«Форма»
«ФОРМА» студиясы – Алматыдағы алғашқы толық циклді шеберхана. Мұнда жақында ғана Wheretoeat нұсқасы бойынша Қазақстанның ең үздік мейрамханасы атанған Auyl секілді қаланың басты гастрономиялық орындары үшін арнайы ыдыстар жасалады. Әр бұйымнан мекеменің өзіндік стилі көрініс тапқан. Бұйымдар тек қолмен, яғни құйма әдісі немесе құмырашы ұршығы арқылы жасалады.
Олардың философиясы – сұлулықты қолжетімді ету. Сүйікті шыныаяғыңызды немесе табақшаңызды қаладағы жайлы Jent дүкендерінен табуға болады. Бірақ нағыз талғампаздарға шеберхананың өзіне арнайы баруға кеңес береміз. Себебі дәл сол жерден мейрамханалық тапсырыстардан қалған және болмашы ақауы бар бірегей үлгілерді арнайы бағамен сатып алуға болады.
«ФОРМА» топтамаларының әрқайсысының айтар өз әңгімесі бар. Мысалы, суретші @lesidris-пен бірлескен Dancing Queens коллаборациясы – жайлауда желмен және күнмен үндестік тауып, бөтен көз бен сыннан тыс, еркін билеген әйелдер туралы хикаяны баяндайды. Ал Marble сериясы қиял ойынына ерік береді. Глазурьдің өрнектерінен бірде Іле Алатауының сұлбасын, бірде даладағы күн батысын, енді бірде мұхит толқынын көруге болады. Әр стақан қар ұшқыны секілді қайталанбас пішінге ие.
Esternar
Esternar студиясы өткен мен бүгіннің арасына әсем көпір салды. Олардың ең танымал топтамасы саналатын PIALA сериясының негізіне винтажды кеселер алынып, олар нәзік фужерлерге айналған. Бұл жай ғана пішіннің өзгеруі емес, бұл – қарқынды XXI ғасырда бірге шәй ішу секілді жылы дәстүрді сақтап қалу миссиясы.
Тіпті қаптаманың да сөйлейтін өз тілі бар: қанық қызыл түс кездейсоқ таңдалмаған. Түркілерде ол әрқашан күшті тұмар және қандық байланыс пен ұрпақтар сабақтастығының белгісі саналған.
Esternar-дың әр бұйымы – әр штрихы маңызды саналатын тынымсыз қол еңбегінің жемісі. Бұл фужерлерден тек сусын ішу міндетті емес, олар креманкаға, кәмпит сауытына немесе әшекейлерге арналған тұғырға айналып, заманауи өмір ырғағына оңай сіңісіп кетеді. Студия шеберлері «Esternar-да еш шектеу жоқ – тек детальдарға деген талғам бар» деген ұранды ұстанады.
Sanat
Sanat Ceramics тарихы, бәлкім, ең сырлы әрі қоғамдық маңызы зор хикая шығар. Оның негізін қалаушы – психолог, оқытушы және ең алдымен, қиялшыл жан. Студияны алдымен Қосшыда, кейін Алматыда ашқан ол жай ғана әдемі заттар жасаумен шектелмей, ауқымды мақсаттарға көз тікті.
Sanat – Қазақстандағы алғашқы инклюзивті құмыра студиясы. UNESCO грантын ұтып алған шеберхана жарты жыл бойы ерекше қажеттіліктері бар балаларды керамика өнеріне тегін үйретіп, олардың моторикасын, сенсорикасын дамытуға және достар табуына септігін тигізді.
Дегенмен шығармашылықтың өзінде де олар түп-тамырмен терең байланыс іздейді. Америкалық мұғалімнің: «Неліктен сіздер Азияның қақпасында тұрып, шабытты өз мәдениеттеріңізден емес, Еуропадан іздейсіздер?» – деген сұрағы шешуші сәт болды. Бұл оларды қазақ керамикасын, тарихын және ою-өрнегін терең зерттеуге итермеледі.
Нәтижесінде toile de jouy стиліндегі, бірақ ұлттық нақышта орындалған таңғажайып топтама дүниеге келді. Фарфордың ақ фонында бөтен пасторальдық көріністер емес, таныс бейнелер, яғни киіз үй, шексіз дала және дәстүрлі өрнектер гүлдейді. Бұл топтаманың түпкі мақсаты – балалардың жадында «анамның дала рухы аңқыған ерекше ыдысы болушы еді» деген жылы естелік қалдыру. Автор осы кеселердің еркін дала мәдениетінің жарқын белгісіне айналып, ұрпақтан ұрпаққа асыл мұра ретінде жеткенін қалайды.
Оқи отырыңыз: Қазақстандық Méssa House және Dunie Studio брендтерінің коллаборациясынан шыққан үй бұйымдары қандай?
