Lifestyle|Arts

2026 Венеция биенналесі: Қазақстан әлем назарына не ұсынбақ? Куратор Сырлыбек Бекботамен сұхбат

АвторыЛилия Шабутдинова
14.04.2026
Getty Images
IMAGE Getty Images
2026 жылдың 9 мамыры мен 22 қарашасы аралығында қазіргі заман өнеріндегі басты оқиға - 61-ші Венеция биенналесі өтеді. Қазақстан бұл шараға осымен үшінші рет қатысқалы отыр және алғаш рет кураторлық концепцияны ашық байқау арқылы анықтады

Биенналенің биылғы тақырыбы - «Минорлы тондар». Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тақырып суретшілер мен көрермендерді осы көңіл-күйден туындайтын арманшыл әрі сәл мұңды сезімге бөленуге шақырады. Жобаға шабыт берген негізгі дереккөздердің бірі - музыканың ең еркін, импровизацияға құрылған бағыты саналатын джаз өнері.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен және «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен ашылатын Ұлттық павильон биенналенің басты көрме кеңістіктерінің бірі саналатын Арсенале кіреберісінің жанындағы Museo Storico Navale ғимаратында орналасады. Биылғы Ұлттық павильон жұмысындағы басты жаңалық - көрмеге қатысатын жобаларды іріктеу тәртібінің түбегейлі өзгеруі. Егер бұған дейін Қазақстан павильонына қатысушылар негізінен кәсіби орта мен шақырылған авторлардың шағын тобынан ғана таңдалса, биыл Мәдениет министрлігі алғаш рет барлық ниет білдірушілерге арнап ашық байқау жариялады. Бұл қадам қатысушылар ауқымын айтарлықтай кеңейтіп, іріктеу процесін барынша ашық әрі әділ етуге мүмкіндік берді. Байқау қорытындысы бойынша куратор Сырлыбек Бекботаның «Қоңыр: тыныш архив» концепциясы жеңіске жетті. Бұл жоба биенналенің негізгі тақырыбын қазақ мәдениеті үшін айрықша маңызға ие «қоңыр» ұғымы арқылы ашады.

Өnergy Creative Hub кеңістігіндегі Ардақ Мұқанова инсталляциясының тұсаукесері
IMAGE Өnergy Creative Hub кеңістігіндегі Ардақ Мұқанова инсталляциясының тұсаукесері

Тікелей мағынасында «қоңыр» сөзі түсті білдіргенімен, метафоралық тұрғыда оның аясы әлдеқайда кең. Бұл - жапондықтардың «ваби-саби» немесе испандардың «дуэнде» ұғымдарымен тереңдігі жағынан тең түсетін, басқа тілге бір сөзбен дәл аударылмайтын көпқырлы эстетикалық категория. Қазақ халқының ертеректегі тарихында «қоңыр» ұғымы терең ойға батуды, философиялық пайымды білдіретін «толғаумен» тығыз байланысты болды. Мысалы, «қоңыр дауыс», «қоңыр ән» тіркестерінде бұл сөз дыбыстың сапасын - жұмсақ, жағымды, біркелкі әрі байсалды ырғақпен өрбитін үнді жеткізеді. Бұл сөз «қоңыр үн», «қоңыр күй» деген сипаттамаларға үндесіп, интонациясы, мақсаты, сазы – сүйкімді, көңілге ұнамды деген мазмұнды білдіреді.

Көрме кеңістігі бір-бірімен байланысты алты залдан тұрып, келушілерге иммерсивті сенсорлық саяхат ұсынады. Бұл саяхат павильон сыртында даланың акустикалық үнінен басталып, ішке кірген сайын түрлі дыбыстар, бейнелер мен материалдық инсталляциялар арқылы көрменің толық мағынасын аша түседі. Жобаға қатысушылар қатарында: Ардақ Мұқанова, Гүлмарал Тәтібаева, Наталья Лигай, Ақмарал Мерген, Анар Әубәкір, Әсел Қадырханова, Смайыл Баялиев, Нұрбол Нұрахмет, Мансұр Смағамбетов және Оралбек Қабөке бар.

Мансұр Смағамбетов пен Оралбек Қабөкенің бірлескен жұмысы
IMAGE Мансұр Смағамбетов пен Оралбек Қабөкенің бірлескен жұмысы

Біз куратор Сырлыбек Бекботамен Қазақстан павильонының қандай болатыны, көркемдік тіл мен бірегейлік, сондай-ақ қазақстандық суретшілердің жаһандық дискурсқа қосатын үлесі туралы тілдестік.

