Бруклиннің әлеуметтік желіні дүр сілкіндірген жазбасынан кейін, 50 жастағы экс-футболшы көп күттірмей CNBC арнасындағы Squawk Box бағдарламасына шықты. Дүниежүзілік экономикалық форум қарсаңындағы бұл сұхбат негізінен әлеуметтік желінің жастарға әсері туралы болғанымен, Бекхэмнің әр сөзі ұлына бағытталған жауап сияқты қабылданды. Отбасылық жанжалдың атын атап, түсін түстемесе де, Дэвидтің пайымы көп нәрсені аңғартты. «Мен әлеуметтік желінің екі жүзі бар екенін үнемі айтып келемін. Оның пайдасы да, зияны да жетерлік. Қазіргі балалардың қолында шектен тыс ақпарат көп, бұл қауіпті-ақ. Бірақ өз басымнан өткен жағдайларға, әсіресе балаларыма қарап түйгенім - желіні дұрыс пайдалана білу керек», - деді ол.
Сондай-ақ Дэвид балаларын онлайн әлемде жауапкершілікпен әрекет етуге үйреткенін айта келе, есею жолындағы қателіктерге түсіністікпен қарау керектігін меңзеді. «Олар қателеседі. Негізі балаларға қателесуге рұқсат беру керек, өйткені олар солай тәжірибе жинайды. Мен де балаларыма осыны түсіндіруге тырысамын. Десе де, кейде олардың өз қателігінен өздері сабақ алуына мүмкіндік беру қажет», - деп, ұлының бұл әрекетін «жастықтың қателігіне» балағандай болды.
Бұған дейін 26 жастағы Бруклин Бекхэм Instagram парақшасында жиналып қалған өкпе-ренішін төгіп, әке-шешесін «өмірімді бақылауда ұстап, жарым Никола Пельтцпен арамызды бұзуға тырысты» деп айыптаған еді. Ол тіпті туыстарын БАҚ арқылы жалған ақпарат таратты деп кінәлап, отбасындағы қарым-қатынасты әлеуметтік желідегі жылтырақ суреттерге бүркенген «жасандылық» деп атаған. «Көп жыл бойы үнсіз келіп, бәрін іште сақтауға тырыстым. Бірақ ата-анам мен олардың айналасындағылар баспасөзді пайдаланып, маған қысым көрсеткендіктен, ашық айтудан басқа амалым қалмады. Мені ешкім билеп-төстеп отырған жоқ - өмірімде бірінші рет өз намысымды өзім қорғап тұрмын», - деп жазған еді Бруклин.
Қазірше Дэвид Бекхэмнің өкілдері ресми пікір білдіруден бас тартып отыр, ал Виктория Бекхэмнің командасы тарапынан әлі де ешқандай жауап болған жоқ.
