Лондондағы тарихи Old Marylebone Town Hall ғимаратында тек жақын туыстардың қатысуымен өткен шағын азаматтық неке қию рәсімінен кейін, жұп Сицилияда үш күнге созылған дүбірлі той жасады. Қонақтар мен инсайдерлердің айтуынша және желіде тараған сирек суреттерге қарағанда, мереке ерекше әсерлі өткен. Ал БАҚ мәліметтеріне сүйенсек, бұл іс-шараның бюджеті шамамен 1,73 миллион долларды құрады. Жұлдызды жұп қонақтарын немен таңғалдыра алды?

Тойдың ресми суреттері әзірге жарияланған жоқ, ал іс-шара барысында фото немесе видео түсіруге қатаң тыйым салынды. Сондықтан тойдың егжей-тегжейі тек шақырылған қонақтардың сөзінен ғана белгілі болып отыр. Дегенмен осы үзік сырлардың өзі мерекенің ауқымы мен атмосферасын көз алдымызға елестетуге толық мүмкіндік береді.
Көне сарайда өткен той
Италия – әлем жұлдыздары сән-салтанаты келіскен тойларын өткізу үшін ең жиі таңдайтын елдердің қатарында. Алайда Дуа Липа мен Каллум Тернердің бұл локацияға тоқталуы кездейсоқ емес. 2025 жылдың жазында ғашықтар Палермода бірнеше бақытты күнін өткізген еді. Инсайдерлердің айтуынша, қала оларға қатты ұнағаны сонша, бір-біріне мәңгілік серт беру үшін дәл осы жерді таңдайтындарына еш күмән келтірмеген.
Мерекелік іс-шаралар 5 маусым, жұма күні Палермо орталығында басталды. Алдымен Заманауи өнер галереясының (GAM) ішкі ауласында салтанатты кеш өтіп, қонақтарға арнайы жабық экскурсия мен коктейль ұсынылды. Содан кейін Palazzo Valguarnera-Gangi сарайында негізгі той орын алды. Ас мәзіріне Пьяцца Кроче деи Веспри алаңында орналасқан Osteria dei Vespri мейрамханасы жауапты болды – дәл осы жерде жұп Палермоға сапары кезінде кешкі ас ішкен болатын
Үйлену тойының негізгі бөлігі 6 маусым, сенбі күні сағат 17:00-де басталды. Ол үшін Сицилияның тарихи маңызы зор, ең таңдаулы резиденцияларының бірі – Палермоға жақын маңдағы Багерияда орналасқан зәулім Villa Valguarnera таңдалды. 18 ғасырға тиесілі бұл аристократтық зәулім сарай монументалды сәулеті, салтанатты баспалдақтары, фрескамен безендірілген залдары және Палермо шығанағына ашылатын панорамалық көрінісі үшін жиі «Кіші Версаль» деп аталады.
Бүгінде Villa Valguarnera текті Вальгуарнера-Аллиата ди Виллафранка отбасының жеке меншігінде. Оның қазіргі иесі – ханшайым Виттория Аллиата ди Виллафранка. Ол «Гарем» кітабын жазған автор әрі Дж. Р. Р. Толкин шығармаларын итальян тіліне аударған білікті маман ретінде танымал.


Көптеген жылдар бойы бұл вилла мәдениет қайраткерлерінің сүйікті демалыс орны болып келді. Мұнда Иоганн Гете мен Стендаль сияқты жазушылар, сондай-ақ Жан Ренуар, Лукино Висконти, Анна Маньяни қатарлы атақты режиссерлер мен актерлер қонақ болған. Өзіндік ерекше сәулеті мен кинематографиялық атмосферасының арқасында вилла кино мен жарнама жобалары үшін түсірілім алаңы ретінде жиі қолданылады. Мәселен, мұнда Софи Лореннің қатысуымен Dolce & Gabbana жарнама науқанының түсірілімі өткен. Дуа Липа мен Каллум Тернер дәл осындай тарихи әрі рухы асқақ ортада бір-біріне неке антын берді.
Жұлдызды қонақтар
Үш күнге созылған мерекеге 200 қонақ шақырылды. Олардың қатарында музыка, сән және шоу-бизнес әлемінің көптеген танымал өкілдері бар. Атап айтсақ, тойдан табылғандардың қатарында Элтон Джон, Донателла Версаче, Charli XCX (ол тойға күйеуі – The 1975 тобының барабаншысы Джордж Дэниелмен келді), Tame Impala тобының фронтмені Кевин Паркер жұбайы Софимен, актер Джо Элвин, әнші Оливия Дин, сондай-ақ британдық диджей әрі продюсер Марк Ронсон жұбайы, актриса Грейс Гаммер болды.


Мишлен жұлдызды аспаз
Рәсімнен кейін қонақтарды вилла залдарында сән-салтанаты келіскен банкет күтіп тұрды. Оны I Pupi мейрамханасының иесі әрі бас аспазы Тони Ло Коко дайындаған. Оның мейрамханасы Michelin жұлдызына ие және заманауи сицилиялық гастрономияның ең таңдаулы орындарының қатарында. Банкет мәзірі Сицилия дәстүрлеріне негізделіп, жергілікті асхананың танымал тағамдарын қамтыды. Қонақтарға баялды мен томат соусы қосылып пісірілген паста – анеллетти алла норма, ноқат ұнынан жасалған қытырлақ құймақ – панелле, сондай-ақ картоп котлеттері – крокке ұсынылды. Кешкі ас классикалық сицилиялық десерттер – дәмі тіл үйіретін кассата мен қытырлақ каннолимен тәмамдалды.

