Үйге арналған бұйымдар мен тоқыма заттарынан тұратын бұл топтама дизайн, қолөнер және жылылыққа деген ортақ сағыныштың тоғысында дүниеге келді. Алайда бұл бірлескен жобаның тарихы оның жарыққа шығуынан әлдеқайда бұрын – Méssa House кеңістігінің алғашқы нобайлары талқыланған отбасылық кешкі ас үстінде басталған еді. Ортақ мереке ұйымдастыру идеясы сол кезден-ақ ауада қалықтап жүрген болатын. Міне, ақыры ол нақты пішінге ие болды. Жаңа топтамаға үйге арналған тоқыма бұйымдары, керамикалық ыдыстар, пижамалар, жамылғылар мен жастықтар енді.

Екі студияның да басты мақсаты – қасаң қағидалардан қашып, жаңажылдық эстетикаға авторлық көзқараспен қарау болды. Méssa негізін қалаушы әрі креативті директоры Әсем Беделованың айтуынша, қос брендтің ұжымдары «өздеріне ғана тән мерекелік өрнек, ерекше көңіл-күй мен бояулар үндестігін» жасауға тырысқан. Бұл ретте басты назар заттардың бір маусым ғана емес, ұзақ уақыт бойы қуаныш сыйлайтын, үйдің уақытқа бағынбайтын серігіне айналуына аударылды.


Топтаманың көркі Dunie Studio жасаған бірегей өрнек болды. Оның негізіне икемді әрі көп мағыналы символ – торкөз алынған. Студия дизайнерлері оны порталдарға, терезе ойықтарына немесе үстел бетіне теңейді.
«Қайталанбас өрнектер мен суреттер жасау – біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі. Олар көбіне брендіміздің қолтаңбасына айналып, студиядан шыққан әр бұйымнан көрініс табады. Биылғы мерекелік жобамызға да, былтырғы дәстүр бойынша, торкөз өрнегін арқау еттік. Бұл өрнек сан түрлі ырғақ пен бейне жасауға өте қолайлы. Торкөздер – терезе, есік немесе үстел үсті сияқты қиялға ерік беретін кеңістік іспетті. Біз осы торкөздердің арасына жаңа жылға өзімізбен бірге ала барғымыз келетін сүйікті оюларымызды кірістірдік».

Топтама біртұтас дүние ретінде жасалды: өрнек бұйымға айналып, бұйым ерекше атмосфераға ұласады. Топтамаға енген бұйымдар санаулы ғана данамен жасалғандықтан, бұл үлгілер қайта сатылымға шықпайды. Бұл – әр сәттің құндылығы мен әр бөлшектің бірегейлігін айшықтайтын маңызды шешім.


Méssa × Dunie коллаборациясы Méssa House кеңістігінде өтетін Holiday Market-тің басты оқиғасы болмақ.

Топтаманың тұсаукесері мен Holiday Market-тің ашылуы 13 желтоқсанға жоспарланған. Осы кеште қонақтар екі студияның бірнеше ай бойы ыждағатпен дайындаған ерекше атмосферасын алғашқы болып сезіне алады.
