Lifestyle|Arts

Шымбұлақ шыңын Әділ Әубекеровтің жаңа муралы безендірді

Автор Сергей Калугин
10.11.2025
Шымбұлақ шыңын Әділ Әубекеровтің жаңа муралы безендірді

7 қарашада Шымбұлақ тау шаңғысы курортында 3200 метр биіктікте орналасқан, Алматыдағы ең биік таулы өнер нысаны – суретші Әділ Әубекеровтің муралының тұсауы кесілді. Бұл бірегей туынды көпшіліктің назарын бірден өзіне аударды

Әділ Әубекеровтің бұл туындысы Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығына арналып, көшпенділердің көзге көрінетін жәдігерлері мен рухани мұрасына терең бойлайды. Автордың айтуынша, бұл жұмысқа 4 апта уақыт кеткен. Ол осы уақыт бойы 2023 жылы өртеніп кеткен Oblaka мейрамханасының қабырғаларына мотоциклмен қатынап, оны өзінің шығармашылық алаңына айналдырған. Нәтижесінде, 36х6 метр аумақты алып жатқан алып туынды дүниеге келді.

Ешқандай нобайсыз, free-hand (еркін қол) техникасымен салынған бұл стрит-арт туындысының негізіне автор қазақтың «құрақ көрпе» қағидасын алған. Құрақ көрпе секілді, бұл мурал да әртүрлі бөлшектерден құралып, әрбір элементі белгілі бір тарихтан немесе оқиғадан сыр шертеді.

Әділдің бұл жұмысы көшпенділердің қасиетті бейнелері мен БҰҰ қағидаттарына үндес идеяларды шебер тоғыстырады. Муралдың бойынан Таңбалы тас жартасының петроглифтерін, ежелгі күн белгілерін, мифтік жануарлар мен басқа да рәміздерді байқауға болады. Олардың барлығы адам мен табиғаттың үйлесімін, дәстүрге деген құрметті және тату-тәтті тіршілік құндылықтарын паш етеді.

Тұсаукесер рәсімінің соңында суретші негізгі композицияға бейбітшілік көгершінін қосып, туындысын толықтай аяқтады.

Оқып отырыңыз: Шашқа өрілген кесте - ежелгі өнердің жаңа тынысы