Style|Fashion

Шашқа өрілген кесте: Ежелгі өнер жаңа арт-жобада қайта жаңғырды

Автор Лилия Шабутдинова
07.11.2025
Шашқа өрілген кесте: Ежелгі өнер жаңа арт-жобада қайта жаңғырды

Стилист Назым Өмірзақ пен zhaltzhult брендінің дизайнері Томирис Талғат қасиетті қазақ кестесін қайта пайымдаған бірегей жоба ұсынды. Екі өнерпаздың бұл ынтымақтастығы өрнектің өрілу процесін көрсететін әсерлі бейнебаянға негіз болды.

«Кесте» (немесе «кеште», «кашьта») сөзі көне иран тілінен аударғанда «салынған сурет» дегенді білдіреді. Ежелгі көшпенділер мата мен теріні тіл-көзден сақтайтын киелі белгілермен безендірген. Уақыт өте келе бұл суреттер жіппен кестеленіп, қазақ көркем мұрасының ажырамас бөлігіне айналған. Бұл өнер анадан қызға мирас болып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, келіншектің басты ізгі қасиеттерінің бірі саналған. Тіпті, беташар рәсімі кезінде, жас келінді күйеуінің туыстарына таныстырғанда, жігіт оның шеберлігін паш етіп, қолына ине ұстататын болған. Ал қыз бала сүйген жігітіне махаббат белгісі ретінде кестелі орамал сыйлаған.

Жаңа жобада Талғат пен Өмірзақ бұл дәстүрге қайта үңіліп, кесте өнерінің сол баяғы киелі мағынасын қайтаруды көздеген. Бірақ бұл жолы кесте өрнектері дәстүрлі матаға емес, модельдердің шаштарына өрілген. Дизайнер бұл қолөнер әдісін өз киімдерінде де қолдана отырып, әрбір бөлшегі мұқият ойластырылған біртұтас образ жасайды.

«Бұл жобаның ойы аяқ астынан туындаған екен. Идеяны менің дебюттік көрсетілімімде бірге жұмыс істеген Назым ұсынды. Бұл маған бір қыздан екінші қызға берілетін медитативті рәсім сияқты, өте әдемі көрінді», – дейді Томирис Талғат. 

Бұл Назымның алғашқы тәжірибесі емес. Ол 2023 жылы Абай өлеңдерінің үзінділерін шашқа кестелеп, көпшілікті таңғалдырған еді.

«Мен кесте тігуді бесінші сыныпта еңбек сабағында үйрендім. Сол кезде маған кестенің бұл түрін бір-ақ рет көрсеткенімен, ол менің жанымды бірден баурап алды. Кейін тереңдетіп оқымасам да, негіздері әлі есімде. Көркемөнер білімім болса да, сурет салуға ешқашан құмар болмадым. Уақыт өте келе кенепке емес, шашқа сурет салғым келді. Киіз үй, ою-өрнек, жапырақ, көл, күн – мұның бәрі бейбіт заманның символы. Мұны қазақтың «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деген тамаша сөзімен сипаттауға болады. Баршаңызға дәл осындай тыныштық тілеймін».