Ақпан айында көпшілікке жол тартқан «Америкалық махаббат хикаясы» (American Love Story) сериалы биылғы телекеңістіктің басты жаңалығы болады деп күтілген еді. Жобаның алғашқы маусымы тоқсаныншы жылдардағы АҚШ-тың ең сырбаз жұбы – Кэролин Бессетт пен кіші Джон Ф. Кеннедидің өміріне арналды. Туынды авторлары «Америка ханзадасы» мен оның сүйіктісінің басындағы қилы тағдырды ашып көрсетуге, олардың баспасөз бен қоғам тарапынан болған тоқтаусыз қысымға қалай төтеп бергенін баяндауға уәде берді. Алғашқы бөлімдері оң бағаланғанымен, кейінірек бұл шоу ащы сын мен дау-шардың ортасында қалды. Бұған негіз де жоқ емес.

Тұсаукесер алдындағы жанжал
Сериал авторларының жолы басынан-ақ бола қоймады, әсіресе Кеннедилер әулетімен арадағы қарым-қатынас қатты шиеленісті. Мәселен, 2025 жылы кіші Джон Кеннедидің жиені Джек Шлоссберг жоба басшыларын «ағамның өлімін ақша табудың көзіне айналдырды» деп айыптап, бұл туындыны мазаққа толы жалған дүние деп атады. Джек Instagram желісінде түсірілім тобының бұл жобаны қолға алмас бұрын туыстарымен еш ақылдаспағанын да жеткізді. Жоба жетекшісі Райан Мерфи болса, подкастардың бірінде бұл сынға қатаң жауап қайтарды. Оның пайымдауынша, Джектің қарсылығы орынсыз, өйткені ол өз туысын жақсы танымайды да. Бұған шамданған Шлоссберг Мерфидің сөзін бөлісіп: «Осы айтқаныңды бетіме келіп айтшы», – деп талап қойды.

Дэрил Ханнамен болған оқиға
Алайда жанжал мұнымен тоқтаған жоқ. Сериал жарыққа шыққасын, кіші Джон Кеннедидің бұрынғы сүйіктісі, актриса Дэрил Ханна да өз наразылығын білдірді. Ол экрандағы кейіпкерінің тым мазасыз, үнемі шағымданатын және өзімшіл етіп көрсетілгеніне, тіпті оған есірткіге тәуелділік пен Жаклин Кеннедидің қазасын ит өлімімен салыстырды деген жалған әрекеттердің таңылғанына қатты кейіді. Дэрилдің айтуынша, сериалдағы осы жасанды бейненің кесірінен ол көрерменнің жеккөрінішіне ұшырап, тіпті қоқан-лоқы хаттар да ала бастаған. Бұл тұста Кеннедилер әулеті тағы да қарап қалмай, Джонның немере ағасы Дуглас Кеннеди актрисаны жақтап шықты. Ол Дэрилдің Джонға өте қамқор болғанын және экрандағы оқиғалардың шындыққа еш жанаспайтынын айтып, араша түсті.

Тарихты бұрмалау
Жұптың өмір тарихымен таныс оқырмандар да сериалға риза емес. Туынды авторлары экрандағы әсерді күшейту үшін тарихи дәлдікті құрбан етіп, кейіпкерлерді біржақты бейнелерге айналдырып жіберген. Бұл көркем шығарма болғанымен, қиял мен шындықтың арасы тым алшақтап кеткені байқалады. Мәселен, Кэролин Бессетттің бейнесі тым жуасытылып көрсетілген. Шын мәнінде ол өте қызба, мінезді әрі оғаш қылықтарымен танымал жан болған, ал сериалда оны тым нұрландырып, әсірелеп жіберген.
Тіпті Кэролиннің есірткіге тәуелділігі туралы хат келген сәттегі Джонның жауабы да өзгертілген. Шнай өмірде Кеннеди хатты мейрамханада Кэролиннің бетіне лақтырып жіберіп, түсініктеме күтпестен кетіп қалса, сериалда ол сүйіктісін үйіне шақырып, байыппен сөйлеседі. Мұндай өзгерістер кейіпкерлердің шынайы болмысын ашпай, тек жасандылыққа жетелейді.

Іші бос жылтырақ
Егер барлық дау-шарды шетке ысырып, сериалға жай ғана туынды ретінде қарасақ, бізді екіұдай сезім билейді. Алғашқы төрт бөлім ертегідей көрінеді, өйткені тоқсаныншы жылдардағы Нью-Йорк, әдемі әуендер мен стильді адамдар көз тартады. Алайда осы әдемі сыртқы қабықтың артында үлкен бостық жатыр. Көз қуантатын көріністерден басқа бұл сериалда ештеңе де жоқ болып шықты.

Мұқият жасалған декорациялардың ішіндегі кейіпкерлер сол баяғы бірқалыпты күйінде қалады, ал сценарийде ешқандай драмалық шиеленіс жоқ. Актерлер жобаны құтқаруға тырысқанымен, әлсіз материал олардың шеберлігін тасада қалдырады. Шын мәнінде Джон мен Кэролиннің қарым-қатынасы экрандағыдан әлдеқайда күрделі әрі ауыр еді. Олардың махаббаты атақ-даңқ пен папараццилердің шектен шыққан қысымына, ішкі қайшылықтарға толы болды. Осы деректердің өзі сапалы туынды жасауға жетерлік еді, бірақ нәтижесінде біз ешқандай қызығушылық тудырмайтын, солғын әрі ұзақ сонар баянды көруге мәжбүрміз.

Түйін
Кэролин Бессетт пен кіші Джон Кеннедидің махаббат хикаясы әлдеқашан экрандалуға тиіс тақырып еді. Қалай десек те, олар тоқсаныншы жылдардың соңындағы ең танымал әрі стильді жұбы болды. Алайда «Америкалық махаббат хикаясы» шынайы сезімдер мен күрделі қарым-қатынасты ашудың орнына, тек рейтинг үшін жасалған жылтырақ дүниені ұсынды. Тиімді көріністер мен әсерлі кадрларды қуалаймыз деп, авторлар ең маңызды нәрсені – тірі адамдардың сезімін, қателіктері мен ішкі арпалысын жоғалтып алған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Американдық ханзада: Пол Энтони Келли деген кім және біз ол туралы неге бұрын білмедік?