Сырлыбек Бекботаның жеке мұрағатынан
IMAGE Сырлыбек Бекботаның жеке мұрағатынан

2026 жылғы биеннале тақырыбы - «Минорлы тондар» туралы

Мен үшін қазіргі өнердегі минорлы тон бұл байсалды әрі ұстамды ой айту тәсілі. Мұнда айтпақ болған ойыңды эмоциямен ашық айқаймен бермей, астарлы түрде сезім арқылы жеткізу. Ол күрделі тақырыптарға нәзік түрде жақындауға мүмкіндік береді. Минорлы тон көрерменге өз бетінше сезінуге, ойланып, мағынаны өзі ашуға шақырады.

«Қоңыр: тыныш архив» павильонының концепциясы туралы

Биеннале кураторы Койо Куоның концепциясымен танысқаннан кейін, тақырыпты тереңірек зерттеуге тырыстым. Концепцияны әріптестеріммен, музыканттар, жазушылар, режиссерлер, драматургтар, әлеуметтанушылар, философтар және басқа сала мамандарымен талқыладым. Жалпымызға ортақ түйін ретінде концепцияның негізі қаланып, сол арқылы «Қоңыр: тыныш архив» тақырыбы мен идеясы пайда болды.

Койо Куо өз концепциясында ойды айғайсыз, саясатсыз, жұмсақ әрі нәзік жеткізуге шақырады. Мұндай ұстаным менің өз шығармашылық жолыммен үндеседі, сол үшін де мұндай тақырыппен жұмыс істеу маған ыңғайлы болды деп ойлаймын.

Мәдениеттанушы Зира Наурызбайдың пайымдауынша қазақ музыкасының ертеректегі қабаттарында көбіне мажорлық ладтар басым болған, тіпті өлімнің өзі өмірдің бір бөлігі ретінде қабылданатын. Ал XX ғасырда тарихи тәжірибенің өзгеруі жер аударулар, көшпенді өмір салтының бұзылуы, мәдени сезімталдықты да өзгертті. Осы кезеңде минорлық әуез күшейіп, ол енді тек музыкалық форма емес, тарихи уақиғаны жеткізудің тәсіліне айналған. Сондықтан «Қоңыр» ұғымымен байланысты бұл күй тарихи жадтың нәзік формасы ретінде жұмыс істейді - ол өткенді сөзбен емес, дыбыс, дене және ішкі күй арқылы жеткізеді.

Өnergy Creative Hub кеңістігіндегі Ардақ Мұқанова инсталляциясының тұсаукесері
IMAGE Өnergy Creative Hub кеңістігіндегі Ардақ Мұқанова инсталляциясының тұсаукесері

Тыныш сөйлеудің құндылығы туралы

Қазақта бір мақал бар, «Ақылды адам жай-жай келеді, жан-жағын байқай келеді; ақымақ адам айқайлап келеді, жан-жағын жайпай келеді». Яғни бүгін ғана тыныш сөйлеу маңызды деп ойламаймын, әрдайым сана салқындығымен сөйлеген жөн. Өйткені айқаймен назар аударту кейде айтқың келетін ойдан, сезімнен алыстатып, кейде бейсаналы қарсылық тудыруы да мүмкін. Тыныш үн керісінше, ойға терең бойлауға, сезімді қабылдауға және күрделі тақырыптарды өз бетінше түсінуге мүмкіндік береді.

Көрерменнің қабылдауы мен ішкі тәжірибесі туралы

Көрермен бұл жобадан нақты бір ойдан гөрі, ең алдымен күйді сезінгенін қалаймын. «Қоңыр: тыныш архив» көрерменге дайын жауап ұсынбайды, керісінше оны тыңдауға, ішкі тыныштыққа үңілуге шақырады. Сондықтан бұл жерде ең маңыздысы - сезіну. Біз үшін көрермен өзімен бірге сабырлы тыныштықты, бәлкім, бұрын байқалмаған ішкі дыбыстарға деген сезімталдықты алып шықса, сол жеткілікті. Бұл күй өткенмен байланыс орнатуға, оны қайта ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді. Яғни, бұл жоба ойдан бұрын - күй, эмоция және ішкі тәжірибе туралы.

Өnergy Creative Hub кеңістігіндегі Ардақ Мұқанова инсталляциясының тұсаукесері
IMAGE Өnergy Creative Hub кеңістігіндегі Ардақ Мұқанова инсталляциясының тұсаукесері
Өnergy Creative Hub кеңістігіндегі Ардақ Мұқанова инсталляциясының тұсаукесері
IMAGE Өnergy Creative Hub кеңістігіндегі Ардақ Мұқанова инсталляциясының тұсаукесері

Жобаның көрермендері туралы

Бір жағынан, ол халықаралық көрерменге арналған - Қазақстанның мәдени және тарихи тәжірибесін, дыбыс, айтыс, күй және «қоңыр» ұғымы арқылы жеткізуге және оны түсіндіріп, сезіндіру арқылы ұсынуға тырысамыз.

