Lifestyle|Entertainment

Дуа Липа мен Каллум Тернер Лондонда құпия түрде шаңырақ көтерді

АвторыTatler Kazakhstan
01.06.2026
Дуа Липа мен Каллум Тернер 2026 жылдың 15 наурызында Лос-Анджелестегі Марк Гуидуччи ұйымдастырған Vanity Fair кешінде | Фотограф: Axelle/Bauer-Griffin | Getty Images
IMAGE Дуа Липа мен Каллум Тернер 2026 жылдың 15 наурызында Лос-Анджелестегі Марк Гуидуччи ұйымдастырған Vanity Fair кешінде | Фотограф: Axelle/Bauer-Griffin | Getty Images
Көктемнің соңғы күні жұлдызды жұп некелерін қиып, бір тағдырға тоқайласты

Дуа Липа мен Каллум Тернер ресми түрде ерлі-зайыпты атанды. 31 мамырда өткен салтанатты рәсім Лондондағы Мэрилебон қалалық әкімдігінің тарихи ғимаратында жабық форматта ұйымдастырылды. Бұл ерекше сәтке тек ең жақын туыстары мен достары ғана куә болған.

Әнші неке қию рәсіміне Schiaparelli сән үйінің талғампаз костюмін, Louboutin туфлиі мен Bvlgari алқасын таңдапты. Дуаның бұл таңдауы Бьянки Джаггердің аты аңызға айналған үйлену тойындағы стилін еске салғандай. Ал Каллум қою көк түсті костюм мен соған сәйкес түсті галстук киіп, салтанатты көрініспен ерекшеленді.

Естеріңізге сала кетейік, Тернер сүйіктісіне 2024 жылдың желтоқсанында ұсыныс жасаған болатын. Ал жұртшылық бұл жаңалықты бір жылдан соң британдық Vogue журналына берген сұхбаттан естіді. «Бұл қадамның соншалықты жауапты екенін бұрын түсінбеппін. Бірге қартаюды шешіп, өмір бойы ең жақын дос болып қалу – сезімдердің ең биігі», – деп ағынан жарылған еді әнші сол сұхбатында.

Қарапайым ғана рәсімнен кейін жұп Сицилияда ауқымды той жасауды жоспарлап отыр. Үш күнге созылатын салтанат Багериядағы XVII ғасырда салынған Вальгуарнера вилласында өтеді. Қонақтар үшін Тиррен теңізіне көз тартар бесжұлдызды қонақүйдің тұтас қабаты жалданыпты.

Қазіргі таңда Дуа Италияда. Ол тойға арналған көйлектерін соңғы мәрте киіп көру үшін Донателла Версачемен жолықты. Дизайнер мен «Грэмми» иегерін көп жылғы достық байланыстырады. Үш күндік тойға Донателланың өзінен бөлек, Элтон Джон, Марк Ронсон, Charli XCX және Саймон Порт Жакемюс сияқты әлемдік деңгейдегі жұлдыздар шақырылған.