Фарформен қапталған қағаздан жасалған ерекше орындығы – Strata of Illusion туындысы үшін Чонджин Пак 50 мың еуро көлемінде сыйақы ұтып алды. Пеште күйдіру кезінде қағаз толықтай жанып кетіп, оның орнына тек жылу мен ауырлық күшінің әсерінен майысып, пішінін оңай өзгертетін нәзік әрі иілімді орындық пішіндес құрылым қалған.
Қазылар алқасы бұл нысанның мүсіндік пішіні мен қайталанбас орындау техникасын жоғары бағалады. Орындық сырттай қарағанда кәдімгі матаға ұқсайды және фарфордың материал ретіндегі мүмкіндіктері туралы қалыптасқан түсінікті түбегейлі өзгертеді. Айта кетейік, Loewe Craft Prize сыйлығының негізін брендтің бұрынғы креатив директоры Джонатан Андерсон қалаған болатын.
Биыл аталмыш сыйлыққа әлемнің түкпір-түкпірінен 5100-ден астам суретші өтінім білдіріп, рекорд орнатты. Отыз финалистің жұмысы қойылған көрме 13 мамыр мен 14 маусым аралығында Сингапурдың Ұлттық галереясында өтеді. Келушілер сол жерден бас жүлде алған орындықты да тамашалай алады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР: 2026 Венеция биенналесі: Қазақстан әлем назарына не ұсынбақ? Куратор Сырлыбек Бекботамен сұхбат
