Lifestyle|Entertainment

Бруклин Бекхэм Никола Пельтц үшін ата-анасымен арақатынасын үзілді-кесілді үзді

Автор Tatler Kazakhstan
20.01.2026
Бруклин Бекхэм | Жеке мұрағатынан | Instagram
IMAGE Бруклин Бекхэм | Жеке мұрағатынан | Instagram
Дэвид пен Виктория Бекхэмнің тұңғышы Instagram парақшасында мәлімдеме жасап, ата-анасымен ешқашан татуласпайтынын жеткізді

Бекхэмдер әулетінің мұрагері Бруклин Бекхэм өз әулетімен байланысын біржола үзгенін ашық жария етті. Жұлдызды отбасының ішіне іріткі салған - жары Никола Пельтцке қатысты туындаған ішкі жанжал. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі сторис бөлімінде егжей-тегжейлі баяндап берді.

26 жастағы Бруклин мен оның ата-анасы арасындағы суық қарым-қатынас туралы қауесеттер британдық баспасөзде бірнеше ай бойы айтылып келген еді. Алайда осы уақытқа дейін ресми растау болған жоқ. Енді Бруклин барлық күмәнді сейілтіп, нүктені қоюды жөн көрген сияқты. Оның: «Мен өз отбасыммен татуласуды қаламаймын», - деген кесімді сөзі жұртты таңғалдырды.

Бруклин көп жылдар бойы шынайы жағдайды жасырып келгенін айтады. Оның сөзінше, Дэвид пен Виктория Бекхэм өмір бойы сырт көзге «мінсіз отбасының» бейнесін жасап, медиа кеңістіктегі ақпаратты қатаң бақылауда ұстаған. Әлеуметтік желідегі жасанды жазбалар, салтанатты мерекелер мен отбасы ішіндегі жасанды қарым-қатынас - Бекхэмдер тарихының ажырамас бөлігі болып келген.

Бруклин Бекхэм Никола Пельтц үшін ата-анасымен арақатынасын үзілді-кесілді үзді
Бруклин Бекхэм Никола Пельтц үшін ата-анасымен арақатынасын үзілді-кесілді үзді
Бруклин Бекхэм Никола Пельтц үшін ата-анасымен арақатынасын үзілді-кесілді үзді
Бруклин Бекхэм Никола Пельтц үшін ата-анасымен арақатынасын үзілді-кесілді үзді
Бруклин Бекхэм Никола Пельтц үшін ата-анасымен арақатынасын үзілді-кесілді үзді
Бруклин Бекхэм Никола Пельтц үшін ата-анасымен арақатынасын үзілді-кесілді үзді
6 фотоның / 1 фотосы

Бруклиннің айтуынша, оның ата-анасы, әсіресе анасы Виктория оның Николамен қарым-қатынасын бұзуға барын салған. Жеке киім брендінің иесі Виктория Бекхэм соңғы сәтте қалыңдыққа көйлек тігуден бас тартып, 2022 жылы ұлының үйлену тойын бұзуға шақ қалған көрінеді. «Никола Викторияның дизайнын киюге қатты қуанғанына қарамастан, ол бас тартты. Соның салдарынан біз шұғыл түрде басқа көйлек іздеуге мәжбүр болдық», - дейді Бруклин.

Бұдан бөлек, неке қию рәсімінің қарсаңында отбасы мүшелері Николаның тегі олардың әулетіне «тең емес» екенін, сондықтан оның ешқашан отбасы мүшесі бола алмайтынын ашық айтқан. «Сол сәттен бастап мен өз намысымды қорғай бастадым... Содан бері ата-анам тарапынан ашық та, астыртын да шабуылдарға ұшырап келемін. Тіпті олар менің бауырларымды да маған қарсы айдап салды», - деп ағынан жарылды ол.

Бруклин Бекхэмнің тағы бір ауыр естелігі - анасы Викторияның тойдағы қылығы. Жас жұбайлар қонақтар алдында билеуге тиіс болған алғашқы романтикалық биді Виктория иемденіп кеткен. Салтанатқа шақырылған әнші Марк Энтони Бруклинді ортаға шақырғанда, оның қасында жары емес, анасы пайда болған. «Ол менімен жұрттың көзінше өте ерсі биледі. Мен өмірімде мұндай қорлықты сезініп көрмеген едім», - дейді ол.

«Менің отбасым, біздің бірге болуға деген талпынысымызға қарамастан, әйеліме үнемі құрметсіздік танытып келді», - деп қосты Бруклин. Сондай-ақ, оның айтуынша, Виктория ұлы мен келінінің мазасын алу үшін Бруклинді бұрынғы сүйіктілерімен «кездейсоқ» кездестіруді жиі ұйымдастырып отырған.

Осындай келеңсіздіктерге қарамастан, жас жұбайлар ата-анасымен байланысты сақтауға тырысқан. Мәселен, олар әкесінің 50 жылдық мерейтойына Лондонға арнайы ұшып барған. Бірақ ол жақта әкесімен кездесу үшін жұбайлар қонақүйде бір апта бойы күтуге мәжбүр болыпты. Дэвид Бекхэм ұлымен оңаша кездесуден бас тартып, тек камералар мен жүздеген қонақтар бар жерде ғана жүздесуге келіскен. Ал кездесудің басты шарты - Николаның ол жерге келмеуі болған. Тіпті, Бекхэмдер әулеті Лос-Анджелеске сапарлап барғанда, сол қалада тұратын ұлы мен келініне жолығуды жөн көрмеген.

Соңғы нүкте 2025 жылғы Калифорниядағы өрттен зардап шеккен жануарлар баспанасына көмек сұрағанда қойылса керек. Николаның Викториядан сұраған жалғыз өтініші аяқсыз қалған. Осыдан кейін өткен жылдың күзінде Бруклин мен Никола Дэвид Бекхэмді сері атағымен марапаттау рәсіміне бармай, бұл туралы ешқандай пікір білдірместен үнсіз қалды.

Бруклин мен Никола Пельтц-Бекхэмнің қарым-қатынасы 2019 жылы басталып, 2022 жылы заңды некеге уласты. Содан бері БАҚ беттерінде американдық миллиардер Нельсон Пельтцтің қызы мен Бекхэмдер әулеті арасындағы салқындық туралы ақпарат толастаған емес. Бастапқыда бұл тек той көйлегіне қатысты түсініспеушілік деп есептелсе, қазір мәселенің әлдеқайда тереңде екені белгілі болды.