Schiaparelli мен Bottega Veneta үндестігі
Егер Дуа Липа Лондондағы азаматтық неке қию рәсімінде сән иконасы саналатын Бьянка Джаггердің қалыңдық образына құрмет көрсетіп, Дэниел Роузберри жасаған Schiaparelli ақшақардай костюмі мен Louboutin туфлиін киген болса...

...ал Сицилиядағы кеш үшін ол Bottega Veneta брендінің арнайы тапсырыспен тігілген киім үлгісін таңдады. Әнші қолдан тоқылған intrecciato стиліндегі ақ былғары көйлекті дәл сол үлгідегі клатчпен және Bvlgari алтын әшекейлерімен (әнші осы брендтің амбассадоры болып табылады) тамаша үйлестірді. Каллум Тернер болса Jacquemus ұсынған зығырдан тігілген құм түстес костюмде, ақ жейде мен Jacques Marie Mage қара көзілдірігінде жарқырап жүрді.
Элтон Джонның серенадасы
Рәсім барысында жұп бір-біріне серт беріп жатқан сәтте Элтон Джон өзінің әйгілі Your Song хит әнін орындап, ерекше атмосфера сыйлады. Банкеттен кейін кештің музыкалық бөлігін электронды сахна жұлдыздары – Карл Кокс, Мартин Гаррикс, Давид Гетта және Пегги Гу өз қолдарына алды. Олардың сеттері қонақтарды би алаңына жинап, мерекенің ырғағын үдете түсті.

Кітаптан өрілген қабырға және кестелі орамалдар
Тойды ұйымдастыру жауапкершілігі Алессандра Гриллоға табысталды. Ол – жұлдыздардың мерекелерін өткізуде алдына жан салмайтын тәжірибелі маман. Вилла пиондармен және сүмбілшаш гүлдерімен көмкеріліп, қонақтар ерекше сәттерін есте сақтап қалуы үшін арнайы фотобудкалар орнатылды. Сондай-ақ жиналған қауымға естелік ретінде желпуіштер мен «Бірге мәңгілік ессіздікке берілейік» деп аударуға болатын Stay mad with me forever тіркесі кестеленген қол орамалдар таратылды.
Кештің ең романтикалық детальдарының бірі – нағыз кітаптардан тұрғызылған үлкен қабырға болды. Бұл Дуа мен Каллумның танысу тарихына жасалған әдемі сілтеме еді. Жұп алғаш рет 2024 жылы ортақ достарының туған күнінде кездескен. Сол кезде олар жазушы Эрнан Диастың Trust («Сенім») романын оқып жүргендерін кездейсоқ біліп қалады. Каллум Тернердің еске алуынша, олар қатар отырып, кітаптың шамамен бір тарауына дейін оқығандарын түсінген. Сол кезде Тернер екеуінің on the same page екенін айтып қалжыңдайды – бұл ағылшын тіліндегі тұрақты тіркес әрі «кітаптың бір бетінде болуды», әрі ауыспалы мағынада «бір-бірін жарты сөзден ұғыну», «бір толқында болу» дегенді білдіреді.
Кадрдан тыс қалған жайттар
Тойда қауіпсіздік пен құпиялылық өте жоғары деңгейде сақталды. Палермо орталығындағы бірнеше көше мен алаң, соның ішінде Әулие Анна мен Кроче деи Веспри алаңдары үш күн бойы бұқара халық үшін толығымен жабылды. Бөгде көзден таса болуы үшін жас жұбайлар мен қонақтар жүріп өткен Әулие Аннаның тар мінәжат жолын қара матамен көлегейлеп қойды. Бұған қоса, мереке кезінде ешкім суретке немесе видеоға түсіре алмауы үшін қонақтардың телефон камераларына арнайы қара стикерлер жапсырылды.

Дегенмен мұндай қатаң шектеулер Палермо тұрғындарының бәріне бірдей ұнай қойған жоқ. Үйлену тойы өтіп жатқан күндері қалада «Қала жалға берілмейді» деген қарсылық жазулары бар плакаттар пайда болды. Халық орталық көшелер мен алаңдардың уақытша толықтай жабылып қалғанына наразылық білдірді.
Бұл наразылық Еуропадағы жалпы тенденцияның айқын көрінісі іспетті. Түрлі қалалардағы жергілікті тұрғындар туристер легінің кесірінен баға мен тұрғын үй жалдау құнының өсіп жатқанына, сондай-ақ қалалар мен олардың тарихи аудандары элиталық қонақтар үшін «жабық аймақтарға» айналып бара жатқанына шағымданады. Дәл осындай реакция Венециядағы Джефф Безос пен Лорен Санчестің үйлену тойында да болған еді. Ол кезде де жеке іс-шара үшін қоғамдық орындардың жабылуы мен ауқымды шектеулерге байланысты үлкен дау туындаған.
