Әлемді аузына қаратқан Cirque du Soleil Қазақстанға ауқымды гастрольдік сапармен ат басын бұрмақ. Труппа маусым айында елорда төріндегі «Барыс Аренаны» дүр сілкіндіріп, одан кейін Алматыдағы «Алматы Арена» сахнасында сән-салтанатымен өнер көрсетеді.
ЭКСПО-2017 көрмесінен бері көрермен сағынған цирк ұжымы бұл жолы Орталық Азия жұртына ұмытылмас кеш сыйламақ. Freedom Events ұйымдастырған бұл турне аясында әр қала тұрғындары жеті бірдей қойылымды тамашалай алады.
OVO шоуы көрерменді жәндіктер әлемінің тылсым тіршілігіне жетелейді. Акробаттар батут үстінде қанат қаққан шегірткедей самғаса, өрмекшілер нәзік өрмегінде қалықтап, қоңыздар ақылға сыймайтын күрделі трюктерді паш етеді.

2009 жылы Монреальда тұсауы кесілген бұл туынды бүгінде 40 елді бағындырып, 10 миллионнан астам көрерменнің ықыласына бөленді. Ал 2024 жылы шоу мүлдем жаңа кейіпке енді: сценографиясы мен музыкасынан бастап костюмдеріне дейін құлпырып шыға келді.
OVO – португал тілінен аударғанда «жұмыртқа» дегенді білдіреді. Ал сахнадағы музыканы жеті «тарақан» бейнесіндегі музыканттар жанды дауыста орындайды.
1984 жылы іргесі қаланған Cirque du Soleil цирк өнеріне театр мен музыканың тынысын қосып, бұл салада нағыз революция жасағанын тағы бір мәрте дәлелдемек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Энрике Иглесиастың Қазақстандағы концерті қашан өтетіні белгілі болды