Екінші жағынан, бұл - ішкі диалог. Бұл жоба біздің өзімізге, өз жадымызға, тарихи тәжірибемізге қарау формасы. Көрме - денеде, дыбыста, ландшафта сақталған естеліктермен жұмыс жасай отырып, қазіргі таңдағы өз шындығымызды тану жолы. Сондықтан павильон сыртқы аудиторияға ашық бола отырып, ішкі диалогты тыңдауға шақырады.

Өnergy Creative Hub кеңістігіндегі Ардақ Мұқанова инсталляциясының тұсаукесері
IMAGE Өnergy Creative Hub кеңістігіндегі Ардақ Мұқанова инсталляциясының тұсаукесері

Қазіргі заман өнері картасындағы Қазақстанның орны туралы

Қазақстанның қазіргі заманғы өнер картасындағы орны соңғы жылдары айтарлықтай нығайып келеді. Ел халықаралық көрмелерге, әсіресе биенналелер мен институционалдық жобаларға белсенді қатысып, өзін тек аймақтық емес, жаһандық контексте де танытып жүр. Дегенмен, бұл процесс әлі де қалыптасу кезеңінде, инфрақұрылым мен тұрақты институционалдық қолдауды қажет етеді.

Қазақстандық көркемдік тіл мен бірегейлік туралы

Қазақстандық өнер транзит мәдениеттердің қиылысуы мен маршруттары арқылы қалыптасқан деп айтуға мен келіспес едім. Қазақстандық өнердің әуеліден келе жатқан өз жолы және белгілі бір формасы бар. Бұл анық, және оған дәлеліміз де жетерлік. Ал дәл бүгінгі таңда бүкіл әлемдік жаһандану үдерісі бізге де ықпал етті. Қазақстан тарихи тұрғыда да, қазіргі уақытта да әртүрлі мәдени, әлеуметтік және экономикалық ағындардың тоғысқан нүктесі болған. Осындай ортада өз ерекшелігін сақтай отырып, соңғы жылдары өнерде гибридтілік, көпқабаттылық және шекаралық күйді зерттеу арқылы көрініс табатын өнер формасы да жиі кездесіп жүр.

Өnergy Creative Hub кеңістігіндегі Ардақ Мұқанова инсталляциясының тұсаукесері
IMAGE Өnergy Creative Hub кеңістігіндегі Ардақ Мұқанова инсталляциясының тұсаукесері

Орталық Азия өнеріне қатысты стереотиптер туралы

Маған «Орталық Азия» деп бірнеше мемлекет пен ұлтты біртұтас топқа топтап қарау ұнамайды. Ия, біз бір-бірімізге өте жақынбыз, бірақ әрқайсымыздың ерекшелігіміз сан алуан. Ал қазіргі шындығымыз одан да күрделі әрі бөлек. Сондықтан бұл ұғым көбіне сырттан берілген, империялық реңк беретіндей көрінеді.

Көбіне біздің өнерімізді тек «фольклорлық», «этнографиялық» немесе «экзотикалық» деп қабылдайды. Ал өз шығармашылығымда осы секілді көзқарастарға қарсы пікір айтамын десем де болады.

Өnergy Creative Hub кеңістігіндегі Ардақ Мұқанова инсталляциясының тұсаукесері
IMAGE Өnergy Creative Hub кеңістігіндегі Ардақ Мұқанова инсталляциясының тұсаукесері

Қазақстандық суретшілердің жаһандық дискурсқа қосатын үлесі туралы

Менің ойымша елді таныстыру мен әмбебаптық арасындағы тепе-теңдік «Қазақстанды көрсетуге» тырысудан емес, өз тәжірибең мен контекстіңмен шынайы жұмыс істеуден туындайды. Суретші елді иллюстрацияламай, өз шындығының ішінен сөйлеген кезде, оның айтпағы жергілікті шеңберден шығып, басқаларға да түсінікті бола бастайды. Яғни әмбебаптық локалдылыққа қарсы емес, керісінше сол арқылы пайда болады - нақты бір тәжірибе өзгелерге де таныс, түсінікті бола бастайды.

Смайыл Баялиевтің жұмысы
IMAGE Смайыл Баялиевтің жұмысы

61-ші Венеция биенналесіндегі Қазақстан павильонының серіктесі - Sansi Jewelry холдингі. Жоба «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен жүзеге асырылды.