстықты сезінемін. Бейнебір біз үзілген тарихи желіні және ортақ тамырластық сезімін қайта қалпына келтіріп жатқандаймыз. Бұл сезім көрмедегі көптеген суретшіге де жақын: олар өз шығармашылық жолында осы аймаққа сырттан, интуитивті түрде бет бұрған.

Thania Peterson WAAR WOLKE HUIL, 2025 | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Thania Peterson WAAR WOLKE HUIL, 2025 | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Какое значение имеет эта выставка для «Целинного» и казахстанской художественной сцены?

А.К.: Для «Целинного» Himoya – одна из выставок, которая очень точно показывает, какой институцией мы хотим быть. Мы долго строили не только физическое здание, но и разрабатывали собственный язык. И сейчас для нас важно, чтобы международность не сводилась только к приглашению в Казахстан известных художников. Нам гораздо интереснее обратное: может ли Алматы, Казахстан быть местом, в котором формулируются вопросы, важные как для нас, так и для международного художественного мира.

Бұл көрменің «Целинный» және қазақстандық арт-сахна үшін маңызы қандай?

А.Қ.: «Целинный» үшін Himoya – біздің қандай институция болғымыз келетінін өте дәл көрсететін көрмелердің бірі. Біз ұзақ уақыт бойы ғимарат салып қана қоймай, өз тілімізді де қалыптастырып келеміз. Қазір біз үшін халықаралық деңгей тек Қазақстанда белгілі суретшілерді шақырумен шектелмеуі маңызды. Бізді керісінше процесс көбірек қызықтырады: Алматы, Қазақстан тек өзіміз үшін ғана емес, бүкіл халықаралық көркемсурет әлемі үшін маңызды сұрақтар қалыптасатын орталық бола ала ма?

Читра Сасмита | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Читра Сасмита | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Халықаралық сахнада Орталық Азия ұзақ жылдар бойы ең алдымен өз контекстін – посткеңестік, постколониялық, ұлттық ерекшеліктерін – түсіндіруге мәжбүр аймақ болып көрінді. Меніңше, Himoya-ның ең басты құндылықтарының бірі мынада: мұнда орталық азиялық суретшілер бөлек «аймақтық» секцияда немесе белгілі бір географияның өкілі ретінде емес, ортақ интеллектуалдық, әлеуметтік және көркемдік кеңістікте жұмыс істейтін тең құқылы авторлар ретінде әлемнің басқа түкпірінен келген суретшілермен тікелей диалогқа түседі. Мен үшін бұл – деколониалдық қадам: Қазақстан енді жай ғана зерттеу нысаны емес, әлеммен нағыз диалог басталатын нүктеге айналып келеді.

Радина Ясуева Сәукеле, 2026 | Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Радина Ясуева Сәукеле, 2026 | Баспасөз қызметінің мұрағатынан